Елбасы шешімі елдің көңілінен шықты
КӨП ПІКІРІМЕН ОРАЙЛАС
Бұл өзі қызық болды ғой. Ең алдымен, ол – ел сайлаған Парламенттің беделді мүшелері ойда жоқ жерде “Ұлттың көшбасшысы” (“Ұлт лидері”) деген атақ берейік деп Парламенттің 81 мүшесін көндіріп, бірауыздан қаулы шығарып, Президентке бекітуге жібергені. Сондай-ақ, абырой болғанда, Президентіміз оны бекітпей, кері қайтарғаны.
Ойлап көрейікші, “Көшбасшы”, “лидер” деген атақ қашанда қаулымен, шешіммен, бұйрықпен берілмейді. Оны ел, халық өзі береді, атайды. Нұрсұлтан Әбішұлы онсыз да Қазақстан халқы алдында, бүкіл әлем алдында Вашингтон, де Голль, Ататүрік, Дэн Сяопин, тағы басқа қайраткерлер сияқты аты шыққан лидер. Әрбір халық осындай әлем алдында бедел алып, көтерілген басшыларын мақтан етеді, қорғайды, аман-саулығын, табыстан табысқа бастай беруін тілейді. Халық пікірі бәрінен де жоғары.
Парламент шешімі ел тілегіне ешнәрсе қоса да алмайды. Сондықтан Парламенттің бұл ұсынысы қабылданбай, кері қайтарылғанын ел болып құттықтаймыз. “Ұлық болсаң, кішік бол” деген, міне, осы. Бұл үлкен адамгершіліктің, демократиялықтың, қарапайымдылықтың, яғни кісілікке жарасатын кішіліктің айқын көрінісі. Осы айтылған пікірі арқылы Президентіміз әлем алдында өзінің мәртебесі өте биік тұрғанын көрсете білді.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРГЕ БЕРІКТІК
Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары еліміздің Тұңғыш Президенті, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды бірауыздан қабылдап, Мемлекет басшысына қол қоюға жібергенінен жақсы хабардармыз. Аталған заңдардағы мәселелерді қазақстандықтар да қолдады. Мұны қазақстандықтардың Тұңғыш Президентке деген шынайы ықыласы мен қалтқысыз сенімінің көрінісі деп бағалаған жөн. Өйткені, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев салиқалы саясаты мен реформаларды табысты жүргізуінің нәтижесінде Қазақстанды жиырма жылға жуық уақыт ішінде әлем жұртшылығына танымал етті, көршілес елдермен арадағы мемлекеттік шекарамызды белгіледі. Сарыарқа төсінде келбеті келіскен, көркі таң-тамаша қалдыратын елорда – Астана қаласы салынды.
Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарына, Парламент депутаттарына, “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросына арнауында Ел Басы мәртебесін тек заңдармен немесе құқықтық актілермен белгілеуге болмайтындығын, сондай-ақ Мемлекет басшысына қосымша өкілеттіктер беру әлемдік тәжірибеде аз емес екендігін атап өтті.
Жалпы, Елбасы мен Ел Басының арасында айырма бар. Парламент бірауыздан шешіп беріп тұрғанда Ел Басы атанудан Президенттің өзі бас тартып, кісілікке лайықты кішіліктің үлгісін көрсетті.
Қазақстан тәуелсіздіктің бастапқы кезінде-ақ дұрыс саясат ұстанып, нарықтық экономиканың қазақстандық үлгісін қалыптастырды. Көп ұлттың басын ынтымаққа біріктіре отырып, тұрақтылыққа қол жеткізді. Ол еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік жағынан дамуын қамтамасыз етті. Күйреген әкімшілік жүйені түбірімен өзгертіп, өтпелі кезеңнің ауыртпалығынан аман алып шықты. Байтақ елімізде этносаралық және конфессияаралық келісім нық орнықты. Енді, міне, Президенттің тікелей басшылығымен Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және еліміздің инновациялық-технологиялық даму бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынып жатыр.
Ғалым ретінде, оқытушы ретінде айтайын, Президенттің тапсырмасымен білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Ғалым-оқытушыларға, студент жастарға қолдау-көмектер аз жасалып жатқан жоқ. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жылдарының өзінде оқытушылар мен студенттердің жалақылары, шәкіртақылары көбейтілді. Осының барлығы болашақты көздегеннің арқасы.
Мемлекет басшысы арнауында: “Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сонда сіздердің нақты қолдауларыңызды, ынта-жігерлеріңізді, қажыр-қайраттарыңызды әрдайым айқын сезіндім”, – деп атап өткен. Расында да, қазақстандықтар Елбасының жүргізген саясатын, елімізде жүзеге асырылған экономикалық реформаларды қолдап, Президенттің жанынан табыла білді. Осындай ауызбірлік пен ынтымақ Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге танымал етті. Соның нақты дәлелін 2010 жылы еліміздің беделді халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінен көруге болады.
Президент Парламент қабылдаған заңдарға қол қоюдан бас тарту жөніндегі ұстанымын депутаттардан дұрыс түсінулерін өтініп отыр. Бұл мәселені жұртшылық та дұрыс қабылдайды деген ойдамын. Егер өткенге зер салар болсақ, Президент төл валютамыз – теңгеге өзінің бейнесін таңбалаудан, жоғары атақтар беру туралы ұсыныстардан да бас тартқан болатын. Міне, бұл Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың демократиялық дәстүрлерге беріктігін де айғақтай түседі.
Құныпия АЛПЫСБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
ӘУ БАСТАН ОСЫЛАЙ БОЛАРЫН СЕЗІП ЕДІМ
“Ұлық болсаң, кішік бол”. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның азаматтарына, Парламентке, “Нұр Отан” партиясы Саяси бюросына арнауын оқығанда қасиетті халқымыздың осынау қарапайым мақалы ойыма оралды. “Әу бастан осылай боларын біліп едім”, дей беріппін. Президентіміз қарапайымдылығы арқасында бұрынғысынан да биіктеп бара жатты.
Қос палаталы Парламенттің Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қабылдауын, осы жөнінде жетекші партиямыздың ұсыныс жасауын, мыңдаған отандастарымыздың оны қолдап өтініш түсіруін түсінуге болады. Ұлықты ұлықтаған халықпыз. Бұл – ғасырларға жалғасып келе жатқан тәлімді тәрбие. Нұрсұлтан Әбішұлы – баршамыздың жүрегімізден айрықша орын алған жарқын тұлға. Ол – қайым замандардан арман болған Тәуелсіздігіміздің Ту ұстаушысы, демократиялық ұстанымдары берік, мүлдем жаңа тұрпатты мемлекет құрған аймаңдай азамат. Қазақстан – ғажайып өзгерістер құшағындағы, келешегі кемел, болашағы байыпты мемлекет. Бейбітшіліктің ұясы мен достықтың ордасы да бізде. Күні кеше қайран да қайран дауысымыз іргедегі Мәскеуге жетпей жатса, қазір біздегі жаңалық пен жақсылықты, үдемелі, серпінді сілкіністерді ілкім дүние іліп алып, құлагер шабысымызға қайран қалуда. Өзге де шен-шекпенімізді айтпағанның өзінде, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету, басқаны айтпағанда, посткеңестік елдер ішінен біздің маңдайымызға жазылып отыр. Елбасының баға жетпес еңбектеріне замана тарихы өз бағасын беріп үлгерді. Бұл – “абыройды ақтай білу керек” деген қағиданы өзіне қаратып айтатын азаматтардың, Нұрекеңнің алғы шептегі серіктестерінің, көпэтносты бауырмал халқымыздың ортақ жауапкершілігінің арқасы.
Кең мағынадағы жауапкершілік жетекшінің абыройы мен үлгі-өрнектерінен бастау алатыны белгілі. Мен және менің замандастарым Елбасының батыл бастамаларынан, терең ақыл-пайымынан жігер-қуат алып жоталанады. Ол кісінің бойындағы намыс оты қамшылайды бәрімізді. Біздің Кеңөткелде әйгілі Балқадиша өмірге келіп, ауылымыздың шырай-шапағатын төккен. Мұнда ақиық ақын Ақан сері мәңгі шырқалар “Балқадишасын” әуелеткен. Жыланды мен Қошқарбайдың баурайы әнге сұранып әлі тұр. Аядай ауылдан Жанайдар Мусин, Мәди Хасенов сынды жазушылар шығып, жүрекпен жазған шығармаларын жастыққа басып жүрміз. Елбасы “Ауыл жылдарын” жариялағанда мемлекет тарапынан қаржы құйылымын ғана емес, түп қазығымызда отырғандарымыздың намысын оятар ой тастағанын ұқтық.
Қиын-қыстау кезеңде әуелі шаруа қожалығын құрып, амалдадық. Көше-көше қожалыққа айнала бастады. Ең ірісі біз едік. 460 гектарға дән себетінбіз. Теледидарға құлақ түріп, баспасөзді көп оқитын болдық. Қазір 80 үй бірігіп, 1200 гектар дәнді алқабымызды ортаға салып, “Шағала” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып отырмыз. Егіншілік мәдениетін көтеру мақсатында 300 гектар парлы алқапты төрт ізбен өңдеп, ылғал жинау технологиясын қамтамасыз еттік. Тұқымды да молынан қорландырып, оны дер кезінде сеуіп, былтырғы жылдан асыра өнім алудың қам-қарекетіндеміз. Сырттан қол созған инвестор-фирмалардан саналы түрде бас тарттық. Олардың қуатты техникалары бар. Жұмысты жапырып істегенімен, жан-жағымыздағы ауылдардың екі-үш адамы ғана жұмысқа қабылданғанын білеміз. Біздің мақсат – әр үйден кемінде бір кісіні еңбекке тарту, яғни ауылымыздың іргесін шайқалтпау. Жалақымыз әуелеп тұрмағанымен, мектептің ыстық тамағы, әлеуметтік нысандардың керек-жарағы, зейнеткерлеріміздің өтініш-тілегі біздің мойнымызда. Жеңіс мейрамы қарсаңында майдангерлер ескерткіші қайта жөнделіп, ауыл клубы жұмыс істей бастады.
Шаршап келгенде “Егемен Қазақстанды” оқимын. “Отанымыздың бас газеті” деп Елбасының өзі бағалағанындай, оның әр парағынан қуат аламын. Осыдан бір жұма бұрын ғана Нұрсұлтан Әбішұлы ауданымыздағы көктемгі егіс науқанының барысымен танысып, егіншілермен емен-жарқын әңгімелесті. Баяғы ашықтығынан, қарапайымдылығынан, жанына жақын тарта білетіндігінен, талапшылдығынан таймаған. “Осыларың дұрыс” деген баға алып, төбеміз көкке жетті.
Президентіміздің ауыл шаруашылығын әртараптандыру туралы нұсқауы ұжымға қозғау салды. Төрт жыл дайындық жасап, 100 бас сауын малға арналған қора салдық. Өзімізге тиесілі шабындықты тәртіпке келтірдік. Енді несие көзі ашылса (кепілдік жарнаны айтамын), асыл тұқымды құнажындар сатып алмақпыз. Сонда ауылдың жыл бойы жұмыстан қолы босамайтын болады
Елбасы аталған арнауында: “Бойдағы қуат, білік пен тәжірибе мүмкіндік берсе, мен халқым жүктеген қастерлі міндетті орындау мақсатында әлі де қажымай қызмет ете беремін”, депті. Бұл – бақытты жанның, қадірі асқан азаматтың ақжарылқап сөзі. Бәріміз толқимыз. Біз әрқашан Сізбен біргеміз, қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Дулат ТІЛЕУОВ, “Шағала” ЖШС директоры.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы.
ЕЛІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ
Еліміздегі жаңалықтарға құлақ түріп, бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін барынша пайдаланатындардың бірімін. Еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстан” газетінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына” арнауын оқып шықтым. Бұған дейін де Мемлекет басшысының көрегендігі мен парасаттылығына сан мәрте куә болып, оны өз жүрегімнен өткізгенмін. Бұл жолғы арнауы ерекше әсер етті. Онда өзіне заңды тұрғыда Ел Басы деп ресми мәртебе белгілеген депутаттарға алғысын білдіріп, бұл ұстанымына түсіністікпен қарауды өтінді және шешімінің себебіне жан-жақты тоқталды.
Қазақстан жан-жақты дамыған, өркениетті мемлекеттермен иық теңестіруге бағыт алды. Бүгінде қазақ деген халықты дүние жүзі мойындаса, Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерекше екенін қайталаудың қажеті жоқ. Жүзден аса этносты ортақ шаңырақ астында біріктіріп, айрандай ұйыту екінің бірінің қолынан келмейді. Әрдайым тіл-көзден сақтасын деймін.
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Стратегиялық даму бағдарламасы осы бағыттағы мүмкіндіктің молдығымен ерекшеленеді. Біз көрмесек те келешек ұрпақ Отанымыздың бұдан да қарышты дамып, Жолдауларда көрсетілген көшбасшылыққа қазақстандық жол, индустриялық-инновациялық жобалардың толыққанды жүзеге асу жолындағы жұмыстардың тиянағына куә болып, оның игілігін пайдаланатынына күмәнім жоқ.
Мемлекет басшысы өзі айтқандай, Ел Басы мәртебесі заңмен, декретпен белгіленбейді. Бұл ұғым әр қазақстандықтың жүрегінде бұдан бұрын орын алып, заң-зәкүнсіз-ақ қалыптасқандығын атап айтқым келеді.
Қай кезде де біз өзіміздің ертеңгі күнімізге материалдық жағынан ғана емес, бейбіт өмірдегі сындарлы саясатымызбен де сенімді болуға тиіспіз. Мен айтар едім, бұл жағынан елімізде еш алаңдаушылық жоқ және болмауы тиіс деп. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар біртіндеп шешімін табуда. Бүгінде жыл сайынғы Елбасының Жолдауларын үлкен-кіші жақсы жаңалыққа бастама ретінде үлкен сеніммен күтеді. Сенім ақталып, мемлекеттік қызметкер мен еңбек және соғыс ардагерлері, барша қауым өз өмірлерін жақсартуға бағытталған игіліктерді пайдалануда. Бұл – өз ұлтын, халқын сүйетін жан ғана барлық салада осындай құндылықтарды жүзеге асыруға күш-жігерін жұмсайтынының дәлелі.
Қазақстан деген ұлы шаңырақтың бір уығы саналатын Алматы облысы да қазіргі кезде экономикадағы үдемелі дамуымен көрінуде. Талдықорған қаласы әсем Астанаға қарап бой түзесе, жетісулықтар да өркениет көшіне бағыт түзеген. Кешегі мен бүгінгіні салыстыруға болмайды. Халыққа көрсетілген қамқорлық ұшан-теңіз. Қаржы дағдарысы кезінде қолға алынған “Жол картасы” бағдарламасымен қаншама жандар жаңа кәсіпке оқытылса, қаншасы екі қолға бір жұмыс тауып, еңбекке тартылған. Мұндай бағалы бағдарлама қай кезде болып еді.
Парламент қабылдаған аталған заңға қол қоюдан бас тарту арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мүддесінен гөрі халқының мүддесін жоғары қоятын шынайы мемлекетшіл, парасат-пайымы мол Мемлекет басшысы екенін танытты. Халқымыз “Көп көзінен өткен істің міні жоқ, әділ сөздің зілі жоқ” деген ғой. Біз үшін Елбасының парасат-пайымы, адами болмысы әрдайым үлгі. Осындай басшысы бар Қазақстан халқы шын бақытты деп білемін.
Бәтима САҚАУОВА, Алматы облысының, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер.
Алматы облысы.
ЕЛБАСЫ ОСЫНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК
Біздің қазақ азаматтарының жақсы, парасатты істеріне сүйсінгенде “бәрекелді, ұзағынан болсын!” деп жатады ғой. Президентіміздің ел азаматтарына, еліміздің Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына арнауын оқып шығып, осындай бір жақсы ойда қалдым. Елбасы мәртебесін тек заңдармен, басқа да құқықтық актілермен бекітуге болмайды ғой. Түсінген адамға бұл айдай ақиқат жәйт. Біз ол кісіні заңмен қабылдап бекітпей-ақ, жұртшылық Елбасы деп атап, құрметтеп жүргелі қай заман! Онсыз да Нұрсұлтан Әбішұлын қазақтың елдігі, егемендігі жолында қызмет атқарып жүрген Елбасы деп екінің бірі айтады. Қазақтың сөзі, оны ешкім бізге таңып осылай айтыңдар, сөйтіп жазыңдар деген жоқ. Елбасы, Елтаңба, Әнұран, елім, жерім – барлығы да бір-біріне етене жақын, егіздей болған төл сөздеріміз, ендеше осылай ары қарай да айта береміз.
Бәріміз де ата-бабаларымыз айтқандай, артықшылықтарымыз бен кемшіліктеріміз бар, пендешіліктен де кенде емес, ет пен сүйектен жаралған адам баласымыз. Осы орайда Елбасы өзінің арнауында аталған ойды “біз бірге жұмыла түссек, кез келген қиындықты еңсеретінімізге кәміл сенемін” деген бір ауыз сөзбен түйіндеген екен. Президентіміз елдің көшін шынында да сондай бір қиын кезеңдерде қолға алғанын бәріміз де білеміз. Біз бәріміз де сол кісіге сендік. Елімізді алға апарады, жақсылық пен жақсы күндерге жеткізеді дедік. Қазір қай елден кембіз? Жағдайымыз жақсарды. Жұмыс жасамаған адам ғана мұны көре алмай әртүрлі пікір айтуы мүмкін. Үйдегі ата-әжелеріміз “елдің елдігін, бірлігін сақтап келе жатқан Елбасы аман болсын” деп бата беріп отырады. Өзіміз оны естіп, көріп жүрміз.
Біздің бір ғана қаламызда биылдың өзінде жаңа мектеп, жаңа емхана бой көтерді. Өндірісті қаламыз жаңарып, жасарып келеді. Бәрі де жұмыстарында. Дүкендер толы, ауылдар аман. Осының бәрі Елбасының тыныштықты қорғаған, бірлікті сақтаған саясатының арқасы емес пе?
Мәдениет ОМАРҒАЛИЕВ, Ақсу қалалық мәслихатының хатшысы.
Павлодар облысы.
АСЫҚПАЙ ЖҮРІП, АНЫҚ БАСЫП КЕЛЕМІЗ
Күні кеше Парламент депутаттары Ел Басы туралы заң жобасын қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жібергенін естігенде ойланып қалғанымыз рас. Өйткені, бұған дейін халық қалаулыларының өзіне Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру туралы ұсынысын Нұрсұлтан Назарбаевтың қабыл алмағаны белгілі ғой. Біз білетін Президентіміз бұл жолы да өзіне тән биігінен көрініп, заң жобасына вето қоятын шығар деген болжамымыз дәл келіп, алған бетінен қайтпайтын, айтқан сөзінен айнымайтын Елбасымыздың мәлімдемесін ризашылықпен қабылдадық.
Шынтуайтына келсек, Парламент Ел Басы туралы заң қабылдамаса да, халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлын өзінің Тұңғыш Президенті және Ұлтымыздың көшбасшысы ретінде қадір тұтып, Елбасымыз деп ерекше құрметпен атайды. “Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға”, деп ұлы Абай айтқандай, еліміздің даму келешегін көрегендікпен болжай білген Елбасымыздың ерен еңбегінің, алға нақты мақсаттар қойған ашық та айқын саясатының, дер кезінде қабылдаған кемел шешімдерінің арқасында жас барыс бейнелі мемлекетіміз бұғанасы бекіп, қанаты қатайып, еңсесін тіктеп, бүгінде Еуропаның төріне көтерілгендей дәрежеге жетіп, дүние жүзін түгел мойындатып отыр. Бұл сөзімізге біздің Қызылжар өңірінде тәуелсіздік жылдары жүзеге асырылған жақсы өзгерістер де айғақ бола алады.
Сонау Кеңес өкіметі заманында Қызылжар өңірі талайдың таңдайын қақтырып, көзінің жауын алған керемет көркем әрі даласында сары алтындай егіні жайқалған, өрісінде төрт түлік малы мыңғырған берекелі өлке саналатын. Осыны ескерген Мәскеу өткен ғасырдың 50-ші жылдарында тың көтеру ұранымен атамекенімізге басқа ұлт өкілдерін лек-легімен қоныстандырғандықтан, өз жерімізде азшылыққа айналып, өз Отанымызда өгейдің күнін кешуге мәжбүр болдық. Асыл дініміз әлсіреп, ана тіліміз шұбарланып, аясы тарылып, жойылуға шақ қалған. Осылай сорымыз қайнағаны жетпегендей, Тың өлкесі құрылып, оның құрамына кіргізілген Қазақстанның бидайға бай солтүстік аймағын компартия көсемі Никита Хрущев Ресейге қосып жіберу ниетін де жасырмаған. Оның сол сандырақ ойын арада отыз шақты жыл өткенде қайта құру дәуірін бастан кешіріп жатқан жаңа Ресейдің рухани көсемі саналған әйгілі жазушы Александр Солженицын өзінің атышулы “Ресейді қалай көркейту керек?” деген мақаласында айқайлата қайталап, Қазақстанның теріскейіндегі тың көтерілген бес облысына тағы да көз алартқаны жадымызда. Мұндай қисынсыз әңгімелер кеудесінде намысы бар қазақ азаматтарының қанын қайнатқанымен, өзге ұлт өкілдерінің арасындағы кейбір ниеті бұзық пенделер, бір кездегі отаршыл ақ патшаның сойылын соққан казачествоның қылышын қайтадан жалаңдатқан шолақ белсенділерінің Солженицын сіріңке жаққан отқа одан сайын май құйып, өршітіп, өрт шығаруға тырысқандықтары да мәлім. Сөйтіп, 90-шы жылдары Қызылжар өңіріндегі саяси ахуал ушығуға бет алып, шиеленісіп тұрған болатын.
Осы қилы кезеңде Алла жарылқап, өз Тәуелсіздігін жариялаған туған еліміздегі билік тізгінін қолына алған Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ата-бабаларымыздың қаны мен тері төгілген қасиетті жеріміздің тағдыры туралы терең толғануына тура келгені кәміл. Өйткені, еліміздің қазағы селдір солтүстік аймағындағы жағдай тіпті күрделене түскені анық еді. Экономикадағы ескі байланыстар үзіліп, баяғы қорғаныс зауыттарының өнімдеріне сұраныс кеміп, өндірістері құлдырап, мыңдаған адам жұмыссыз қалғандықтан, құлаған кеңес империясы кезіндегі тұрмысын көксеушілер көбейіп, қос мемлекеттік тіл, қос азаматтық мәселесін көтерушілер қатары қалыңдап, жаңа туған сәбидей Тәуелсіздігімізді бесігінде тұншықтыру қаупі туындап тұрған қиын кез еді бұл. Оның үстіне Солтүстік Қазақстан облысының және Петропавл қаласындағы ірі кәсіпорындардың кешегі кеңес заманында Мәскеу тағайындаған, өздерін ұлы державаның өкілетті өкілі санап, өктем сөйлеп үйреніп қалған басшыларының талайының көкбайрағын жаңа көтерген жас елге жандары аши қоймағандары, бүйректері өздері келген жаққа бұрып, мемлекет мүлкін талан-таражға салып, орман асырып жатқандары да жасырын сыр емес-ті.
Осынау өтпелі кезеңде Елбасы тірелген тұйықтан шығар жол тауып, жаңа басқару жүйесін енгізді. Облыстарды басқарып тұрған облыстық кеңестердің төрағаларын – күні кешегі обкомның бірінші хатшыларын биліктен тайдырып, олардың қолындағы тізгінді өз Жарлықтарымен тағайындаған әкімдерге берді. Неше түрлі әзәзілдер ұлты әркелкі тұрғындар арасына ши жүгіртіп жатқан Солтүстік Қазақстан облысының басшылығына осы өңір тарихында алғаш рет неміс азаматы – Владимир Гартманның жіберілуін Елбасының ел басқарудағы дипломатиялық шешімі деп түсіндік. Көзкөргендердің айтуынша, В.Гартман өзінің ел ішіндегі араағайындық қызметін жанын сала атқарып, Қызылжар өңірінде ешқандай ұлтаралық қақтығысқа жол бермеуге елеулі еңбек сіңірген. Демек, ол өзінің Елбасы жүктеген негізгі міндетін абыроймен атқарғаны даусыз.
Ал 1997 жылғы көктемде Солтүстік Қазақстан облысы мен көршілес Көкшетау облысы біріктірілді. Ірілендірілген облыс орталығы болып Қызылжар қаласы белгіленді. Елбасының бұл шешімі бізге, көкшетаулықтарға оңай соқпағанымен, ұлтымыздың көшбасшысының ұйғарымының дұрыстығына еш күмәніміз болған жоқ. Мұны Тұңғыш Президентіміздің ел іргесін бекіте түсуге бағытталған кезекті қадамы ретінде қабылдадық. Көкшетауда билік басында жүрген қазақ азаматтарының басым көпшілігі Қызылжарға облыстық басқару органдарына бірінші-екінші басшы болып ауыстырылып, әкімдіктегі, басқармалар мен әртүрлі ведомстволардағы ұлттық кадрлар қатары бірден қалыңдап шыға келді. Облыс тұрғындарының құрамындағы қазақтардың үлес салмағы да әжептәуір көбейіп, 30 пайыздан асып жығылды. Сөйтіп, еншісін Қызылжардан 1944 жылы бөліп алып, жеке отау – жаңа облыс болып құрылған Көкшетау араға 53 жыл салып, ата шаңыраққа қайтып оралды. Ата шаңырақтағы әлсіреген ұлттық рухты көтере түсті. Мәселен, 1990-1991 оқу жылында облыстағы қазақ балаларының небары 30 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болса, қазір бұл жөніндегі көрсеткіш 57 пайызға жетті. Бұған қоса, аяқталып жатқан биылғы оқу жылында ұлты басқа 267 оқушы қазақ мектептерінде қазақша оқығандығын да айта кеткен жөн. Бұл – Кеңес өкіметі тұсында ұлтсыздандыру саясатының соққысы аса қатты тиген теріскей өңірде де қазақ тілінің өрісі жылдан-жылға кеңіп, тынысы ашылып келеді деген сөз. “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!” деген Елбасы сөзін, әсіресе, кейінгі толқын, өскелең ұрпақ ұрандай ұстанып отырғаны анық.
1997 жылдың аяғында Солтүстік Қазақстан облысының соңғы алпыс жылдық тарихында тұңғыш рет өңір басшылығына Елбасы Жарлығымен қазақ азаматы тағайындалды. Арада он жыл өткенде, 2007 жылы күзде облысымызға тұңғыш рет Қызылжар елінің төл перзенті, бұған дейін бірнеше ауданды ойдағыдай басқарып, өңір басшысының орынбасарлығына дейін көтерілген Серік Біләловті облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен әкім етіп тағайындады. Президентіміз өзінің осы шешімінің де дұрыс болғандығына Қызылжарға жасаған жыл сайынғы жұмыс сапарларының барысында көз жеткізіп, өңірдегі оң өзгерістерге әділ бағасын беріп жүр. Бұған Қызылжардың ақ ниетті адамдарының бәрі риза.
Өңіріміздегі жақсылықтардың бәрі де Елбасының шарапаты – жергілікті әкімдерге халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсарту жөнінде берген нақтылы тапсырмаларын іске асырудың оң нәтижелері екендігі хақ. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылжардың қақ ортасынан бой көтерген зәулім жаңа мешітімізді салдыруға тікелей жәрдем жасағанын, “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша Абылайдың ақ үйін қалпына келтіруге тапсырма беріп, өз қолымен ашқанын қызылжарлықтар аса ризашылықпен айтып отырады. Елбасының Қызылжар өңіріне әрбір сапары солтүстікқазақстандықтардың кәрі-жасы түгел асыға күткен, айрықша қуанышқа толы, ұмытылмас оқиға ретінде есімізде сақталып қалды.
Абылай хан мұражай кешенін ашу салтанаты үстінде Елбасы “Қызылжар қаласы” деп сөйледі. Петропавлдың атауын өзгерту туралы пікірін Нұрсұлтан Әбішұлы осы оқиғаның алдында қазақ тілді республикалық газеттердің бас редакторларымен болған сұхбатында ортаға салған еді. Ел мен жер қамын ойлаған ұлтымыздың көшбасшы ұлының сол сөздерді мезгілі әбден жеткен соң айтқанын түсінуге тиіспіз. Амандық болса, қаламыздың халқымыз сүйіп айтатын Қызылжар атауы ресми бекітілетін күн де туар деп сенеміз.
Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы.