Психологтер жаңа тәуелділік –несиелік тәуелділік туралы жиі айта бастады. Технология мен сән индустриясы дамуы адамдардың талғамын да өзгертті, сіз бен біз өмір сүріп отырған кезеңді қарыз ғасырына айналдыруға бет алды. Жалақысын күн көрісінен арттыра алмағандар шағын қаржы ұйымдарының «бөліп төлеу», «айлыққа дейін қарыз» сияқты тетіктеріне жүгінеді. Осылайша, бір басында 3-4, тіпті 10 шақты несиесі бар отандастарымыз пайда болды.
Батыстың импортымен ілесіп келген жарқыраған сәнді дүниеге қол жеткізу үшін айлығыңнан жырып, қаржы үнемдеудің тіпті қажеті жоқ. ЕДБ қалаған уақытта сізге керекті соманы санап беруге дайын. «Табысының басым бөлігін азық-түлікке ғана жеткізіп отырған халық не істейді? Несиелерін қалай жабады?» деген мәселе кеше де өзекті еді.
Бүгін де трендтен түскен жоқ. Үкімет те, Ұлттық банк те жағдай шектен шыға бастағанда ойлануға көшті.
Банктердің бизнеске емес, қарапайым халыққа, сіз бен бізге деген ықыласының алабөтен екені осыған дейін талай рет жазылды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары несие ауыртпалығының көбеюіне жеңілдетілген несие де әсер еткенін айтады. Әсіресе мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспананы төмен пайызға алған азаматтар саны артып, тұтынушылық қарыз алушылар да көбейген. 90 күннен артық төлем жасалмаған жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегінің көлемі 2023 жылғы 1 наурыздан 1 мамырға дейін 504 млрд теңгеден 549 млрд теңгеге дейін, ал мерзімі өткен берешектің жалпы көлеміндегі үлесі 51 пайыздан 58 пайызға дейін өскені Ұлттық банк деректерінде айтылады.
Бизнесмендердің арасында банктерден қарыз алуға бәсеке жоқ. Бизнес түрлі жеңілдіктер арқылы мемлекеттің қолдауын сезініп отыр. Демек қазір ЕДБ үшін бәсеке тұтынушылық несие майданындағы бәсеке – бір уақытта бәріне ие болу үшін банктердің табанын тоздырып жүрген біз бен сіздің арамыздағы бәсеке. Баласын үйлендіру – той несиесінен бастап жақыныңның басын басқалардан асырып көтеру үшін алынған несие бәсекесі тұтынушылық несиенің бәсекесін қыздыруға жол ашып тұр.
Психолог Надежда Носикованың айтуынша, 150 мың теңге жалақысы бар адамның 1,5 млн теңгелік «айфонның» соңғы үлгісін несиеге алуы – несиемания дертінің басы. Несие төлеймін деп айлығының үштен бір бөлігі кертіліп қалған соң оның орнын толтырмақ болып микроқаржы ұйымдарының көмегіне жүгініп, несиенің шырмауына одан сайын шырмала береді.
Психологтің сөзінше, несиеге тәуелділер сәннің төрінде тұрған бұйымға ие болып, стихиялық қалауын қанағаттандырады. Оған қол жеткізген сәттегі көңіл күйі өмірін ашық түспен түрлендіреді, жан-жағыңызға төрт құбыласы түгел адам болып көрінгісі келеді, несие мерзімі біткенше сол 1,5 млн теңге инфляцияға жұтылып, сабан ақша болып қалатынына сенгісі келеді. «Мен несие алушылардың барлығын несиеге тәуелділер деп баға беруден аулақпын. Бірақ олардың басым көпшілігі қаржылық сауаттылығы жоқ және кіріс пен шығысты қалай есептеу керектігін білмейді», дейді психолог.
Жылдың басында отандастарымыздың банк алдындағы қарызы 7 трлн теңгеден асып кетті. Экономикалық белсенді топтың 80 пайызы ЕДБ алдында қарыз екенін жақында Ұлттық банк өкілдері ашып айтты. Тек біздің ел ғана емес, бүкіл әлем халқы қарызбен өмір сүріп жатыр.
Magram Market Research агенттігінің мәліметі бойынша біздің ел тұрғындарының ЕДБ алдындағы несиесінің 32 пайызы үй сатып алу немесе құрылыс, көлік сатып алуға – 25 пайызы, тұрмыстық техника сатып алуға – 18 пайыз жұмсайтынын айтады. Ем алу үшін дегендердің үлесі –7 пайыз, білім алуға – тек қана 1 пайыз.
Сарапшы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, мәселе несиелеудің қаншалықты өскенінде емес, оның халықтың нақты кірістерінің өсу қарқынынан қаншалықты асып түсетінінде. Халықаралық тәжірибеде, Түркия, Мажарстан, Әзербайжанда несие алған адам мүлде жұмысқа жарамсыз болып қалса, мойнындағы несиесінің 40 пайызын жұмыс беруші өтейді, 60 пайызын сақтандыру компаниясы төлейді, несие алған адам бақилық болса, оның қарызы сақтандыру қорлары арқылы толық кешіріледі. Біз мұндай жүйеге жете алмай отырмыз.
«Егер несие беру нақты кірістермен салыстырылатын қарқынмен өссе, алаңдауға себеп жоқ. Ал несиелеудің өсу қарқыны табыстан асып түсетін болса несие тұзағына түсіп жатқанын білдіреді. Біз төлеу мерзімі өтіп кеткен проблемалы несие деңгейін несиеге кешірім беру арқылы төмендеткені проблеманың қызуын басқанмен түйінді тарқатқан жоқ. Қазір тек қана ипотекалық емес, тұтынушылық несиені де кешіктіріп төлейтіндер көбейіп кетті. Осы уақытқа дейін олар ең тәртіпті несие алушылардың санатында болып келген еді. Енді банк секторы олардан да айырылып қалды», дейді Е.Ибрагим.
Оның пайымынша, ЕДБ үшін халыққа берген несие – тәуекелі төмен несие. Себебі Ұлттық банк әр банктегі қайтарылмай қалуы мүмкін кредиттер мен өзге де проблемалар туралы білгенімен, жеме-жемге келгенде ешқандай шара қолданбайды. Себебі ҰБ да, ЕДБ-да жағдай қиындап кетсе, мемлекеттің демеу қаржысы арқылы мәселенің шешілетіндігіне сеніп алған.
«Тек өткен жылы ғана банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жетіп, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында триллион теңгеден асты. Мұндай артық кірістілік банктердің тиімді жұмысының нәтижесі емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін пайдаланатын жоғары базалық мөлшерлеменің салдары екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев да айтты», дейді Е.Ибрагим.
Сарапшының сөзінше, «ЕДБ мемлекет ішіндегі мемлекет» деген пікірдің жаны бар. Мысалы, Ұлттық банк «ақшаның бағасы инфляциядан төмен болуы мүмкін емес, яғни бірде-бір банк оның пайыздық кірістерін инфляция «жейтінін» біле отырып несие бермейді. Тиісті алғышарттарсыз, яғни инфляцияның төмендеуі мен шоғырлануынсыз несие мөлшерлемесін төмендету мүмкін емес», деген пікір де жиі айтылады. Қазір инфляцияның қызуын сезбей отырған мемлекет жер бетінде кемде-кем. Дамыған елдердегі қаржы жүйесі пайыздық несие арқылы халқын тонауға жол бермейді. Қазіргі уақытта түрік банктері шетелдіктерге доллармен немесе еуромен жылына 5,5-9 пайызбен, ал лирамен шамамен 14 пайызбен ипотека береді, бұл кейбір ТМД елдерінің нарығымен салыстырғанда біршама тиімді. Ал ішкі нарықтағы несие пайызы – 6-13 пайыздың арасы. Инфляция деңгейі жыл аяғына дейін 59 пайызға дейін жетеді деген болжам бар. Біздің өлшеммен салыстырғанда ол елдегі несие пайызы 61-23 пайыз болуы керек еді. Бірақ мемлекет оған жол бермейді. Инфляция мен несие пайызы арасындағы айырмашылыққа экономикалық өсімі дем беріп отыр.
«Экономикада шетелдіктердің үлесі басым. Ұлттық инвесторлар қалыптаса алмай жатыр. Шетелдік инвесторлар біздің ЕДБ-ға тәуелді емес. Олардың өз елдерінде жеңіл шарттармен несие беретін қаржы көздері жетеді», дейді Е.Ибрагим.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға кірісетінімізді, бізге мүлдем жаңа экономикалық саясат қажет екенін жиі айтады. Сарапшының айтуынша экономикалық саясатты да, саяси жүйені жаңғыртуды да банктерді олигархиялық топтардың қысымынан тазартудан бастау керек. Өткен жылды – 1,5 трлн, биылғы жартыжылдықты 0,5 трлн теңге таза табыспен аяқтаған майшелпек нүктелерден айырылып қалу, олар үшін «мал ашуы – жан ашуымен» бірдей.
2019 жылы Ұлттық банк банктердің маржасының төмендейтінін ресми түрде хабарлағанда, сарапшылар енді несие пайызы да төмендейді деп үміттеніп қалған болатын. Бірақ ҰБ маржасынан банктердің табыстылығы кеміп қалмайтынын тәуелсіз сарапшылар жиі айтады. Осыдан 10 жыл бұрын, 2013 жылдары банктің маржасы 3,8 болатын. Қазір ол шамамен – 4,2 пайыз деңгейінде.
Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, үш жыл ішінде бөлшек несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме 19,8 пайыздан 20,4 пайызға дейін дейін өсті. Дағдарысқа дейінгі 2007 жылы мұндай қарыздардың құны 18,4 пайыздан аспайтын. 2015 жылдардан бері банктердің таза табысы тек триллиондармен есептелетінін көріп жүрміз. Демек банктердің жыл сайынғы табысының триллиондармен еселенетініне ішкі нарықтағы ұлттық бизнес пен ЕДБ-ның несиесіне байланып жүрген экономикалық белсенді топтың 80 пайызының төлеп отырған несиелік үстемесі де жетіп жатыр.
«Қаржылық саясатымыздың басы-қасында тұрған тұлғалардың кім екенін білмеймін. Бірақ ЕДБ мен несие алушы арасындағы келісімшарттардың 100 пайызы бірінші тараптың мүддесі тұрғысынан дайындалған. Екінші тарап мүддесінің қорғалуына мүмкіндік беретін тетіктердің бәрі бітеліп қалған. Егер екінші тарап, ЕДБ шартымен келіспей, сотқа жүгінсе де жеңіліп қалатынын біледі», дейді Е.Ибрагим.
Сарапшы айтып өткендей, халықтың несиелік жүктемесін азайту – ҰБ үшін ең өтімді тақырыптардың бірі. Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов тұтынушылық несиенің шекті мөлшерлемесін ақырындап төмендету қажеттігін, 56 пайыздың өте жоғары мөлшерлеме екенін айтыпты. Тұтынушылық несие – біздің өміріміздің бір бөлігіне айналып кеткенін еске салған Төраға бізден өзге дамыған елдерде оның пайыздық мөлшерлемесінің 56 пайызға дейін шарықтап кетпейтінін ескермепті. Мәселені ҰБ төрағасының сөзімен нақтыласақ, жинақтау әдетін дамыта білуіміз керек. «Қазіргі қоғам тұтынуға құмар, егер жаңа бір нәрсе шықса, оны сатып алуға асығады. Мәселен, 1,5 миллион теңгеге iPhone немесе басқа нәрсе алып жатады. Меніңше, бұл – мүлдем дұрыс емес».
ҰБ қабырғасында негізгі мөлшерлемені төмендетуді көздейтін жұмыстар жүріп жатыр. Макропруденциалдық буферлер арттыру жылдық 25%-дан асатын барлық несиелерге және ең жоғары қарыз жүктемесі 50%-дан жоғары қарыз алушыларға арналған несиелерге әсер ететіні белгілі. Осылайша, қаржы институттары үшін жоғары пайыздық мөлшерлемемен тәуекелі жоғары несиелер беру тиімсіз болады. Сарапшылар банктер мен микроқаржы ұйымдары арасындағы жоғары бәсекелестікті несиелеу мөлшерлемелерінің бақылаусыз өсуіне жол бермейтін шығар деп үміттенеді.
Өткен жылы банктер несиелік өтінімдерді қарау мерзімін қысқартып, қажетті құжаттар пакетін жеңілдетіп, әлеуетті қарыз алушылардың жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптар да икемді болды. Іс жүзінде нарық қатысушылары 2014 жылғы дағдарыс кезінде енгізілген шектеулерді жойды.
ҰБ төрағасы Т.Сүлейменов айтып өткендей, тұтынушылық несие беруді реттеу керектігі, әлеуметтік жағдайды қиындатпау үшін, халықты қарызға жөн-жосықсыз байлап тастау деген нәрсе болмауы керектігін бәріміз білеміз. Кейбір тәуелсіз сарапшылар ЕДБ-ны олигархиялық қысымнан ажырату үшін жұмыстарың жүргізіліп жатқанын айтады. Қазір Үкіметтің назары бір кезде экономика түзеуші банктер деп үкіленген банктердің артында құрылтайшыларға бағытталып тұрған көрінеді.
«Екі тарап та қаржылық саясатқа өзгерістер керектігін біліп отыр. Халықтың несиеге деген сұранысын ешкім шектей алмайды. Алдағы бірер жылда ЕДБ-ның тұтынушылық несие пайызының қандай болатынын Үкімет пен Ұлттық банктің халықаралық қаржы институттарымен жүргізген келісімдеріне байланысты болмақ», дейді Е.Ибрагим.
АЛМАТЫ