Өскеменнің күншығысынан менмұндалап тұратын «Қазақстан» тауының ұшар басына жүгіріп шығудан сайыс өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған «Oskemen Run 2023» марафонына әуесқой спортшылардан бастап, кәсіби атлеттерге дейін қатысты.
Жүгіруден өзін сынап көреміз деген өскемендіктер биігінде көк байрағымыз желбіреген «Қазақстан» тауының етегіне жиналған. Мұнда қатысушылар мен көрермендер таңғы жаттығу жасады, дәмді палау мен ыстық шайдан дәм татып, жүрек жалғады. Содан кейін барып топ-топқа бөлінді.
Қатысушылардың алдына шығып, тәжірибесімен бөліскен белгілі спортшылардың ішінде ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов, пауэрлифтингтен облыс чемпионатының жүлдегері Ангелина Устинович, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Рената Жолдинова және 200 метрге каноэ есуде Азия ойындарының күміс жүлдегері Маргарита Торлоповалар болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған барлығы 200-ден аса спортшы қатысқан. Олардың арасында республикалық, халықаралық бәйгелерде жеңіс тұғырынан көрініп жүргендер де бар. Бұл бастаманы әуелде облыс әкімі Ермек Көшербаев көтеріп, қала басшылығы мен спорт мамандары бірауыздан қолдаған.
– Бұл жарысты жыл сайын өткізіп тұрсақ деген ойымыз бар. Биыл Республика күніне орай алғаш рет қолға алып отырмыз. Спортты серік еткендер үшін жарыстар жүгірумен ғана шектелмейді, басқа түрлерін қолға алып жатырмыз, – деді Өскеменнің әкімі Жақсылық Омар.
Жарыс жолына алғаш болып қыздар шықты. Үнемі тауға жүгіріп жүргендердің өзі мәрені бағындыру оңай емес екенін айтып жатты. Рас, жаттығу кезінде жарау аттай ойнақтап жүрген спортшылар таудың иық тұсына жете бере қоңыр аяңға басқан. Қара үзе жүгіргендер де болды. Десе де, тау басына дейін бір деммен жүгіріп шыққандар некен-саяқ еді. Қыздар тобы мәреге жеткен соң сөреге жігіттер тұрған. Олар да өрге қарай жүгіру – жазықтағы жүгірістен әлдеқайда ауыр екенін ә дегенде түсінген. Аяқ бұлшық еттері бұлтылдап тұрған атлеттер де асыққан жоқ. Биігіне жете бере ғана бәсекелестерін сезді ме, жұлқына алға ұмтылған. Жігіттер жағы орташа есеппен 6-8 минут аралығында тауға көтерілген екен. Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде көпшілік күтпеген жеңімпаздың есімін атағанда қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Өскемендегі №19 мектептің 11-сынып оқушысы Аян Қасымов, Федор Сухоносов, Данил Кузнецов сынды сұңғақ бойлы атлеттерді шаң қаптырып, 6 минут 8 секунд ішінде мәреге жеткен. Марапаттаудан кейін жеңімпазды сөзге тартып едік, жүгірумен мүлдем айналыспайтынын айтты.
– Негізінен велошабандозбын. Веложарыстарда алған жүлделерім бар. Ал тауға жүгіруге арнайы дайындалған да жоқпын. Бірінші рет жүгіріп шықтым, – деді Өскеменнің тумасы Аян.
Асықтай ұл қазірдің өзінде бірқатар спорттық жетістіктерге жеткен, ертеңгі күні еліміздің көк байрағын биіктен желбіретері анық. Республика күніне арналған іс-шаралар бұдан кейін концерттік бағдарламалармен жалғасын тапқан.
Өскемен