• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Бокс 05 Қараша, 2023

Азия чемпионатында топ жарды

199 рет
көрсетілді

Астана қаласында бокстан жас­өспірімдер мен жастар арасындағы Азия чем­пионаты өз мәресіне жетті. 12 күнге созылған байрақты бәсе­кеде Қазақстанның жастар құра­масы 25 салмақ (13 ұл, 12 қыз) бойынша 9 алтын, 3 күміс, 8 қола медальмен жалпы есепте көш бас­тады.

Ал 8 алтын, 8 күміс, 4 қола жеңіп алған Өз­­бекстан спортшылары – екінші, Үндіс­тан (6 алтын, 8 күміс, 6 қола) үшінші орыннан көрінді.

Ерлер арасында финалда бі­рін­ші болып шаршы алаңға шыққан Бек­сұлтан Боранбек (48 кг) жапониялық Сея Накаямаға 0:5 есебімен есе жіберді. Есе­сіне, Бақтияр Анарбаев (60 кг) өзбек­стандық Саят Илясовты төрешілер шеші­мімен ұтты.

Төрехан Сабырхан 63,5 (кг) үндістандық Сингх Яшвардханды айқын жеңді – 5:0. Әлем чемпионы Махмұд Сабырханның інісі осымен екінші рет жастар арасында Азия чемпионы атанып отыр.

Ислам Советов (71 кг) қырғыз­стандық Вадим Бауринді (5:0) сүріндірсе, Дәулет Төлемісовтің (80 кг) өзбекс­тандық Жавохир Умма­талиевке шамасы келмеді. Сон­дай-ақ Виктор Литвинов (86 кг) тағы бір өзбек­стандық Абдулазиз Абдурах­мановтан айласын асыра алмады.

Ең соңғы бәсекеде Иван Ермо­ленко (+92 кг) өзбекстандық Шах­зод Полвоновпен айқаста жеңіс нүктесін қойды. Ал қыздар арасында финалға шыққан бес боксшымыздың бәрі де жеңімпаз атанды.

Алдымен 50 кг салмақта Элянур Тұрғанова үндістандық Аншу­дан жеңісті жұлып алды. Ұл­жан Сәрсенбек 57 кг салмақта өзбек­­стандық Муштариубони Ибро­хим­жоноваға үш раунд бойы соққы­ларын дәл тигізіп, осымен екі дүркін Азия чемпионы атанды. Әсем Таңатар 63 кг салмақта үндістандық Дипамен тартысты бәсекеде 4:1 есебімен басымдық танытты.

Бақыт Сейдіш 66 кг салмақта өткен жылы Азияда үздік шық­қан еді. Биыл сол табысын тағы да қай­талап, соңғы бәсеке­де үндістандық Кажалға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Ал Шұғыла Нәлібай 75 кг са­мақта өзбекстандық Санобар Бозор­бое­ваны алғашқы екі раундта-ақ үш рет нок­даунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңді.

Ал жасөспірім жігіттеріміз сары құр­лық чемпионатында медаль саны жөнінен жалпы есепте 2-орын­ға ие болды.

Қазақстан бокс федерациясы мәлім еткеніндей, Үндістан командасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қоламен медальдар кестесінде көш бастаса, Қазақстанның боксшылары 3 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді.

Аталған байрақты бәсекеде Ал­дияр Баһадүр (48 кг), Жандос Алпысбаев (75 кг) және Бексұлтан Қайратұлы (+80 кг) жеңімпаз атанды. Әсіресе Бексұлтан үнді­с­­тандық қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен ұтты.

Нұрасыл Төлебек (52 кг), Бек­арыс Нұрмұхан (66 кг), Жасұлан Бер­далы (70 кг), Бақытжан Айт­мұханов (80 кг) – күміс, Нұғман Нығмет (46 кг), Бауыржан Мұратов (54 кг), Асқар Қуаныш (60 кг) қола медальды қанағат тұтты.

Командалық есепте Түрікіменстан мен Қырғызстан құрама­лары 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде­мен 3-4-орындарды бөлісті.

Қазақстанның жасөспірім қыз­дар құрамасы да бокстан Азия чемпионатын 3 алтынмен аяқтады.

Құрлықтық додада Аяжан Сыдық (54 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг) және Алина Құдайгенова (63 кг) жеңімпаз атанса, Айым Тәңкібаева (46 кг), Сила Биболсынқызы (48 кг), Ақбота Есімбекова (70 кг), Аружан Зейноллаева (75 кг) – күміс, Айша Сариева (52 кг), Айсұлу Мұхит (66 кг), Құралай Егінбайқызы (80 кг) және Панар Сейтқанқызы (+80 кг) қола жүлдеге ие болды.

Бұған дейін қазақстандық жас­өспірім қыздар Азия чемпионатында 2019 жылы – 3, 2021 жылы – 4, 2022 жылы 2 алтын медальға қол жеткізген еді.

Биылғы жарыста жалпы жүлде кесте­сінде Үндістан 5 алтын, 3 күміс, 5 қоламен көш бастаса, Өзбекстан (4 алтын, 5 күміс, 3 қола) екінші орынға орнықты. Қазақ­стан үздік үштікте.

Жарыс жеңімпаздары мен жүл­дегерлері Халықаралық бокс федерациясы тарапынан (1-орын – 1000 $, 2-орын – 500 $, 3-орын – 250 $) ақшалай сыйақымен марапатталды.

Турнирдің қорытын­ды­сы бойынша қыздар арасында «Ең үздік жасөспірім боксшы» – Аяжан Сыдыққа (Қазақстан), «Ең үздік жас боксшы» – Олтиной Сотим­боеваға (Өзбекстан), ұлдар арасында «Ең үздік жасөспірім боксшы» – Фужуки Юга­ға (Жапония), «Ең үздік жас боксшы» Төрехан Сабырханға (Қазақстан) берілді. «Ең үздік төреші» аталымы бойынша Мариф Урдешев (Өзбекстан) пен Мария Каваклиева (Болгария) марапатталды.