• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Көрме 30 Қазан, 2023

Табиғатпен біртұтас «Ұмай түсі»

267 рет
көрсетілді

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның танымал суретшісі, қоршаған ортаны қорғау қозғалысының белсенді қайраткері Салтанат Тәшімованың «Ұмай түсі» атты жеке көрмесі ашылды. Қылқалам ше­берінің шығармашылығын қадағалап келе жатқан өнер­сүйер қауым мен музей меймандары алдағы бір ай бойы отыздан астам кескіндемелік туындыны тамашалай алады.

С.Тәшімованың туындылары Қазақстан, АҚШ, Гер­мания, Ресей және Жаңа Зе­ландияның жеке коллекцияларында сақталған. Салтанат модель және актриса ретінде де көпшілікке танымал. Көр­меде портреттер, натюрморт­тар, қала көріністері мен су­ретшінің жартылай абс­трак­тілі кескіндеме сти­лін­де орындаған өзге де кар­ти­­налары көпшілік наза­рына ұсынылды. Өз шы­ғар­ма­ларында табиғаттың те­рең құпиясын ашуға талпынатын суретші ой мен сезімнің кең спектрін жеткізетін күрделі түс композицияларын бейнелейді. Салтанат «Дәруіш биі», «Сазсырнай үні», «Азия иірімдері» атты туындыларында дала сарындарын сиқырлы бояу түс­те­рімен нәзік үндестіреді. Қор­­­шаған ортамен тығыз бір­­лікте өмір сүрген ата-баба дү­ниетанымының қайнар көзі табиғатпен байланысты қалыптасқаны белгілі. Ұлы жаратушыны «Тәңірі» деп танып, табиғатты оның тамаша туын­дысы деп түсінген қазақ халқы табиғатты аялау арқылы оған үлкен құрмет көрсеткен. Сондықтан да табиғатқа бай­ланысты қалыптасқан үрдіс­тердің бүгінгі күнге дейін сақ­талып, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізде көрініс тауып жа­татыны заңды құбылыс.

Көрме жетекшісі Г.Жұ­ба­нованың суретші шығар­маларына жасаған тал­дауы тым терең. Өнер зерттеушісінің айтуынша, Сал­танат Тәші­мо­ваны суретші ретінде өмір­дің философиялық өнегесі мен қоршаған орта көбірек толғандырады. Осы тақырып суретшінің «Рухтың самалы», «Әлемнің тоғысуы», «Айдың қарсы беті», «Әлем­дер­дің туылуы» атты еңбек­терінде тек күшті мен әлсіздің ғана емес, жан мен тәннің де таңдау бос­­тандығы жолындағы кү­ресі суреттеледі. Олар анық бей­неленбеген – қарапайым сы­­зықтардан құралған, алуа­н түстердің астасуымен кес­кінделген. Полотнолардағы пі­шіннің маңызын жоққа шы­ғара отырып, оны қиял әле­­мінен босатып, бояу­лар гам­­масы буырқанған жазира жазықтарға қарай же­телейді. Жылдам ойлау, түй­сіктегі дыбысты кенепке си­қырлы бояулармен құбылтып жазу С.Тәшімованың шығарма­шы­лығына тән. Оның басты идеясы – еркіндік, шығар­машылық мүмкіндігін толық ашу, дүние кеңіс­тігін танып-білудің жа­ңа фор­малары мен таным кате­горияларын іздеу. Адам та­би­ғатының өзгер­мей­тін, тұ­рақты әрі әрқилы бас­­­тауына бағыттап отыратын ми­­фо­логиялық сарын оның қыл­қа­ламына байлаулы. С.Тә­ші­­мованың жүрек тұң­ғиы­ғы­нан шыққан жарқын да жылы, шаттыққа толы көр­­кем әлемі суреткер мен оның шығар­маларына үңілген адам арасын тұтастырып жі­бе­реді. Суретшінің тосын пі­шін­­­­­дері мен тың бояулармен байла­нысқан композициялары, табиғат жара­тылысының үй­лесім­ділігі мен әсемдігін ай­­қын­дап, қазіргі күр­делі ке­зеңнің қайғы-мұңына қарсы тұрады.

 

АЛМАТЫ