• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 26 Қазан, 2023

Алматыда І Республикалық Жастар театрлары фестивалі өтеді

349 рет
көрсетілді

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры бүгінде еліміздің мәдениетін дамытып, өркендету жолында тынымсыз ізденіс үстінде келеді. Республикамыздың театр әлеміндегі жас режиссерлердің жетістіктерін насихаттап, олардың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында театрда Алматыда І Республикалық жастар театрлары фестивалі ұйымдастырылғалы отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан режиссерлерінің кәсіби шеберліктерін шыңдау, шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілетін фестивальде көрермендер отандық 8 режиссердің туындыларымен таныс болады. Атап айтқанда, Гүлназ Балпейісова, Мейрам Хабибуллин, Антон Зайцев, Әлібек Өмірбекұлы, Шағуан Үмбетқалиев, Анна Цой, Әридаш Оспанбаева және Шыңғыс Жақыпбай сынды 35 жасқа дейін режиссерлердің таңдаулы қойылымдары сахналанады. Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театры, тағы басқа ұжымдар үздік қойылымдарын ұсынады.  Фестивальде театр өнеріне еңбегі сіңген қайраткерлер Есмұқан Обаев, Нұрқанат Жақыпбай, Талғат Теменов, Әубәкір Рахимов, Қуандық Қасымов, Гүлсина Мирғалиева, Мұрат Ахманов арнайы шақырылған қонақтар ретінде бой көрсетеді.

Ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын үйлестіре отырып, жас режиссерлердің қалыптасу жолында ұйымдастырылып жатқан І Республикалық Жастар театрлары фестивалінің ресми ашылу салтанаты қарашаның 1 жұлдызында, сағат 17:00-де өтеді. Шара барысында елімізде үздік деп танылған қойылым режиссерлері марапатталады.

Қатысушы режиссерлердің төл туындылары өзіндік ерекшеліктеріне, сахналық  өзгешеліктеріне байланысты Алматы қаласындағы үш театр сахнасында көпшілікке ұсынылады. Нақтылар болсақ, 2 қараша сағат 15:00 – «Я есть», Тотальный театр театрлық компаниясы, 18:30 – «Қарагөз» Ғ.Мүсірепов театры, 3 қараша 11:00 – «Шырақ» Ғ.Мүсірепов театры, 18:30 – «Кассандра таңбасы» М.Әуезов театрларының сахнасында қойылады. Ал, 4 қараша 15:00 – «Ричард ІІІ» Ғ.Мүсірепов театры, 18:00 – «Қыз Жібек» М.Әуезов театрларында сахналанса, фестивальдің соңғы 5 қараша күні 11:00 – «Қобыланды» Ғ.Мүсірепов театры, 18:30 – «Алғашқы ұстаз» Ғ.Мүсірепов театрында көрерменмен қауышады. 6 қараша күні фестивальдің ресми жабылуы болады. Тұңғыш рет өткізілетін фестивальдің деңгейі жоғары, салмағы ауыр, маңыздылығы жоғары болатынына сенім мол.

АЛМАТЫ