Қарабалық ауданына қарасты Михайлов ауылдық округінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Талғат Қаймусинді жергілікті тұрғындар антына адал сақшы, көпке жанашыр, қырағы полиция қызметкері деп біледі.
– Талғат Сағындықұлы біздің ауылда 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Нағыз халыққа жақын полицей деп атауға лайық азамат. Осы елдің малы жоғалса, соны іздеп тапқанша тыным таппай маңайдағы ауылдарды шарлап кетеді. Жалғызбасты қарияларға көмек керек болса да, біреудің көлігі жолда қалып қойса да, жұрттың бәрі, ең алдымен, Талғатты іздейді. Үнемі елдің көз алдында жүреді. Қысылтаяң шақта батыл қимылдап, бірнеше тұрғынды ажал аузынан арашалап алды. Нағыз батыр жігіт, – дейді Михаилов ауылдық округінің әкімі Қайсар Әубәкіров.
Қызметтік борышына адал тәртіп сақшысының ауыл тұрғындарын бір емес, бірнеше рет ажал аранынан алып шығып, арты ауыр қайғыға соқтырайын деп тұрған оқыс оқиғалардың бетін қайтарған кездері де болған. Мысалы, былтыр 23 ақпанда әдеттегідей түнгі міндетін атқаруға шыққан полиция майоры тұрғын үйлердің бірінің дәлізінен қою түтін будақтап жатқанын байқап қалады. Сол маңайда тұратын Андрей Евченко екеуі жалма-жан әлгі үйдің терезесін қағып, іште алаңсыз ұйықтап жатқан тұрғындарды оята бастайды. Одан қайыр болмаған соң есікті сындырып ішке кірген учаскелік полиция инспекторы қолқаны қапқан көк түтін мен жалаңдап жаңа лаулай бастаған қып-қызыл жалынның ішінен екі зейнеткерді сыртқа алып шығады.
Қысылтаяң сәтте жедел қимылдап, екі бірдей өмірді ажалдан арашалап қалған қайсар полицейдің ерлік ісі жоғарғы басшылыққа да жетеді. Артынша бір-екі айдан кейін Майор Қаймусин Астанаға шақыртылып, Ішкі істер министрінің қолынан «Ерлігі үшін» медалін алады.
Талғат Қаймусин былтыр қақаған қыстың ортасында құдыққа құлап кеткен ауыл тұрғынын да аман алып қалды.
– Түнге қарай жұмыстан кеш келіп, су алып келуге қайта сыртқа шыққан бетім еді. Қарсы алдымнан жүгіріп шыққан жергілікті тұрғын Евгений Одиноков Алексей есімді серігінің құдыққа құлап кеткенін айтты. Жүгіріп құдықтың басына жеттік. Тереңдігі 15 метр. Ұзын темір арқан лақтырып едік, тарта бергенімізде шыдамай үзіліп кетті. Құдықтың ішіндегі судың тереңдігі шамамен екі метрдей болып қалады. Содан әлгі арқанды жалғап, Алексейге қайта лақтырып, «шамаң жеткенше беліңе мықтап орап ал» дедім. Тым құрығанда мұздай судың бетіне алып шығу керек. Алексейді әупірімдеп жүріп судың бетіне шығардық. Енді бері тартайық десек, шіріп тұрған темір арқан үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан Евгенийді жіп арқанға жұмсап, ол қайта оралғанша су бетінде ұстап тұрдым. Жіп арқан келісімен, Алексейді екеулеп жүріп сегіз минуттың ішінде құдықтан шығарып алдық, – дейді тәртіп сақшысы.
Қостанай облысы