• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 26 Қазан, 2023

Жұртына жақсылықтың дәнін сепкен

383 рет
көрсетілді

Жаңақорған жерінде заманында елін білімге жетелеген ғұлама Айқожа Темірұлының 250 жылдығы аталып өтті. Аудан орталығында ишан атын иеленген мешіт ашылып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ұлт тарихындағы аса бір қиын кезеңде ел арасында рухани ілімнің ізін жоғалтпаған қайраткер рухына арналған іс-шараға жиылған жұрт қарасы көп болды.

 

 Ишандар мектебі – имандылық ұйытқысы

Өз заманының белді діни қайраткері атанған Айқожа Темірұлы – қазақ дала­сында ағартушылық істі өрістеткен ишандар мектебінің белді өкілі. Ұлтқа көпе-көрнеу жасалған отаршылдық саясатқа тос­қауыл қойып отырған ық­пал­ды әлеу­меттік топтың патша заманында да, одан кейінгі большевиктік билік тұсында да қолдау таппағаны белгілі. Керісінше, қуғын­ға түсіп, қиындық көрсе де елді, иман­­дылыққа тәрбиелеу, Шығыс ойшыл­дары­­ның мұраларын зерделеу арқылы түрлі бағыттағы ізденіске жол ашу, халықты түрлі дерттен емдеу секілді салмақты мін­детті арқалаған қайраткерлер өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін ұлтқа қалтқысыз қызмет етті.

Айқожа ишан 1773 жылы Жаңа­қорған өңірінде дүниеге келіп, туған топырағында сауатын ашқаннан кейін шамамен 1885 жылы әуелі бір жыл Таш­кентте, 4 жыл Бұқарада оқыған. Одан әрі 10 жыл Ауғанстандағы белгілі діни ғұлама Ислам Шайхтың шәкірті атанып, оқуды бітірген соң ұстаздан шатырхат (диплом) алады (1-сурет).

Ауғанстаннан туған топырағына оралып, көзі жұмылғанша еліне қызмет етіп кетеді. Патшалық Ресей зерттеушілері де Айқожа ишанды сол кезеңдегі белді діни қайраткер ретінде суреттеген.

Ташкенттегі архивтен алынған құ­жаттар дерегі бойынша ишан 1808 жылы Қоқан ханы Мұхаммед Шарифтың бұй­рығы бойынша Жаңақорған елді мекеніне қазы болып тағайындалады, 1816 жылы Қоқан хандығынан Әбул Музаффар және Әл Мансур Әмир муслимин Мұхаммед Умар Бахадурхан бұйрығы бойынша осы елді мекенде қазылыққа қайта тағайындалады. Құ­жаттарды Айқожа ишанның 1832 жылы да Жаңақорғанда осы қызметті атқарғаны тұр­ғаны туралы деректер бар (2, 3, 4-суреттер).

Сексен төрт жасында 1857 жылы дүние­ден озған Айқожа Темірұлы 4 әйе­лінен Ибадулла, Жұмаділла, Иб­райым-Шайых, Мамырайым-Шайых, Смайыл, Ысқақ, Ре­метулла, Пірше, Са­пар, Мұсахан, Іскендір есімді 11 ұл сүйе­ді. Балалары ізіне жақ­сылықтың дәнін сепкен әке жолын жал­ғап, ел арасында діни қызмет атқарды. Аума­лы-төкпелі заманда руханият шы­рағын маздатқан ишан ұлдарынан тараған ұрпақтарына кеңестік саясат қырын келді. Айқожа немерелері Сейдахмет, Оспан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Усейн, Ата мағзұмдар, Сәруар ишан, шөберелері Әззам ишан, Омар, Жапар, Бұрхан, Мәді, Махмұт ишан, Әлмұхаммед ишан, Инаят мағзұмдар ел асып, бас сауғалады. Елде қалғандары абақтыға жабылып, теперіш тартты. Олардан өрбігендердің өзі қазір бір қауым елге айналып отыр. Ал ишанның әзіз есімі тәуелсіздігімізді алғаннан кейін қайта жаңғырып, ел ортасына оралды.

Бірақ өткеннің бәрін мансұқтап, ке­ше­гіні күресінге тастатқан кеңес билігі ке­зінде де рухани көсемнің бейнесін көпшілік көмескілендіре қойған жоқ. Олай дейтін себебіміз бабаның ақырғы мекені болған Ақтастағы ғажайып кесене. Үлкен ұлы Ибадулла соққан кесене аумағынан немересі Ата мағзұм мешіт салып, ол сол кезеңдегі архитектуралық сәулет өнерінің озық үлгісі саналған. Халық кірпіш құйып, Самарқанттан келген шеберлер салған ғи­марат құрылысын ел арасынан шыққан ауқатты азаматтар қаржыландырыпты десе­ді. Төбесіне шыққанда Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстанбаб кесенелері көрінетін ғи­ма­рат сол замандағы еңселі құрылыс болыпты.

Бесарық аулынан оңтүстік-батыс бағыт­қа қарай 11 шақырым қашық­тықтағы осы кесене басынан қай заманда да адам аяғы үзілмеген. Тіпті кеңестің келте ойлы ат­қамінерлері қараусыз қалдырып, қорламақ болғанда да ел имандылық үйін аяқасты қылуға жол бермеген. Тіпті ғайыптың күші­мен шет мемлекеттерден арнайы келіп, кесенені тазалап, оның көздің қарашы­ғындай сақталуына сеп болғандар да кездескен екен.

Қажылық жасаушылар Меккеге са­пардан бұрын маңына жиналатын Ақтас мешіті қайталанбас өнер туындысы ретінде 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіші тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды. Көп ұзамай қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде айналасы абаттандырылған иман­ды­лық ұясын баба ұрпақтары күтімге алған.

 

Игілікті істің нәтижесі

Қайраткердің туған жерінде мешіт пен білім беру орталығын салып, ел игілігіне беріп отырған осы ишан ұр­пақтарының бірі – Талғат Әшімов есімді азамат. Мешіттің ашылуында осы бастамасы арқылы елдің дәстүрлі танымнан табан ажыратпауына өлшеусіз үлес қосқан Талғат Әзімханұлына ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойын­ша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» бас имамы Болатбек Ұласқанұлы көп алдында ризашылығын жеткізіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғысхаты мен арнайы сыйлығын табыс етті.

– Бүгінгі ашылып жатқан Айқожа бабамыздың атындағы мешіт пен мед­ресе­мізді Алла құтты, берекелі етсін. Таңмен таласып, бала-шаға, отбасы­мызға шарапаты тисін деген ниетпен келіп тұрған ағайын тілектеріңіз қабыл болсын. Сыр бойында 185 мешіт болса, бүгін Жаңақорғанда ашылған имандылық үйі осындай руха­ният бе­сігінің қатарын көбейтіп отыр. Өзге аудан орталықтарында бірлі-екілі мешіт болса, осы Жаңақорған кентінің өзінде 7 имандылық үйі бар. Бұл аудан хал­қының ауызбіршілігінің, ынтыма­ғының көрінісі, – деді облыстың бас имамы.

Мешіт пен оқу орталығының ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков көпшілікті құттықтап, Айқожа ишан өмірінің соңы­на дейін халықты діни-ағарту ісімен айналысқан тұлға екендігіне тоқталды. Жұртты жақсы­лық­қа тәрбиелеп, адас­тырмас тура жолда болуына септігі тие­тін мына орталық иман­дылық ишан ұрпағының жүрегінен де берік орын алғандығын көрсететінін атап өткен ол жиналғандарға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқып берді.

Аймақ басшысы өз лебізінде Айқожа туған жерге туын тігіп, бұқараға қыз­мет етуі де өнеге екендігінен бас­тап, көзқарасы айқын, санасы сергек, дәс­түрге берік ұрпақ тәрбиелеуде ғұла­ма ғалымның мұраларын ұрпаққа жет­кізіп, насихаттау үшін рухани бастаманы ұйымдастырушыларға алғысын жеткізеді.

Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденің иегері, Жаңақорған, Сырдария, Шиелі аудан­дары мен Қызылорда қаласының Құр­метті азаматы Ибрагим Әбибуллаев Жа­ңақорған ауданын басқарған тұстағы тарихи Ақтас мешітін абаттандыру бас­тамасын сөз етті. Мешіт лентасы қиылған сәттен кейін баба ұрпағы Ұзақбай Зекенов ақсақал көпке бата берді.

Мешіт алдында «Айқожа ишан: Әулеттің асыл мұрасы» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, баба өмірі мен қызметі, ұрпақтары жайлы жаңа туынды көп игілігіне айналды. Кітап авторы – осы бағытта ұзақ жылдардан бері ізденісін үзбей келе жатқан белгілі журналист Айгүл Уайсова. Әріптесіміз әлі күнге қазақ жеріндегі діни ағартушылар мұрасын зерттеуде біржақты көзқарас басым түсіп жатқандығын айтады.

Оқу орталығының бір бөлмесі музейге айналдырылып, ишан тұтынған, ұрпақтары кәдеге жаратқан жәдігерлер қойылыпты. Музей төрінде Айқожа бабаның тақиясы тұр. Ишанның үлкен ұлы Ибадулладан тарайтын жетінші ұрпағы Хасен Кәрәмат бізге көне Құран кітабы мен киелі мұра сақталған былғары қаптың тарихын таныстырды. Талай ғасыр өтсе де, сыны бұ­зылмаған самауыр да келушілер назарын аударады. Бізді тарихи мұраны тасаламай, көпшілікке ұсынған ұрпақтарының бас­тамасы қуантты.

 

Дінтанудағы көкейкесті тақырып

Баба рухына бағышталған аста белгілі ғалым, философия ғылымдарының док­торы Досай Кенжетай Қазақ мемле­кеттілігі тарихындағы «төрелер мен қо­­жалар» институты әлі күнге ғылы­ми зерттеулер ас­пектісіне айнала қой­ма­ғандығына қын­жылыс білдір­ді. Қара­таудан кәріз қазды­рып, су шығар­ған, елді егін егуге баулып, медре­се-мешіт салып, білім берген, саяси қайраткерлігі мен діндарлығы қатар сом­далған Айқожа ишан өмірі мен қызме­тін тани түсуге деген талпынысқа тілектестігін жеткізді.

– Сол тұстағы тарихи танымдық ірілі-ұсақ­ты оқиғалар да Айқожа ишан тұлғасы­мен салыстырыла зерттелуге тиіс. Сонымен қатар оның ұрпақтарының да дерек-мәліметі нақтылануы керек. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесе­несі алдында бабадан тараған 60 адам оққа байланды деген дерек бар. Осы­дан-ақ ишанның қазақ даласындағы дін Исламның білім беру жүйесіндегі орны мен рөлі айқындала түседі, – дейді ғалым.

Ауғанстаннан келген ишанның ұс­тазы Ис­лам шайх ұрпақтары бастамаға ризашы­лық­тарын білдірді. Екі күнге созылған іс-шарада бір байқағанымыз, салынған мешіт пен орталықты көпке көрсетуден бөлек, бабаның өмір жолын, тұлғалық болмысын таразылау, елге жасаған қызметі жайлы нақты дерек жинау, оны кейінгі ұрпақ кәдесіне жарату ниетінің басым болғандығы. Осы істің бәріне баба ұрпағы Талғат Әзімханұлы бастамашы болып, халықаралық дең­гейде ұйымдастырылған «Айқожа ишан және Сыр бойындағы тасаввуф иелерінің функционалдық қыз­меттері мен қилы тағдыры» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда зерттеулер қорытындысынан бөлек келелі ойлар, ұтымды ұсыныстар айтылды.

Кәсіпкер демеушілігімен 3 кітап жарық­қа шығып отыр. «Айқожа ишан: Әулеттің асыл мұрасы» атты бірінші кітапта Айқожа ишан ұрпақтарының Жаңақорған өңірінде халыққа қам­қорлық танытып, иманды­лық қалқаны болып, қазақ даласындағы дін Ислам­ның гүлденуіне қызмет еткені баян­далады. Сонымен қатар ишан және мақсымдардың, шейхтардың және ата жолынан ажырамаған бүгінгі ұр­пақ­тарының мұрасын қамтыған жинақ қалың оқырманға арналған. «Өзімнің білгенімді сөз қылайын» деген келесі туынды Айқожа ишан ұр­пақ­тарының қолжазбалары негізінде құралыпты. Осыдан елу жыл бұрын Карамат Әбіл­әмитұлының жазып қалдырған жазба­ларынан «Һарут уа Марут» қис­сасы мен Нұралы Нысанбайұлының «Үш мұңлы» қиссасы, сонымен бірге Сейдахметұлы Жапар мағзұм мен Әбдіғаппар (Қапаш) Іскен­дірұлы жазып қалдырған зікірлерін баяндайды.

Үшінші кітап – Самарқанд қала­сын­дағы Имам Бухари атындағы халық­аралық ғылыми-зерттеу инсти­тутының доценті, теоло­гия ғылым­дары­ның докторы Михро­жид­дин Амо­новтың «Орта Азиядағы Нақш­бандия-Мужаддидия тариқаты» кіта­бының аудармасы. Жақында баспа жүзін көрген туынды жұрт қолына тиді.

 Михрожиддин Амоновтың зерттеуі бойынша сопылық жолының силсәләсі сонау Абу Бакр Сиддиқ розияллоҳу анҳуден (ваф. 13/634) басталып, Түр­кістан өңірінен Айқожа ишанмен аяқ­талады.

Конференцияға алыс-жақын мемлекеттерден 140-қа жуық ғалым шақы­рылып, баяндама жасаушылар Қазақ­стандағы сопылық жол, Тасаввуф иеле­рінің мұрасы, өткен ғасырдағы діни мектептер туралы, сондай-ақ Сыр өңіріндегі дін Исламның қалып­тасуындағы Айқожа ишан мен замандастарының миссиясы мен рөлі жөнінде таразылады.

Конференцияда философия ғылым­дары­ның докторы, профессор Әміреқұл Әбуов ізгілікті іске табыс тілеп, ризашы­лы­ғын білдірді. Ясауитану ғылыми-зерт­теу институтының директоры Нұрлан Ман­сұров діни мектеп қалыптастырған, әулие­лік сипатқа ие ишандар мектебінің ұлт ру­ханиятындағы алар орнына тоқталды. Олар білім беру дәстүрінде тек Құран, хадиспен шектелмей дүнияуи ілімге де ден қойған.

– Ишан дегеніміз – әулиелік таным сипаты. Біздің өткеннен дәуір дәстүрінен алшақтағанымыз соншалық қазір осы әулиелік сипат дегенді де таныта алмай жатырмыз. Бұл кісілер сол кездегі салт пен дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, халықтың ұлттық болмысын сақтап қалатын бірлік пен ынтымаққа негізделген мектеп құрған. Танымалдық та, тақуалық та осы үш негізден бастау алады. Бабалардың осындай ерекшелігі болмаса, артынан халық ермейді. Осыдан да кеңестік саясат әуелі осындай тұлғаларға кәрін төккен, – дейді ғалым.

Тарих ғылымдарының докторы Хазрет­әлі Тұрсын ишан әулетінен 20-30-жылдары қуғын көрген Ибадулла­ұлы Сәруар ишан туралы деректер айтты.

– Сәруар ишан туралы құжаттар әлі толық қолымызға тиген жоқ. Барын там-тұмдап материалдарға енгізіп жатырмыз. Өзгеше тағдырды бастан кешкен әулетке жасаған құрметтеріңізге ризамыз. Мешіт те, оқу орталығы да тамаша. Мынадай бір мәселені айтқым келеді. Өзі басқарып отырған мешіт атын иеленген тұлғаны танымайтын имамдар да бар. Оларды білімсіз дей алмаймыз, дені шетелден оқып келген мамандар. Бірақ ұлттың өткенінен, тұлғалар тарихынан хабарсыз. Осы жағын ескерсек, дұрыс болар еді, – деді ғалым.

 

Бабалар салған жол

Осы күні көп жылдан бері ишан тарихын зерттеп жүрген азаматтарға да құрмет көрсетілді. Ел азаматтары баба ру­хын тірілтпек талап жолында жүрген белгілі режиссер Қалила Омаровтың иығы­на шапан жапты, әріптесіміз Айгүл Уай­соваға да осындай ілтипат жасалды.

– Көп жылдан бері ойға алған істің орындалуына себепкер болған Талғат Әші­мов бауырымыз, – дейді режиссер. – Аза­­­маттың қолдауымен Өзбекстандағы Самарқан, Бұқара, Қоқан, Ташкент қала­лары архивтерінен дерек іздедік, Ауған­с­танға сапар шегіп, деректі фильм ма­териал­дарын таспаладық. Сапар барысында бабамыздың ұстазы Ислам шайх ұр­пақтарымен тілдестік. Бабамыз оқыған медре­сені көріп, тәу еттік. Енді Жаңа­қорғаннан басталған той Алматыда жалғаса­ды деп отырмыз. Қазақты отар­шылардың діни басқыншылыған аман алып қалған ишан жайлы қойылым премьерасы өтеді. Бейнелеу өнері ба­ғытында да ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылады, – дейді режиссер.

Ауған жұртты ізіне жақсылықтың дәнін сепкен әулиені «Осиёб Айқожа» деп таниды екен. Бұл «диірменші Айқожа» дегенді білдірсе керек. Баба ізімен жол шеккен Талғат Әзімханұлы Хожа Баҳоуддин Нақшбанд Бухорий айтты дейтін «Бір қолың кәсіпте, жүрегің Аллада болсын» деген қағида осыдан қалғанын айтады.

Бұл пікірді баба ғұмырын зерттеуден түйген өзбекстандық ғалым Михро­жиддин Амоновтың байламы тірілте түскендей болды. «Ғұлама деңгейіне жеткен әрбір тұлға Алланы жете танумен қатар қарапайым еңбекті алдыңғы қатарға шығарады. Қолы – кәсібінде, Алласы – жүрегінде болған жанның ғана несібесі мен берекесі таусылмайды. Мен білімнің биігіне жету үшін тынбай еңбектенген Айқожа ишанды осындай мүмін бейнесінде көремін», деді ол. Өмір жолы қазақ мемлекеттілігімен біте қайнасып жатқан тұлғаның тарихи бейнесін көрсетуге арналған конференция материал­дары кейін жеке еңбек болып шығады.

– Жалпы, қазір бабамызды мақтан тұтқаннан гөрі олардың өнегесін кейін­гілер үшін адамдық пен адалдықтың ар­қауына айналдырғанымыз дұрыс. Өздеріңіз көріп отырған мешіт пен медресе осындай мақсатта бой көтерді. Бүгінгі конференцияда ғалымдар небір тың мәліметтер, ұтымды ұсыныстар айтып, салиқалы әңгіме сорабын салды. Кешегі өткен үлкендеріміздің қолына су құйып, батасын алған біздер үшін аталарымыз жайлы әр дерек алтыннан қымбат. Енді осыны кейінгі жастардың құлағына құюымыз керек. Кітап шығарып, шәкірттерге мешіт-медресе соғып жүргендегі ойымыз осындай тәрбие тінін кейінге жалғау еді. Ниетімізді түсініп, қолдау танытқан барша ағайынға алғыс айтамыз, – дейді Талғат Әзімханұлы.

Оның айтуынша, деректердің көпшілігі ишан ұрпақтарының үйінен табылыпты. Талай жыл тасада сақталып келген құнды мұралар енді ел игілігіне жарайды. Атадан қалған тағы қырық шақты кітап бар екен. Талғат Әзімханұлы алда медицина, шариғат ілімі, жаратылыстану, басқа да бағыттарда шағатай тілінде жазылған құнды мұраны қазақшаға аудартып, бастырып шығуды жоспарлап отыр.

Қаратаудың қойнауын қуанышқа бөлеп, өлмес рухтың рәуішін сепкен іс-шарадан көп ой түйдік. Өткенім­нен тамыр үзбеймін деп аталар рухын жаңғыртқан азаматтарға ел риза­шылығына куә болдық.

 

Қызылорда