Ел егемендігін алған соң, отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі басталды. Одақтан қалған 100-ден аса ғылыми-техникалық ұйым енді ғана еңсе тіктеген елдің меншігіне өткендіктен, ғылым саласын мемлекеттік деңгейде қолдаудың маңызы күн тәртібінде тұрды. Жоғарғы кеңестің 1992 жылы 15 қаңтардағы Қаулысымен «Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техника саясаты туралы» заңы қабылданды. Бұл тәуелсіздік тарихындағы төл ғылымға мемлекет тарапынан жасалған құқықтық, қаржылық, жалпы кешенді қолдаудың басы ғана болатын.
Аталған заңнан кейін Президент Жарлығымен Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі құрылды. Осы министрлікке: республиканың ғылыми-техника саласының дамуы жолында мемлекеттік саясат жүргізу; ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау ісін үйлестіру; ғылыми-технологиялық салада халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру міндеті жүктелді. Министрлер кабинетінің 1993 жылы 22 қаңтардағы Қаулысы бойынша ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру тәртібі айқындалды. Ғылым және жаңа технология министрлігі жанынан Ғылым қоры құрылды. 2001 жылы 12 шiлдеде қабылданған «Ғылым туралы» заңы ғылымды басқару ісін жетiлдiрудiң, инновация мен зерттеу үдерістерін ұйымдастырудың, кадрлар даярлаудың негiзiн қалаушы құжат болды.
Білім мен ғылым саласы бір-бірімен біте қайнасып жатса да ғылым мәселелері мектеп шаруаларының көлеңкесінде қалып қоя бергені белгілі. 2022 жылдың маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен барлық салаға, бастысы экономикаға негіз болатын сала өз еншісін алып, Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды.
11 ғылыми-зерттеу институты базалық қаржыландыру моделіне көшірілді. Гранттар мен ғылыми жобалық байқауларға тәуелді болмай, жыл сайын мемлекеттен арнайы бекітілген өзіндік жоспарына сай қаржысын алып тұрады. Қазіргі таңда ғылыми-техникалық зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыруға қаржы жыл сайын бөлінеді, бұған дейін 3 жылда бір рет қана берілетін. Биылдан бастап «мега грант» ұғымы енгізілді. 2,5-3 млрд теңгеге нақты зертхананы қамтамасыз ету үшін 800-ден аса арнайы қондырғылар, құрал-саймандар алынды.
Ұлттық ғылым академиясының соңғы жариялаған Ғылым туралы ұлттық баяндамасындағы дерекке қарағанда, ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру 2020-2021 жылдары екі есе дерлік өсті. 2021 жылы іргелі зерттеулерге бөлінген қаржы 6,5 млрд теңгеден асты, қолданбалы зерттеулерге 14,5 млрд теңге жұмсалған.
Ғылымға жастарды тарту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Айталық, 1,5 мыңнан аса жас ғалым мен зерттеуші Жас ғалымдарға арналған екі байқаудың нәтижесінде 315 жобада өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алды. Бұл жобаларға жұмсалатын бюджеттік шығындардың жалпы көлемі 17,6 млрд теңгені құрайды. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің осы қыркүйектегі бұйрығына сәйкес: 1) жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік зерттеулерге Қ.Сәтбаев атындағы; 2) гуманитарлық ғылымдардағы үздіктер Ш.Уәлиханов атындағы; 3) педагогикадағы үздік жұмыстарға Ы.Алтынсарин атындағы сыйлық беріледі. Үш сыйлықтың әрқайсысына 350 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылы – 1 207 500 теңге) көлемінде сыйақы тағайындалады. Осыған қоса 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде түркітану саласындағы еңбектерге Күлтегін атындағы, 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жаратылыстану бағытындағы үздік жұмыстарға Д.Қонаев атындағы сыйлық тағы бар. Мұның бәрі 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында енгізілген.
2021 жылдан бастап қолға алынған республикалық «Үздік ғылыми қызметкер» байқауы енді жыл сайын өткізілетін болды. Аталған ғылым бәйгесінің қорытындысы бойынша былтыр 50 ғалым 6 млн теңгеден сыйақы алған еді.
Отандық ғылымның берері қандай? Салалық министрліктің таратқан ақпаратына қарағанда, ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру – басты бағыттардың бірі. Біраз ғылыми жобалар коммерцияландыру арқылы нарыққа шығып, экономика жұмыс істеп жатыр. Мысалы, 2022 жылы көрсеткіштер бойынша коммерцияландырудың нәтижесінде инновациялық өнімдерді сатудан түскен табыс 16,3 млрд теңгені құрады. Төленген салық көлемі – 5,2 млрд теңге. 1 400-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Ғалымдардың табысы 338 млн теңгеге жетті. 120-дан аса жоба сату кезеңіне жетті. Жобалардың экспорт көлемі 346,7 млн теңгені құрады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қыркүйекте ұйымдастырылған форумда жаңа заң жобасы әзірленгенін айтты. Бұл – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы. Министрдің айтуынша, отандық ғылымның ендігі бағыты халықтың тұрмысын жақсартуға арналған қолданбалы ғылымды дамыту, күш салу, күнделікті өміріне қажетті ғылыми-техникалық жобалардың нәтижелерін өндіріске көптеп енгізуге негізделген. Бұл үшін әлбетте қаржы қажет. 2023-2025 жылдары ғылымға бюджеттен бөлінетін қаражаттың мөлшері 3,5 есе арттырылмақ, жалпы көлемі 643 млрд теңгені құрайды. Тарқатып айтқанда, 2023 жылға 158,6 млрд теңге; 2024 жылға 244,2 млрд теңге; 2025 жылға 240,2 млрд теңге қарастырылған.
Түйіндей келгенде, осы жасалып жатқан жағдай мен жоспарланған жұмыстың бәрі ғұлама ғалым Әл-Фарабидің «Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ» деген өсиетін бағдар етіп алғанымызды айғақтайды.