Жамбыл облысында сұйытылған газға деген сұраныс едәуір артқан. Жауапты мамандардың айтуынша, өңірде газ қондырғысымен жабдықталған көліктің саны да артқан. Мәселен, 2021 жылы сол санатқа кіретін көлік саны 13639 болса, биыл 23888-ге жеткен.
«Облыс бойынша 31 газ желісі ұйымы бар. 226 автогаз құю бекет арқылы сұйытылған мұнай газы сатылып жатыр. Қазіргі кезде Тараз қаласындағы кейбір автогаз құю бекеттерінде сұйытылған мұнай газын лимитпен немесе талонмен сату үрдісі қалыптасқан.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында сұйытылған газға деген сұраныс – 8000-10000 тонна. Қажеттілікті өтеу мақсатында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Энергетика министрлігінің ықпал етуімен Жамбыл облысы үшін «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-нан 2023 жылдың қараша айына 5218 тонна сұйытылған мұнай газы қарастырылған. Қазіргі таңда қараша айына бөлінген сұйытылған мұнай газына «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мен кәсіпкерлер арасында келісімшарт жасалған, қараша айына қажетті көлем жақын күндері облысқа жөнелтілмек», дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мәулен Қожақов.
М.Қожақов келтірген дерекке сүйенсек, жақын күндері «ПКОП» ЖШС 12 вагон-цистернамен 432 тонна мұнай газын жеткізбек. Сұйытылған газ жеткізілген сәтте жанармай құю бекеттеріне теңдей үлестіріледі. Сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша 322 тонна сұйытылған мұнай газының қалдығы бар.
Жауапты маманның айтуынша, 2023 жылдың 30 маусымында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің №8 бұйрығына сәйкес сұйытылған газдың нарықтағы бағасы бекітілген. Қазіргі таңда облыс орталығы Тараз қаласы мен оған жақын аудандардағы автогаз толтыру бекеттерінде сұйытылған мұнай газының 1 литрі 71 теңгеден сатылып жатыр. Ал шалғайда орналасқан аудандарда газ бағасы – 76 теңге.