Әлемдік алыс-беріс пен сауда-саттық үдерісінде контейнерлік тасымал қарқынды даму үстінде. Бұл лекке Қазақстан да ілесіп келеді. Еуразия кеңістігінің орта тұсына орналасқан байтақ елімізде 11 халықаралық транзиттік дәліз бар. Олар Шығыс пен Батыс қатынасында теңіз жолдарынан 2,5 есе дерлік қысқа. Ел мен елді жалғауда ұтатын тұсымыз – осы.
Елдегі теміржол инфрақұрылымын және транзиттік әлеуетті дамыту – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ үшін күн тәртібіндегі басты мәселе. Өйткені компанияның негізгі кірісі осы транзиттік тасымалдан түсетіні мәлім. Нақты деректерге сүйенсек, Қытай/Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропа арасындағы контейнер ағынының 5-8%-ы Қазақстанға тиесілі екен.
Атап айтқанда, негізгі транзиттік дәліз – Қытай – Еуропа – Қытай бағыты. Бұл аралықты Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің теміржол әкімшіліктерінен құрылған ОТЛК ЕРА бірлескен кәсіпорны жүзеге асырып жүр. Мәселен, аталған үш елдің теміржолдары бірлескен кәсіпорнымен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 350 мың ЖФЭ тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 14%-ға артық болып отыр. Ең көп сұранысқа ие тауарлар: құрал-жабдықтар, тұрмыстық техника, қағаз және картон, сондай-ақ автокөліктер екен. Экспорттық-импорттық қызметтерде ОТЛК ЕРА тасымалдаудың 2/3 бөлігін құраса, тағы 1/3 бөлігі Қытай – Еуропа – Қытай транзиттік қызметтерінің еншісінде екен.
Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа – Қытай теміржол бағыты бойынша 10 контейнердің 9-ы ОТЛК ЕРА компаниясымен тасымалданады. Компанияның Қазақстандағы контейнерлік тасымалдау нарығындағы үлесі 50%-дан асады. Бұл компания 2023 жылдың соңына дейін 700 000 ЖФЭ тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұйыртса, таяу болашақта негізгі бағыт бойынша бір миллион контейнерге жету мақсаты жоспарда бар.
Негізінде Қазақстан 2025 жылға дейін еліміздің транзиттік және көлік бағыттарын әртараптандыру және кешенді логистикалық шешімдерді енгізу үшін 20 миллиард доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Соңғы 15 жылда еліміздің көлік саласын дамытуға 35 млрд долларға жуық инвестиция салынған.