• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 26 Қазан, 2023

Дидар Амантай: Қоғамның барометрі – сенім

427 рет
көрсетілді

Ел болашағын биіктетудің ең кемел жолы – ұлттық санасы мығым, ақыл-ойы әлемдік классикалық інжу-маржандармен бекіген ойлы ұрпақ қалыптастыру. Дидар Амантай есімі Тәуелсіздік жылдарынан бергі оқырман қауымға етене таныс. Жазушы үнемі ізденісте, әрдайым жаңа белес өрінде. Оқырманға ауық-ауық жанартау секілді дүр сілкінісі сезіліп тұрады. Республика күні қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталған жазушымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Дәл қазір өміріңізде қандай өзгеріс­тер­ бар?

– Қалыптасқан дәстүр бойынша таң­ер­тең ерте тұрып, бой сергітіп, түске дейін жазуға кірісемін. Түстен кейін кітап оқу, классикалық әдебиет пен қазіргі әдебиетті оқимын. Мысалы, соңғы күндері Бальзактың «Ауыл дәрігері» романын оқыдым. Оның алдында Нобель сыйлығының лауреаты Жан-Мари Гюс­тав Лехлезионың «Аспан адамдары»­ деген повестер топтамасын оқып шыққан едім. Италиялық ақындардың өлеңдерін оқыдым. Міне, жұмыстар осылай жал­ға­сып жатыр. Ешқашан тоқтамаған жөн, тоқырамаған дұрыс.

– «Борхес пен Әуезов» атты жаз­ба­ңыз­да екі тұлғадан ұқсастық көресіз. Бор­хес пен Дидар Амантай арасындағы екі ұқсастықты айта кетесіз бе?

– Кітапқа деген махаббат, екіншісі – еңбек­қорлық.

– Әдеби өмірде өзіңізге қарсылас санап, онымен жарыса жазған әріптес­те­рі­­­ңіз бол­ды ма?

– Жалпы, біреумен жарыса отыры­п жазуды жақтырмайтын адаммын. Өйткені ол негізгі бағытыңнан адастырып жібереді. Алға қойған мақсатыңнан айнытуы да мүмкін. Сондықтан балбырап, рақат­танып отырып жазатын уақытыңды күрес­ке, біреумен тайталасуға, есеп айы­ры­­суға жұмсалғанына қарсымын. Мен­де керісінше пікірлес жігіттер болды. Мәсе­­лен, Әмірхан Балқыбекті айтуға болады. Қазіргі кезде бір топ жас жазушы бар, солардың жазғаны мені қызықтырады. Бірақ­ олармен жарыса қалам тартқан емес­­пін.

– Әмірхан Балқыбекті еске алғанда, ойы­ңызға алғаш не оралады?

– Әмірханды еске түсіретін нәрсе көп. Мысалы, Лев Гумилевтің кітаптарын көр­сем, Әмірхан есіме түседі, Бальзактың кітап­тарын көрсем де, түркі дүниесінің тари­хын, руханиятын оқып жатсам да, содан соң Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» рома­ны туралы әңгіме-дүкен құрсақ та екеуміз көп айтысып едік, сол романды көрсем де еске түседі. Әмірхан соны­мен қатар көне мифтерді, грек аңыз­да­рын­ өте жақсы білетін. «Гилгамеш туралы эпосты» немесе «Білге-мес туралы жыр», аккад-шумер поэмасын екеуміз бірге отырып, көп талқылап, сондай бір шығар­ма­шылықпен қызу айналысқан кезіміз бол­ған. Мұның барлығы да Әмірханды сана­ға әкеледі. Әрі-беріден соң Алматы қала­сының өзі Әмірханды еске салады. Қазақ университетінің жатақханалары, тротуарлары, бәрі де. Біздің өміріміз көп­теген сала бойынша байланысып жатты. Бір студенттер қалашығы аума­ғын­да тұрдық, бір-бірімізге барып, жиі әңгі­ме­ле­сетін едік.

 – Жалғыз арманыңыз орындалар бол­са, нені айтар едіңіз?

– Денсаулықты айтар едім. Өйткені ден­сау­­лық болмай бақыт та жоқ. Ден­саулық бол­май шығармашылық табыс та, өмір де болмайды. Сондықтан бірінші тұрған нәрсе. Әр дұға оқығанда, Тәңірден тілек тіле­генде денсаулық сұраған дұрыс деп ойлаймын.

– Толстой «төзе алмайтын», Гёте оны­­­ ­­оқығанда «анадан соқыр боп туып көзі ашылғандай» болған, Пушкин «тұң­­ғиық­қа қарап тұрғандай» күй кешкен алып Шекспир мұхитына алғаш сүң­гі­ген кезіңіз есіңізде ме? Қандай әсер­де бол­дыңыз?

– Шекспир шығармаларының, бір қызығы, пьеса болғандықтан ба, мәтін­дері ашық. Жабық мәтін емес. Жа­бық­ мәтін белгілі бір дәрежеде ойыңды жа­сыруға, оқырманды жұмбақты шешу­ге шақыратынымен қызық. Шығар­ма­шы­лы­ғына бір қарағанда қарапайым сияқты көрі­неді, бірақ екінші жағынан үңіліп көргенде, тұңғиық дүниелерді жазғаны таңғалдырады. Шекспир өмірде болды ма, бол­мады ма деген дау да жоқ емес. Өйткені Шекс­пир 12-ден аса пьеса жазған адам. Көп пьесалары бізге жетпей қалған болуы мүмкін. Өзі бір театрдың пьесаларын жазып отыратын қызметте болған, ешкім оны таны­маған. Бүгінде үлкен рухани биікке шығып отыр. Өйткені адамгершіліктің көзін Шекспирдей дәл беретін тұлға аз. Шекспир орта ғасырда үлкен рөл атқарған. Бұрын Еуропа әдебиетінде даму тек жанрды өзгерту тұрғысынан болса, Шекс­пир мен Сервантес көркем әдеби тәсілді кемелдендіруге қатысты, соның негізін қалады. Бұрын шығармалар жанр тұрғысынан танылса, енді шығарманың өз ішінде жазу мәнері, шеберлікті дамытқан алғашқы тұлғалар осылар. Енді екеуі де әлемге әйгілі, сондықтан Шекспирдің рөлі өте зор. Максим Горькийдің жазғаны бар: «Шекспир, Бальзак, Толстой — вот для меня три монумента, воздвигнутые человечеством самому себе».

– Тұтас өміріңізге ерекше ықпал еткен оқиға туралы айтып берсеңіз.

– 1992 жылы жаз айында демалысқа үйге қайтқалы жүргенбіз. Студент кезіміз, мен алдын ала «Жас Алаш» газетіндегі Жұмабай Шаштайұлына, «Парасат» журна­лындағы Аян Нысаналинге «Баба­лар мен ұрпақтар» деген бір әңгімемді қал­­ды­рып кеткен едім. Оқып болған шығар-ау деген оймен бір аптадан соң бар­ғанда, белгілі ақын Аян Нысаналин аға маған сын көзбен қарап, біраз пікір айтты. Одан соң «Жас Алаш» газетіне барған кезімде Жұмабай Шаштайұлы орнынан атып тұрып, қолындағы газетін жоғары көтеріп, «Қазақ әдебиетіне жаңалық келді!» деп қарсы алғаны есімде.

– Жалпы, сіз туралы жоғары баға бер­ген пікірлер аз емес. Осының бәрі жеке өміріңізге қалай әсер етті?

– Шығармаларымды бәрі түгел қа­был­­­­­да­ды деп айта алмас едім, қабыл­да­ма­ғандар, қар­сы шыққандар да болды. Жалпы, шығар­ма­шылықтың дүниеге келу табиғаты сондай. Сондықтан көмегі де, таяғы да болды.

– Сіздегі жаңалық ашу саналы түрде жүзе­ге­ асты ма, әлде ізденіс нәтиже­сінде ме?­

– Саналы ізденістің нәтижесі. Өйткені мен қазақ әдебиетіне қандай жаңалықтар әкелуге болады деген жолда іздендім. Қазақ әдебиетіне қалай өз үле­сімді қосамын деген талпыныс кез келген шығармашылық адамының мақсаты деп ойлаймын.

 – Толстой мен Достоевскийдің бірін атау­­ керек болса, таңдауыңыз кімге түсер еді?

– Толстойды таңдар едім. Толстойдың жазу­шылық қуаты Достоевскийден жоға­ры. Ал көтерген мәселелері бойынша­ Достоевский әлдеқайда өткірлеу, Тол­­с­той­дікі парасаттылау. Толстой форманы әде­биет­тің табысы арқылы бергісі келеді, ал Дос­тоевский бірден психологиялық атмосфера орнатады. Сондықтан Толстойдың жазу­шылығы артығырақ дер едім. Өзі граф, соғысты да, бейбіт өмірді де көрген адам. Стильге қатты мән берген жазушы.

– Бір сұхбатыңызда «Шығарма­ла­рым­­ның бестен бірі ғана жарық көр­ді» депсіз. Жарияланбаған шығар­ма­ла­­ры­ңыздың ішінде қандай айтулы дүние­­лер бар?

– «Бақыт биохимиясы» деген шығар­мам­ды атай аламын. Бірнеше әңгіме, фило­со­фиялық эсселер бар. Роман-повес­тер,­ оның ішінде «Жарық жолы» деген роман, «Каллиграфиялық әріптер» деген дүниелер бар, олар болашақта шығады. Кейбіреулері қазір мерзімді баспасөз бетінде жарияланып та жатыр.

– Көптомдық шығару ойыңызда бар­ ма?

– Көптомдық шығару ойда бар, өйт­кені оның бір жақсы жері бүкіл шығар­ма­ларыңды жүйелендіреді, сосын біріз­ден­діреді, орфографиялық тұрғыдан біркел­кі­лендіреді.

– Б­орхес Еуропаның діңгегінде Грек мәде­ниеті мен Інжіл жатқанын айтады. Ал біздің қазақ халқының түбірінде қан­дай­ іргелі мәдениеттер жатыр?

– Түркі халықтарының мыңжылдыққа жете­тін ең үлкен табысы – «Қорқыт ата туралы жыр». Бұл әлем әдебиетіне енген, адамзат өркениетіне көп үлес қосқан көркем-әдеби өмір-өлім тақырыбындағы еңбек. Қорқыт жырында қайда барса да алдынан көр шығып, судың жағасында оны жылан шағып өлтіреді. Ал осыдан алты мың жыл бұрынғы «Гилгамеш туралы аңызда» Гилгамеш мәңгілік өмірдің шырынын беретін гүлді жер астынан алып шығады. Ақыры оны жылан алып кетеді. Өлімнің образын, ажалдың бейнесін жылан арқылы беру Шумер-Аккад мәдениеті мен Түркі жұрттары мифімен бірдей болып тұр ғой. Христиан әлемінде жыланды өлтіріп жатқан сарбаздар портреті көп, бірақ бір қызығы, жыланның келесі образы Батыс­тан Шығысқа қарай жүрген кезде өзге­ріп отырады. Шығысқа жақындаған сайын жылан бейнесі жақсара, көркейе түсе­ді. Сондықтан мұнда бір үлкен ғы­лы­ми­ тақырып жатыр, бізге оны әлі зерттеу қа­жет.

– Бейтаныс аралға өзіңізбен төрт кі­тап ала кетуге рұқсат берсе, қандай кітап­тар ала кетер едіңіз?

– Құран, міндетті түрде, одан соң Абай, со­сын Ницшені алар едім, сондай-ақ «Абай жолы» роман-эпопеясын қосуға болады.

– Қазақ болып туудың бір бақыты мен бір қасіреті қандай?

– Сайымжан Еркебаев деген әдебиетші ағамыздың «қазақ болып туғанына өкі­не­тін қазақтар ауылда туады, қазақ бо­лып туғанына арланатын қазақтар қала­д­а туады» деген сөзі бар. Ұлтыңды, адам­ды таңдамайсың ғой, бұл өзі – туа біткен бақыт. Қазақ болудың қуанышы – отба­сының, ағайын-туыстың бірлігі, жалпы ұлтымыздың ағайынгершілігі маған ұнайды. Шаттықта да, қайғыда да қазақ бір-бірін тастамайды. Екіншіден, қазақтың кеңдігі кейде оның қасіреті іспетті көрінеді.

– Қазіргі қазақ қоғамында сізді не нәрсе алаңдатады?

– Сенімсіздік. Бір-бірін аңдыған жұрт. Кісіге сенімсіздік – ертеңгі күніне сенім­сіздік, ол өзіне-өзі сенімсіздікке жал­ға­сады. Бұл қайдан келді? Жалған сөздің көп­тігі күллі қоғамды сенімінен айырды. Сенім­сіздік имансыздыққа әкеледі, ел алдаса, мен де алдауым керек деп ойлайды. Сенімсіздікті өтірік тудырады, сезім әре­кет­ке айналады, сенімсіздік қоғамдағы үдеріс­тердің салдары, жұрт айтқанға сенбесе, онда, яғни бір нәрсе дұрыс емес деген сөз. Ел сенімін қайтару – ердің жүгі. Сенімсіз қаламнан жігер жоғалады, осал дүние шығады. Сенімсіздік дос-жаран, ағайын-жұрт арасына сызат түсіреді, сенбейтін болсақ, мұратың да жалған. Қоғамның барометрі – сенім.

 – Ғылымсыз діншілдік үрдісі, әр­түр­лі діни ағымдар белең алып барады.­ Жалпы, дін тазасын іздегендерге, қан­дай жол­ ұсынар едіңіз?

– Мен діни маман емеспін. Бірақ халқы­мыздың таңдап алған ақ жолына сенемін. Елдік дәстүрмен үйлесе білген, ұлттық құндылықтармен туыстаса алған діни салтқа мен де жақпын.

Өмірден түйген үлкен тұжырым­да­ры­ңыздың бірін айтасыз ба?

– Тек еңбек қана елдің ырысын көбей­те­ді, ердің беделін көтереді. Жігердің алмайтын қамалы жоқ. Жазу үшін оқу керек.

 

Әңгімелескен –  

Батырхан СӘРСЕНХАН,

 «Egemen Qazaqstan»