4 қараша, сенбіге қараған түні Непалдың батысында болған жер сілкінісі салдарынан 128 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды, деп хабарлайды Egemen.kz DW-ге сілтеме жасап.
Непалдың Ұлттық жер сілкінісін бақылау және зерттеу орталығы 6,4 балдық жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісінің ошағы Непал астанасы Катмандудан 400 шақырым жерде орналасқан Джаяркот аймағында болды. АҚШ-тың геологиялық қызметі жер сілкінісінің күшін 5,6, Үндістанның сейсмологиялық орталығы 6,4, Потсдамдағы неміс геофизика зерттеу орталығы (Geoforschungszentrum, GFZ) 6,2 балл деп бағалады.
Адамдар үйінді астында қалып қойғандықтан қаза тапқандар саны артуы мүмкін.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Непалдағы жер сілкінісінің дүмпулері тіпті Үндістан астанасы Нью-Делиде де сезілген.
Үкімет іздеу-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін қауіпсіздік күштерін жіберді.
Непалда жер сілкінісі жиі болып тұрады. 2015 жылы 7,8 балдық жер сілкінісі 9 мыңға жуық адамның өмірін қиып, миллионға жуық ғимаратты зақымдады.