• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Байқау 22 Қазан, 2023

Қазақ әндерін шырқаған әлем әншілері

214 рет
көрсетілді

Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Voice of Turan – 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалі өтті.

Биыл төртінші рет ұйым­дастырылып отырған ән байқауына Түркия, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Татарстан, Баш­құртстан, Әзербайжан, Польша, Беларусь, Молдова, Гру­зия, Бурятия, Куба, Бол­гария, Португалия, Ис­па­ния елдерінен 18-35 жас ара­лығындағы эстрадалық жанр­дағы орындаушылар, халықаралық ән байқау­ларында жетістікке жеткен әншілер қатысты. Фес­тивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Дархан Саты­балды соңғы бес жылда тарихи шаһар дамудың жаңа белесіне көтерілгенін атап өтті. «Өткен аптада Түркі елдері ұйымының шешімімен Түр­кістан қаласы түркі әле­мінің 2024 жылғы туристік астанасы болып танылды. Бұл – біз үшін Түркістанның тарихын, руханиятын одан әрі танытуға, туристер арқылы әлемге насихаттауға тамаша мүмкіндік. Туризммен бірге мәдениет саласы дамуға тиіс. «Voice of Turan – 2023» ха­лықаралық қазақ әндері фестивалін дәстүрлі түрде өткізуге күш саламыз. Жыл сайын аясы кеңейе береді деген сенімдемін», деді Дархан Сатыбалды.

Байқау шартына сәйкес жеребеден соң бірінші күні Еуропа мен Азия әншілері қазақ өнерінің шеберлерімен бірге дуэт орындады. Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, сынға түсті. Сондай-ақ фестиваль барысында продюсер Ме­йір­жан Әлиакбаровтың ұйым­­дастыруымен түркіс­тандық «Таңба» фольклор­лы тобының тұсауы кесілді. Жеңімпаздарды Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лауреа­ты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұ­хамеджанов бастаған, құрамында есімі елге мәлім шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар қазылар алқасы анықтады. Байқау қорытындысында барлық қатысушыға арнайы сый­лықтар мен гүл шоқтары табысталды. Қазылар алқа­сының шешімімен Лаэлия Алиева (Әзербайжан) биыл төртінші рет ұйымдас­ты­ры­лып отырған жобаның бас жүлде иегері атанды. Жүл­делі І орын Татьяна Ефре­моваға (Та­тар­стан), ІІ орын Маргарита Ши­бае­ваға (Беларусь), ІІІ орын Анри Гучмаидже (Гру­зия) мен Лоуйс Мелге (Испа­ния) бұйыр­ды. Ал Атие Чи­га (Түр­кия) «Ең үздік өң­дел­ген ән» ата­лымымен, Грей­­дэр Варона (Куба) «Кө­рер­мен­дер көзайымы» аталымы­мен марапатталды. Крис­тиян Ян­кулов (Болгария), Зай­нетдин (Башқұртстан), Со­лонарь Валерий (Молдова) байқаудың арнайы дипломанты атанды.

Осылайша, отандық автор­лардың үздік шығар­малары, қазақ тілі наси­хатталып, ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мә­дение­тінің сан алуандылығы паш етілді. Сондай-ақ түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістан насихатталды.

 

ТҮРКІСТАН