Түркістан облысы тауарлы балық өндіруден республика бойынша көш басында. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекетте қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, аква өсіру бойынша жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қарастырылып, 31 шаруашылыққа субсидия берілген. Бұдан бөлек инвестициялық салымдарды субсидиялауға биыл республикалық бюджеттен 226,2 млн теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде, 4 шаруашылыққа 1,6 млрд теңге несие беру қолдау тапқан.
Бұл деректер Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту, жас кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында өткен «Балыққа өмір сыйла» атты республикалық форумда келтірілді. Алматы облысының «Балық мектеп» ЖШС, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған форумға 300-ге жуық отандық белсенді бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер, тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері қатысты. Форумда облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Үкіметтің қаулысымен 2030 жылға дейін еліміз бойынша 270,0 мың тонна тауарлы балық өсіру бағдарламасы бекітілгенін еске салды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама аясында 2030 жылы облыста балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Биыл өңірде 6 640 тонна тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Бүгінде бұл жоспарды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді Ермек Кенжеханұлы.
Өңірде жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 84-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Балық өсіру секторында 130-ға жуық шаруашылық жұмыс істеп отыр. Облыстың аудан, қала әкімдіктерінде балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланған. Форум барысында балық шаруашылығы ассоциациясын құру бойынша қарар қабылданып, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жаңадан құрылған қауымдастық облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетпек. Сондай-ақ форум аясында балық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды, тәжірибе алмасты. Састөбе көлі мен Шымкент қаласының аумағында орналасқан Бадам су қоймасына 100 мың дана тұқы балығының шабақтары жіберілді.
Айта кетейік, 2022-2023 жылдары Алматы облысында орналасқан «Балық мектебін» облыстың 76 кәсіпкері бітірген. Ал Шардара ауданындағы «Хамит» ауыл өндірістік кооперативінде балық өсіру бойынша 86 кәсіпкер білімін жетілдірген. Қазіргі таңда кәсіпкерлер балық өсіру шаруашылығын құруға қолдау көрсетіп жүр.
Түркістан облысы