Астанада Тәуелсіздік көшесі бойында жаңа көпір бой көтерді. Енді учаскелердегі кептеліс айтарлықтай азая түседі, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мысалы, Мәңгілік Ел даңғылында көлік кептелісі 20%, Сарайшық көшесі мен Ұлы Дала көпірінде 15% жеңілдеген. Сондай-ақ Керей-Жәнібек хандар, Әл-Фараби көшелері және Ұлы Дала даңғылы бойынша трафик жанданып тұр.
Бұдан бөлек, жаңа көпір Алматы мен Есіл аудандарының арасын жалғайды. Сондай-ақ жолдардағы қозғалысты едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Р.Қошқарбаев даңғылымен, Ж.Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешітімен, А.Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Б.Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді.
Естеріңізге салайық, көпір сегіз жолақты, екі бағытта төрт жолақтан бар. Көпір бүйірлерінде жаяу жүргіншілер аумақтары мен веложолдар жасалған. Көгалдандыру жұмысы көктемде аяқталады.