• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Теңге 02 Қараша, 2023

Теңге тарихы тереңде...

793 рет
көрсетілді

Төл теңгеміздің тарихы ақша айналысқа енген 1993 жылдың 15 қарашасынан бастау алады. Оған дейін ел азаматтары түрлі валюта құралын пайдаланып келді. Соңғы қолданылған ақша бірлігі Қазақстан КСРО құрамында болған кездегі кеңестік рубль-тұғын.

Сарапшылар ұлттық валюта атауын таңдауда үлкен тартыс болғанын, «алтын», «ақша», «таньга» (тенга) нұсқалары ұсынылғанын айтады. Ортағасырлық түркі күміс монеталардың «денге» немесе «танга» деген тарихи атауы болған. Тіпті сом деп атау да ұсынылыпты. Себебі КСРО банкноттарында рубль қазақ тіліне аударылғанда осылай аталған. 1993 жылы Қырғыз Республикасы қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» атауы қабылданды. Ресми түрде бұл терминді академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін «тиын» деп атады. Ұлттық валю­­таның өз символы бар (₸). Бұл белгі тең­ге­­нің графикалық түрі – транскрипция­да «тең­ге» сөзі басталатын «т» дыбысын, сон­­д­ай-ақ «тәңірі» дыбысын білдіретін көне түр­кі алфавитінің символы. Символ ақ­ша бір­лігінің тұрақтылығы идеясын, жоға­ры әлеуетін, даму динамикасын және ел экономикасының өсуін білдіреді.

 

Қазақ тарихындағы теңгенің орны...

30 жыл бұрын қазақтың ұлттық валю­тасы теңге айналымға шық­қан­да көңіліміз Алатаудың тө­ріне барып қонғандай күйді кеш­ке­німізді әлі күнге дейін ұмыт­қан жоқпыз. Сырт сипаты әлемдегі барлық валюталардан дараланып тұратын, көзімізді ашып көр­ген төл ақшамыздың атауы да тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі әлеміне жақын еді. Тарихқа үңіл­сек, теңге – ежелгі түркі қа­ға­на­тының қағаз ақшасы, түркі заманында оның номиналь­ды құны 1 ақ тиін терісіне тең болған. Нақ­ты­ласақ, тиын кейінірек жасалды. Сом – құйма күміс, ХIV ғасырдан бастап ірі ақша орнына жүрген.

Сауда айырбас құралдары теңге деген атаумен орта ғасыр­лар­да Азияның көп елдерінде, орыс князьдіктерінде айналымда болған. 704-766 жылдары Тараз шаһарында соғылып, айналымға енген қола теңгелер Түргеш мем­ле­кетінің қуаттылығын біл­діретіні, 1260-1280 жылдар аралығында Орталық Азияның 16-дай шаһарында монета соғатын ақша сарайлары жұмыс істегені жазбаларда айтылады. Олардың қатарында Тараз, Кенже, Жент теңге сарайлары ерекшеленгені де тарих беттерінде қатталып қалған.

– Еліміздің КСРО-дағы ор­тақ айналым рубль зонасынан кеш шыққанын ешкімнен жасыра алмаймыз. Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров бізбен әңгімесінде 1985 жылдан бас­тап бұрынғы кеңес одағында тоқырау басталғанын, мұнайдың халықаралық нарықтағы құны 10 долларға дейін түсіп, елдің эко­номикалық жағдайы күрт тө­мендеп кеткенін еске түсірді. «1991 жылы желтоқсанда үш славян мемлекеті Беловежьеде қол қойған келісіммен қызыл одақ құлады, бұрынғы кеңестік кеңістікте жаңа дәуір басталды. Алайда құрсауы мықты, ешкімді де аясынан шығармайтындай көрінген Кеңес өкіметінің басынан бақ тайса да Мәскеуге жалтақтап, қала бердік», – дейді Ғалым аға.

Ресей президенті Борис Ельцин болса, сол кезде Егор Гайдар бас­таған бір топ жас экономис­тер­ге үміт артты. Бағаны еркіне жібере салған саясатынан инфляция күрт өсіп, 1991-1993 жылдары 5 573 пайызға жетіп, бар-жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есеге өсіп кетті. 1993 жылы шілдеде Мәскеуде тағы бір кездесу болды. Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров Ресей бізбен әңгімесінде рубль аймағының өмір сүруін тоқтататынын, ал Қа­зақ­стан жаңа рубль аймағына кірмейтінін ашық айтқанын, оған тек Тәжікстан ғана өзінің ва­лю­талық жүйесін құра алмаған ел ретінде қабылданады деген ше­шім шығарылғанын еске тү­сір­ді. «Қазақстан Үкіметі рубль аймағына кіру идеясынан бас тартпай, осы бағыттағы жұмысын жалғастырды, бірақ Мәскеудің бұл үшін қойған шарттары біз үшін іс жүзінде қолайсыз болды. «Қазақстан жаңа рубль айма­ғы­на кіру үшін кем дегенде 700 миллион доллар көлемінде жи­нақ­талған алтын-валюта қорын Ресейге толығымен беріп, бюджет тапшылығының деңгейін келісіп, ақша-несие саясатына толық бағынуы керек болды. Ресей Федерациясының Орталық банкі қарапайым рубльге негізделген. Қазақстан үшін бұл экономикалық егемендіктен толықтай дерлік бас тартуды білдіреді», дейді Ғ.Байназаров.

Теңге дизайнының автор­ла­рының бірі – марқұм Тимур Сүлейменов осыдан бірер жыл бұрын кездескенімізде Одақ ыды­ра­ған кезде елдің алтын-валюталық резервінде әрқайсысы 16 кило болатын екі құйма алтын болғанын айтып берген болатын. Теңгенің бас-аяғы түгелденіп, айналымға шыққан кезде қазақ зиялылары тарапынан оның атауы туралы ұсыныстар көп айтылғанын Тимур ағадан естіген едік. Бірі – алтын деп атаса, бірі – кәпек деуді жөн көріпті. Ділда деп аталсын деген ұсыныстар да көп болған. Айналым құралдарының тарихын қанша ақтарсақ та – алтынның аты алтын, нақты ұғым. Тілла немесе ділда деген атау­ға ие болған айналым құрал­да­ры Хиуа, Бұхар әмірліктері тарихында жиі айтылса біздің тари­хымызбен түйіскен жерін таппадық. «Кәпек» деген ұғымның қазір қолданыстан шығып қалған ескі сөздердің қатарында екені белгілі. Белгілі түрколог-ғалым Немат Келімбетовтің жазбаларында қасқырдың ұрғашысының терісі кәпек деп аталатыны, оның орта ғасырларда айырбас құралы міндетін атқарғаны айтылған. Түбін қуып кетсек, КСРО жүйесі кезінде қолданыста болған «копеек» деген сөзінің түп-төркіні ұр­ғашы қасқырдың терісінен шық­қан.

«Теңге деген атаумен қоғам­ның оң жамбасына дөп келген ұсыныстың авторы – қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменов еді» деген пікір бар ел арасында. Олар бұған дәйек ретінде 1993 жылдың қыркүйек айында Олжас Сүлейменов Ұлттық банкке келіп, жұмыс тобына «қарап жүр­ме­ген­деріңізді, бірдеңе ойластырып жатқандарыңызды білемін. Ұлттық валютаға сұранып тұрған «теңге» атауы ғой» деген ұсыныс білдірген» деген деректі алға тартады. Мұндай ұсынысты жұмыс тобына қарата – ашықтан-ашық айту тек Олжастың қолынан келе­ті­ні белгілі. 1992 жылдың ақпан айында ұлттық валюта дайындау туралы Мемлекет басшысының аты құпия, бірақ реттік нөмірі белгілі шешімі Олжас ақынның Алматыдағы сая­жайында орындалды, жүзеге асты. Олжас Сүлей­ме­новпен осы мәселенің анық-қанығын білмек болып хабарласып, төменгі жайттарды білдік. «Бәрі кешегідей көз алдымда. Ұлт­тық валютаның беталысы бел­гілі бола бастаған күннен бастап қолым қалт еткен кезде ежелгі түркітектес халықтардың айналым құралы туралы деректерді парақтап шықтым. Соның ішінде теңге сөзі көңіліме қона берді. Бұл кезде Орталық Азиядағы бізден өзге төрт мемлекет ұлттық валюталарын айналымға шығарып үлгерген. Олардың қалай аталатынын білесіз. Кейін ұлттық валютамызда дайындаумен айналысып жатқан жұмыс тобына кездесіп, ұсынысымды айттым. Кейін белгілі болғанындай, жұмыс тобы да теңге деген атауға тоқтапты, бұл атау сол кездегі Президенттің де көңілінен шыққан. Мен сол сәтте өз ұсынысымның жұмыс тобынікімен дөп келгеніне шын қуандым. Бұл мен үшін шынымен де тағдырлы тарихи сәт еді», дейді Олжас ақын.

Теңге атауы – төл дүние еке­нін ешкім жоққа шы­ғара алмас. «Сом», «алтын» деген­дер­дің де уәждері тыңдалды. Соңын­да ай­на­ламыздағы жақын көр­ші­ле­ріміздің сом, сум, манат деп айдарланған Ұлттық валюта­ла­ры­ның ұлы кө­шіне түркі дүниесіне жат емес тең­­геміз – ұлттық валютамыз қо­сыл­ды.

1990 жылдары елде ағарту­шы­лық-демократиялық бағыттағы саясаткердің көш басында жүрген қоғам қайраткері Дос Көшім ең алдымен ұлттық валютамыздың кеш те болса қатарға қосылғанына қуан­ғанын айтады. Осыған дейін сум атауымен – өзбек, сом атауымен қырғыз және манат атауымен түрікмен ақшасы айналымға шыққанын еске түсірген саясаттанушы сол кезде теңге атауы сом мен сумға қарағанда ерекшеленгенін еске түсірді. «Естеріңізде болса, КСРО руб­лін­де одаққа мүше 15 елдің ұлттық валютасының атауы жазылып тұратын. Тіпті сол рубльде түрікмен валютасы манат деп көр­сетілген. Ал бізге келгенде валютамыздың атауы сомға тіркесіп тұратын. Демек орта ғасырларда құйма күміс ретінде айырбас құралы болған сом да бізге бөтен емес. Біз сол кезде валютамызды, тіпті ділда деп атасақ та, соған бауыр басып кететін едік. Бірақ теңге деген атау қоғамның қолайына жақты. Бұл – ежелгі түркі жұртына ортақ түсінік. Енді тең­геміздің де сол деңгейге көте­рілуін тілейік», деп сөзін түйіндеді Дос Көшім.

 

АЛМАТЫ