Кез келген іргелі шығарманың соңында көл-көсір еңбек ізі мұнартады. Еңбексіз өсу жоқ, онсыз тұшымды үдеріс болмақ емес. Достары әйгілі Григорий Потаниннің ертеңгілік дарға асылар тұста түнімен неміс тілі сөздігін оқып шыққанын айтады. Ақыры үкім қайта қаралып, оқымысты ғалым ажал тырнағынан аман қалады.
Қасиетті Құранда: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» дейді. Ал шежірелі Шығыс даналығында «патшалар адамдарды басқарады, ал ілім иелері патшаларды басқарады» деген тәмсіл бар. Талант берген Жаратқан оны ұштайтын талапты да берері сөзсіз. Ал кейбір талант иелері азырақ жетістікке мас болып, мақтанға еріп, шөлге түскен тамшыдай жоғалып жатады. Әдебиет саласында жетістікке жеткен жандардан жанкешті еңбектің табын көреміз. Аса ізденімпаз жазушы Мұхтар Мағауин «Құдай талантты несиеге береді, оны адам өзі еңбекпен алмайды. Егер сол талантын дұрыс жұмсай алса, мұратына жетеді, ал рәсуа етсе, жаманшылыққа ұшырайды» деп еңбектің шығармашылықтағы мәнін айқындайды. Мағауин ізденісі кейінгі толқынға үлгі боларлық арна іспетті. Әр сағатын, әр минутын білімге арнаған жазушының «Аласапыранды» жазу үшін жиырма жылдай архив ақтарғаны – ірі тәуекелшілдік. «Мен» ғұмырнамалық романын оқыған әр адам өз уақытына шектеу қойып, оң-солын бағамдауға үйренері даусыз.
Ең ғажабы – жиырмасыншы ғасыр басындағы қаһарлы саясаттың езгісінде жүріп соңына құнды жәдігерлер қалдырған жанкешті Алаш арыстарының еңбегі. Тұтас бір дәуірді жарыққа сүйреген сом таланттар, бірі «маса», бірі «пайғамбар», бірі «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан күн болып» ұлт санасына сілкініс енгізді.
Ілияс Жансүгіровтің өмір жолына үңілсек, медресе бітіріп ауылда біршама тұрақтаған ақын ілім жолында батыл қадамдарға барады. 26 жасында Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтына оқуға түссе, 1925 жылы 31 жасында Мәскеуге оқуға аттанып, үш жыл әлемдік інжу-маржандардың тереңіне сүңгиді. Әдебиет саласын ғана емес, адамзатқа рухани азық сыйлаған өзге де өнер түрлерін зерделеп, атақты Горькиймен кездесіп әңгіме дүкен құрады. Жансүгіров жолы ізденіс пен білімге, еңбекке толы сарабдал жол еді. Сонысымен де ұлттық поэзиямызға құбылыс әкеліп, мектеп қалыптастырды. Алаштың Әлихан Бөкейхановы бір хатында өз үйіне келіп, «қайтсем де орыс тілін үйренемін!» деген айбынды талабымен кеудесі оттай жанған Сұлтанмахмұтты айтып, ерекше сүйсінетіні бар. Сұлтанмахмұт ақын бір өлеңінде:
«Оллаһи! Ант етемін Алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен», – деп өз-өзіне ант береді. Ұлы мақсат жолында білте шамға үңілген адуынды дарынның үлкен ізденіс шыңырауына құлаш сермегенін байқаймыз. Ал Мағжанның «Еуропалық әшекейлермен» көмкерілген рухты жырлары мен тарихи, этнографиялық шежіреге толы шығармалары шұңғыма білімінің бір дәлелі. Ақынның Батысқа сапары жаңа, қайшылықты көзқарасқа толы.
Күн батысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Білген емес иман деген не нәрсе,
Қарын деген сөзді ғана жаттаған!
Иә, ол жан сырынан гөрі тәнге, технологиялық жолға көбірек үңілген сол кездегі Батыс ғылымына наз айтып, ақиқат нұрын жанына жақын тұтады.
XX ғасырда ұлттық поэзиямызға лек-легімен келген тұлғалар тобын атағанда жанкешті ақын Қадыр Мырза Әлі есімін атамау мүмкін емес. Ақын әр сағатын жоспарлы түрде іске асырып, қырық жастан соң біржола шығармашылыққа бет қояды. Ал жыл сайын кітабы шыққан Жұмекен ақынның, көзі тірісінде сегіз жинағы жарық көрген Мұқағали еңбекқорлығы да қордалы тақырыпқа жүк.
Жазушы Антон Чехов суретші ағасына жазған хатында тегеурінді ізденістің орасан зор рөлін жеткізеді. «Ортадан дәрежең төмен тұрмау үшін «Фаустан» монолог жаттау жеткіліксіз. Оған күндіз-түні үзіліссіз еңбек, мәңгілік оқу, еркіндік қажет. Біздің үйге кел де жатып алып оқы, тым құрығанда өзің оқып көрмеген Тургеневті парақтап шық». Білімсіздікке жаны қас жазушы айналасына шуақ шашып, әр адаммен өз дәрежесінде сөйлеседі. Тіпті күрделі сөйлеуге тырысқан жергілікті әйелдерге мармеладты жақсы көретінін айтып, мәз-мәйрам етеді.
Лев Толстой «Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» деген екен. Міне, жазушының бұл сөзі алуан ойдан, кенен тәжірбиеден туған пікір. Өйткені «шабыт дегеніміз – ізденіс» екені талассыз ақиқат.