• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Қазан, 2023

Цифрландыру жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді

273 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру cыбайлас жемқорлыққа тосқауыл бола ала ма? Әр азаматтың бойында бұл дертке қарсы иммунитетті қалай қалыптастырамыз? Жемқорлыққа қарсы тұру мәдениеті дегеніміз не? Қоғамда бұл кеселмен күресуді насихаттау қай бағытта жүргізілгені дұрыс? Осы сұрақтарға әділет органдарында іске қосылған іс-шаралар жоспары көрсеткішінде жауап берсек.

Кейінгі жылдары қай салада болсын сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқын алып, әділетті қоғам қалыптастыруға күш салынып келеді. Бұл бағытта Әділет министрлігі де қоғамдық дерттің алдын алуға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Атап айтқанда, «Жемқорлық – індет, жою – міндет» қағидатын санаға сіңіре отырып, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру бойынша ақпараттық-түсіндіру сипатын­дағы семинарлар мен дәрістер өткізуді қолға алды. Студенттер мен мектеп оқу­шылары арасында түсіндірме жұмыс­тарын өткізу, сыбайлас жемқорлық тәуе­келдеріне ішкі талдау жүргізу де назардан тыс қалған емес. Жоспар аясында әділет органдары қызметкерлері оқу орындарында 52 семинар мен дәріс өткізді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес Әділет министр­лігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында да қызметкерлер арасында заңсыздықтың алдын алуға, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы заңнаманы қол­данудың тиімділігін арттыруға бағыт­тал­ған іс-шаралар жүзеге асырылып келе­ді. Жемқорлық факторларын анықтау мақ­сатында осы жылы Сот сараптамалары ор­талығы мен Ұлттық зияткерлік меншік институтында бірқатар жоспар дайындалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Осыған орай құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары және жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымды тұлғалар тізбесін әзірлеу жұмыстары қолға алынды. Ведомстволық бағынысты ұйымдарда қылмыстың осы түріне қарсы іс-қимылға бағытталған құжаттар қабылданып, ресми интернет ресурсында жарияланды.

Сыбайлас жемқорлықтың басты себеп­те­рінің бірі – мемлекеттік қызмет түр­леріне адами фактордың араласуы және сол қызметтері үшін қомақты қаржы талап етуі. Осындай деректерді азайту мақса­тын­да Мемлекет басшысы онлайн ұсыны­латын мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мен санын арттыруға тапсырма беріп, бұл бюрократия мен жемқорлықты төмендетуге, сондай-ақ мем­лекеттік органдарды неғұрлым тиімді және ашық етуге мүмкіндік беретінін атап өткен еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру де­геніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес, оның, ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзге­рістер әкелуі қажеттігін баса айтты. Сон­дықтан барлық мемлекеттік орган мен ведомствоға қарасты мекемеге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыз­дылығын ескертті.

Қазіргі таңда Әділет министрлігі 53 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Қазір оның барлығы электронды түрде қол­жетімді. Бұл – цифрлы қызмет түрлерін қолыңыздағы смартфон арқылы жасай аласыз деген сөз. Бұл ретте бизнес-үде­рістерді реинжинирингтеу, сондай-ақ олар­ды танымал мобильді қосымшаларға көшіру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын баса айтуымыз керек. Мысалы, жыл басынан бері «egov.kz» сайтта міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу жөніндегі қызмет толық автоматтандырылды. 2023 жылдың соңына дейін «egov.kz» сайтында тіркеу, қайта тіркеу үдерісін толығымен автоматтандыру, сондай-ақ саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғалардың барлық түрінің құрылтай құжаттарына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу жос­парланып отыр. Біз бұл қызметтің бар­лығын цифр­ландыру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырамыз.

Президент тапсырмасына орай қазір­гі уақытта Әділет министрлігі «Digital Justice» – «Цифрлық әділет» жобала­ры­ның портфелін іске асырып келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жеңілдету үшін дайындалған бұл жаңа жобалар халықтың уақытын үнемдеп, қызмет түрлерін жылдам алуға және сыбайлас жем­қорлық әрекеттерін тудырмауға мүм­кіндік береді.

Халықтың мүлік ресімдеу және сенім­хаттар алу барысында көбірек жүгі­нетін қызметінің бірі – нотариус. Биыл 11 сәуір­ден бастап «egov Mobile» платфор­масында азаматтарға бейнеқоңырау ар­қылы онлайн форматта «цифрлық но­тариаттық сенімхаттарды» ресімдеуге мүмкіндік беретін қанатқақты жобаны ұсындық. Мүлікті иемденуге байла­ныс­ты сенімхаттардан өзге барлық түр­і аза­маттарға мобильді қосымшада қолже­тімді. Аталған қызметтің нәтижелері бойынша «Цифрлық сенімхаттар» банк­тер мен басқа да жеке ұйымдар қосылған «eGov Mobile» «цифрлық құжаттар» сер­висінде қолжетімділік артып, халық ара­сында сұранысқа ие болды. Оған қанатқақты жобада қысқа мерзімде 19 мың­нан аса цифрлық сенімхат ресім­де­ліп, қолданушылардың жылдам қызмет алғаны дәлел. Жобаны кеңейту мақ­сатында биыл 2 маусымнан бастап «онлайн нотариаттық кеңес» қызметі шығарылды. Бұл енді азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ нотариаттық қызметке қатысты заңды сұрақтарға жауап ала алады деген сөз. Ал нотариустар кез келген сұраққа жауап береді. Бұл – уақытты үнемдеуге және ыңғайлы уақытта сенімді ақпарат алуға көмектеседі.

Бүгінгі таңда атқарушылық құжатты алған сәттен бастап атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейінгі үдеріс атқарушылық іс жүргізу органдарының ақпараттық жү­йесінде автоматтандырылған. Осы жылы сот орындаушысының жұмысын онлайн режімде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін мобильді қосымша құру жос­парланып отыр. Осы арқылы тараптар атқарушылық іс жүргізу материал­дарымен онлайн танысуға және сот орындаушысынан хабарлама ала алады. Ведомстволық бақылауды күшейту және өндіріп алушылардың талаптарын орындау мақсатында түрлі талдау жүргізу мүмкіндігі бар жүйе әзірленбек. Бұл ұйымдастырушылық әдістер мен атқарушылық іс жүргізу сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ автокөлік құралдарына тыйым салу және оны алып тастау сервисі енгізілді. Қамтамасыз ету шарала­рын автоматты түрде алып тастай отырып, мобильді қосымшалары арқылы бере­шекті төлеу сервисін көбейту бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Бұл жүйеге «Халық», «Фридомфинанс», «Жусан» және «Береке» банктерін қосу қолға алынды. Ал сервистер қазіргі уақытта «Каспий», «Қазпоштада» жұмыс істейді. Сонымен қатар тиісті қызметтер «Қазпошта» терминалдары арқылы қолжетімді. Қазіргі уақытта борышкерді берешекті төлеу қажеттілігі туралы хабардар ете отырып, сот орындаушысының қатысуынсыз атқа­ру­шылық іс жүргізуді автоматты түрде қозғау жөніндегі қанатқақты жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаның басты артықшылығы – қағазбастылықтан арылу арқылы адами факторды жою және жеке сот орындаушы қызметіне ақы төлеу бойынша азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға көмектеседі.

Іске қосылған тағы бір жаңалық – «Е-заңкөмегі» жобасы. Аты айтып тұр­ғандай жоба заң көмегіне жүгінетіндер үшін өте тиімді. Жүйе арқылы біз адво­каттардың, заң кеңесшілерінің қыз­метін автомат­тандырамыз. Бұл жүйе «Ұлт­тық ақпа­раттық технология» АҚ бас­тамасы рет­інде әзірленіп, министрліктің балан­сына қабылданды. Қылмыстық істі жүргізудің сотқа дейінгі сатысында мемлекет кепілдік берген заң көмегінің үдерістері автоматтандырылған. Бұл үшін Бас прокуратураның «Е-қылмыстық іс» жүйе­сі мен тиісті интеграциялары бар. Адвокатты автоматты түрде таңдау арқылы тиісті қызмет алуға мүмкіндік берді. Мәселен, жүйенің алгоритміне сәйкес адвокат кезекшілер арасынан кезекпен таңдалады. Осы жылы біз мемлекет кепілдік беретін заң көмегі үшін төлемді әділ төлеуге, адвокаттардың нақты жұм­саған уақытты белгілеу бөлігінде жүйенің мобильді қосымшасын жетілдіруді жос­парлап отырмыз. Осы арқылы нақты жұмсалған уақытпен төлем жасалады. Тұ­тастай алғанда, жүйе мемлекет кепілдік беретін заң көмегінің мақсаты мен шығын­дарының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ министрлік меншік иелері бірлестіктерін цифрландыру қызметін құру және оны тіркеу шеңберінде элек­трон­дық дауыс беру бойынша қанат­қақ­ты жобаны жүзеге асырып келеді. Жаңа сервис осы жыл­дың 12 қыркүйе­гінен бастап іске қосылды. Қазіргі уақытта 200-ден аса бастамашыл топ өз өті­ніште­рін ұсынып, олардың 25-і электрон­ды түрде тіркелді. Жоба меншік иелері бірлестігі қызметінің ашықтығын арттырып, алаяқтық әрекеттердің тәуе­кел­дерін азайтуға және жиналыс хатта­маларында тұрғындардың қолдарын бұрмаламауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ үйді басқару үдерістерін автоматтандырып, қағазбастылықтан арылтады.

Мамыр айында еліміздің үш өңірі Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан облысында жеке сот орындаушыларды, нотариустарды, адвокаттарды, сот сарапшылары мен патенттік сенім білдірілген өкілдерді аттестаттаудан өткізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Ауыз­ша әңгімелесудің комиссиялық кезеңі ком­пьютерлік ситуациялық кейс­терге ауыс­тырылып, жалпы аттестаттау рәсімінің ашықтығын арттырып, адами факторды жойды. Бұл жобаның сәтті іске асқанын атап өткен жөн. Қанатқақты режімде іске қосылған сәттен бастап 700-ден аса кандидат тіркеліп, олардың 200-ге жуығы аттестациядан өтті. Осындай оң нәтижені ескере отырып, қанатқақты жобаны елі­міз­дің барлық аймағында іске қосу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның эконо­ми­калық бағдары» атты халыққа Жол­дауында елімізді ІТ мемлекетке айнал­дыру біздің маңызды стратегиялық мін­детіміз екенін атап өтті. Сондай-ақ Пре­зидент сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап көр­сетіп: «Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек» деген болатын. Бұл – бірінші кезекте барша мемлекеттік органдарға және Жаңа Қазақстанға қадам басып, әділетті қоғамда өмір сүргісі келетін әр азаматқа айтылған сөз. Яғни әрқайсымыз жемқорлықпен күресуді өзімізден бастап, бойымызда жемқорлыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Ал біз сөз етіп отырған жобалар мен баста­малар жемқорлықтың тамырына балта шауып, жоюға мүмкіндік береді. Яғни цифрландыру – жемқорлықты азайту мен онымен күресудің басты жолдарының бірі. Цифрлық жүйеге көшу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендеткенін көріп отырмыз. Сондықтан Әділет министрлігі алдағы уақытта да осы бағытта сәйкес жобаларды іске асырып, халық сұранысын қанағаттандыратын ауқымды іс-шараларды ұсынады.

 

Азамат ЕСҚАРАЕВ,

Әділет министрі