«Көркемсөз – жанның сәулесі» деген екен ұлы суреткер. Бұл оның терең танымы, берік ұстанымы болатын. Ұзақ ғұмырында жазушының қаламынан туындап, қалың оқырманының сүйіспеншілігіне бөленген шығармалары ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға өтіп, сән-салтанаты мол салқар көшін болашаққа қарай апара жатыр.
Ғ.Мүсіреповтің музей-үйінде сөз зергерінің өмірі мен шығармашылығының айшықты кезеңдерін, айтулы еңбектерін, ұлт әдебиетіне қосқан зор үлесін, тағылымы мен өнегесін қамтитын «Ғабит Мүсірепов кім?» атты жаңа кітаптың таныстырылымы болды. Кітап авторы – ақын, ғалым, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков. Туынды «Мазмұндама» баспасынан 2000 дана болып шықты.
Кітап таныстырылымында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, ғалым Бауыржан Жақып, «Мазмұндама» баспасының бас директоры Шыңғыс Мұқан, жазушының қызы Гүлнәр Мүсірепова, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіман, Абай атындағы ҚазҰПУ филология институтының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ерлан Қасен, Алматы музейінің жетекшісі Бақберген Тайшеев, Қонаев музейінің жетекшісі Елена Құбашева, Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназияның мұғалімі Ботагөз Досқазиева, музей кешенінің жетекшісі Анар Көшербаева ой-пікірлерімен бөлісті. Кеш қонақтарына және Ғ.Мүсірепов атындағы мектеп-гимназияның озат оқушыларына «Ғабит Мүсірепов кім?» кітабы сыйға тартылды.
Назгүл АЛТАЕВА,
Алматыдағы С.Мұқанов пен
Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық
музей кешенінің бөлім меңгерушісі