• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Технология 27 Қазан, 2023

Жасанды интеллект: деңгейіміз қандай?

310 рет
көрсетілді

Өткен жылдың желтоқсанында «Oxford Insights» компаниясы «Үкіметтің жасанды интеллектке дайындық индексі-2022» зерттеуін жариялады. Индекс әлем елдері үкіметтерінің мемлекеттік қызметтерді ұсынуда жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуге дайындық көрсеткіштерін бағалайды.

«Oxford Insights» – түрлі ұйым мен үкіметке цифр­лық трансформациядан туын­дай­тын стратегиялық, мә­де­ни және көшбасшылық мүм­кін­діктер туралы кеңес беретін ағыл­­­шынның консалтинг ком­паниясы. Ол аталған ин­дексті алғаш рет 2017 жылы дү­ниежүзінің 160 мемлекетін қам­тып жариялаған еді. Ал 2022 жылғы есепте әлемнің 181 мемлекеті қамтылып, те­рең зерттеуге негізделген. Ин­декске 3 негізгі компонентті құрайтын 10 өлшем бойынша 39 көрсеткіш енгізілген. Ста­тис­тикалық мәліметтер ма­ман­дар талдауынан өтіп, жасан­ды интеллект саласындағы әлем ел­дерінің көрсеткіштеріне 2022 жылдың қорытындысымен жаңа рейтинг кестесі берілген.

Индексте қарастырылған үш негізгі компонентке жеке тоқ­талсақ:

Үкімет қолдауы

Үкімет этикалық мәселелерді (governance & ethics) реттеуге назар аудара отырып, AI-ды қалай дамытатыны және басқаратыны туралы стратегиялық құжаттарда бекітілген мемлекеттік көз­қа­ра­сы болуы керек. Есепте жа­санды интеллект пен жаңа тех­но­логиялар шарттарына бе­йім­делуді іске асыратын дағ­дылар мен тәжірибелерді қоса ал­ғанда, мемлекеттің қуат­ты ішкі цифрлық әлеуетінің көр­сет­кіш­те­рі­не баға берілген.

Технологиялық сектордың негізі

Үкімет елдің технологиялық секторына жасанды интеллект құралдарының тиімді енгізілуіне мүдделі болып, оларды жеткізу тетіктерін жасақтауы керек. Ел­дің технологиялық секторы кә­сіпкерлікті қолдайтын іскерлік ор­та­мен, ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік-конс­трук­­тор­­лық шы­ғындардың ағы­ны­мен қам­та­масыз етілген жо­ға­ры ин­но­вациялық әлеуетке ие болу­ға тиіс. Есепте адами ка­пи­тал­дың жоғары деңгейі, атап айт­қан­да, осы салада жұмыс іс­тей­тін мамандардың дағдылары мен білім көрсеткіштері де өте ма­ңыз­ды факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

Деректер және инфра­құ­рылым компоненті

Жасанды интеллект құралдары жоғары сапалы деректерді (деректердің қол жетім­ді­лігі) қа­жет етеді. Деректер бір­жақты әрі қате мәліметтерден құрал­ма­уға тиіс (деректердің репрезентативтілігі). Сонымен қатар индексте бұл деректердің әлеуетін жасанды интеллект құ­рал­дарының пайдалануы және оларды ел азаматтарының қолдануына ұсыну үшін қажетті инфрақұрылым мүмкіндігінің көрсеткіштері қамтылған.

Индекстен көріп отыр­ға­­нымыздай, әлемнің көш­бас­шысы – АҚШ. Тех­но­ло­гиялық университеттер саны, ғылыми институт­тар­дың мүм­кін­дігі, мамандардың қабі­ле­ті сынды көрсеткіштер бұл елді әлемнің көшбасшысына ай­нал­дырды. Азиядан үш мем­лекет – Сингапур, Оңтүстік Ко­рея мен Жапония алғашқы ондыққа енген. Сингапур жалпы ұпай санымен екінші орында тұрғанымен, екі негізгі көрсеткіш бойынша АҚШ-тан озық тұр. Еуропа елдерінен Ұлыбритания 3-орынға тұрақтаса, Финляндия – 4, Франция 7-орынды иеленген. Атап өту керек, Ұлыбритания 2017 жылғы есепте 1-орыннан көрінген. Индексте Малайзия – 29, Ресей 40-орынға тұрақтаса, Түркия – 49, Қазақстан – 72, Әзербайжан – 74, Өзбекстан 79-орынды иеленген. Кестенің соңында 180-Сирия, 181-орын­да Ауғанстан орналас­қан.

Жасанды интеллект кейінгі 2-3 жылда «ChatGPT» сынды жаңа өнімдердің келуімен қар­қын­ды дамып келеді. Бүгінде медицинадан бастап, қауіпсіздік саласы, қызмет көрсету, өндіріс орындарын автоматтандыру, ғарыш пен роботтехника секілді экономиканың сан саласында жасанды интеллект мүмкіндіктері барынша тиімді қолданылады. Бір ғана мысал, күрделі ме­дициналық операцияларды жа­санды интеллект мүм­кін­ді­гімен жабдықталған тех­но­ло­гияның көмегімен сәтті іске асыру бағытында адамзат бала­сы­ның жеткен жетістіктері орасан зор. Әлем мемлекеттері жа­санды интеллектің бұл мүм­­кіндіктерін мемлекеттік қыз­мет көрсету саласында ба­­рын­ша қолданысқа енгізу мүм­­кі­н­діктерін қарастырған. Ал тех­но­логиясы озық елдер жа­санды интеллект өнімдерін, ар­найы бағдарламаларын, қосым­ша­ларын өндіруден бәсекеге түсіп келеді.

Құнды статистикалық мәлі­мет­терге толы индекс шешім қа­­­­былдаушы азаматтарға, ға­лымдар мен осы салаға қы­зы­ғу­шы ма­ман­дар­ға көмекші құрал бола алады.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы