• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 05 Қараша, 2023

102 жастағы майдангер дауыс берді

193 рет
көрсетілді

Қанатқақты жоба ретінде биыл алғаш рет енгізіліп отырған әкімдер сайлауы аясында Сыр өңіріндегі Шиелі және Сырдария аудандары тұрғындары ел басқаратын азаматты таңдап, дауыс берді. Әкім атанудан үміткер 6 азаматтың екеуі саяси партия атынан түссе, 4-еуі өзін-өзі ұсынған.

Облыстық сайлау комиссия­сы­ның дерегінше, 2 ауданда 6 үміткерге 72 мыңнан астам сай­лаушы дауыс бере алады. Сыр­дария ауданында – 22 101, ал Шиеліде 50 402 сайлаушы тіркелген. Екі аудандағы 58 учас­кеде 388 комиссия мүшесі бар.

Ел тарихындағы ерекше күнде дауыс беру учаскелеріне отбасымен келгендер қатары көп болды. Осы саяси науқанда 18 жасқа жаңа толған 1011 азамат алғаш рет да­уыс беру мәртебесіне ие болыпты.

Сырдария ауданында ең алғаш болып дауыс берген 102 жастағы майдангер Яхия Тасыров туған жеріне қызмет ететін азаматты таңдау маңызды сәт екенін айтады. Қазыналы қария өз таңдауын жасағаннан кейін батасын беріп, саяси науқанға сәттілік тіледі.

Сайлау күні Шиелі ауданын­дағы №299 сайлау учаскесіне талай доданы өткерген көкпар­шы­лардың ұйымдасып келіп, дауыс беруі ерекше оқиға болды. Білекті жігіттердің бұл бас­тамасы елдің бірлігін танытты. Полициялар мен ұстаздар динас­тия­сының өкілдері де топтасып келіп, таңдау жасады.

«Бүгін 109 бірыңғай байланыс орталығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жергілікті уақытпен сағат 15:00-ге дейін оған 129 мәрте қо­ңырау түскен. Үйден дауыс беруге өтініш қалдырған 344 азаматқа тасымалданатын жәшік барады. Барлық учаскедегі азаматтардың дауыс беру құпиялығы сақталатын арнайы кабиналар перделермен жабылған», дейді облыстық сайлау комиссиясының мамандары.

 

Қызылорда