Қостанайда көркемсөз оқу шеберлерінің «Ыбырай оқулары» облыстық байқауы мәреге жетті. Ұлы ағартушының шығармаларындағы елшілдік, адамгершілік, адалдық, еңбексүйгіштік, білім-ғылымға құштарлық секілді өнегелі қасиеттерді насихаттап, дәнегін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында өткен білім жарысына өңір мектептерінен 70-ке жуық оқушы қатысты.
Дәстүрлі іс-шараны «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми оқу-әдістемелік орталығы мен Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының ұстаздары бірлесіп ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
Бекітілген ережеге сәйкес, 6-7 сынып оқушылары Ыбырай өлеңдерін мәнерлеп оқу шеберлігінен сынға түссе, олардан бір-екі жас ересектеу 8-9 сынып оқушылары ұлы ағартушының ғибратты әңгімелерін жатқа айтудан жарысты. Іс-шара барысында аудандық кезеңнен іріктеліп шыққан кілең үздіктердің Қостанай төріндегі көркемсөз сайысына үлкен үмітпен, ыждағатты дайындықпен келгені байқалып тұрды. Ыбырай шығармаларын мәнерлеп, нәтіне келтіре оқып, тыңдаушысын шын ұйыта білген оқушылармен қатар, ұлы ұстаздың қысқа әңгімелерін сахналық көрініс арқылы ашып жеткізе білген үміткерлер де көп.
Қазылар алқасының ұйғаруымен, байқаудың бас жүлдесін Ыбырай өлеңдерін түгелге дерлік жаттап алып, мәнеріне келтіріп оқып берген Арқалықтағы Кейкі батыр мектебінің 7-сынып оқушысы Мейірлан Қапез ұтып алды. Бірінші орынға Жангелдин ауданындағы Алтынсарин мектебінің 6-сынып оқушысы Жайна Алпысқызы лайық деп танылды.
Ыбырай әңгімелерін мәнерлеп оқу бойынша көптен ерек көркем өнер көрсеткен Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 8-сынып шәкірті Жанайым Сырғабайқызы бас жүлдені ұтып алды.
Жалпы, байқауға қатысқан оқушылар мен ұстаздардың ешқайсысы да құр қол қайтқан жоқ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар мен ескерткіш сыйлықтарға ие болса, қалған оқушыларға ұлы ағартушының шығармаларын насихаттаушы үлгілі шәкірт деген мазмұндағы алғысхаттар тапсырылды.
Қостанай облысы