Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Мексикада өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінің екінші матчында жеңіске жетті.
Е.Рыбакина әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен кортқа шығып, небәрі 22 минутқа созылған бірінші партияда қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ – 6:0. Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте грекиялық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Үшінші, шешуші партияда есеп 3:2 болған мезетте Елена брейк жасай білді – 4:2. Бірақ ізінше Марияның брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда отандық теннисші матчты эйспен түйіндеді – 7:6 (7:2).
2 сағат 25 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 6 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. М.Саккари 4 эйс, 1 брейкпен көзге түсті (7 брейк-пойнт).