• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәселе 05 Қараша, 2023

Болашақ АЭС мамандарын даярлайды

413 рет
көрсетілді

Жақында Ядролық физика институты әлемдегі ең ірі зерттеу және білім бірлестіктерінің бірі – Германияның алдыңғы қатарлы оқу орны Карлсруэ технологиялық институтымен ынтымақтастыққа қол қойды. Отандық инсти­туттың директоры Саябек Сахиев пен шетелдік институттың халықара­лық істер және инновациялар бойынша вице-президенті Томас Хирт қол қойған құжат термоядролық технологиялар саласындағы зерттеулер мен инновацияларға, әлемдік деңгейдегі жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Меморандум аясында ғылыми-техникалық ақпарат алмасу, бірлескен зерттеулер жасау және халықаралық рейтингті журналдарға бірлесіп мақала жазу да көзделіп отыр.

Германияға барған сапарында біздің ғалымдар Тритий, KALOS әдісімен литий керамика пэбблдерін өндіру қондырғысы, термоядролық синтез материалдарын зерттеу тәрізді ауқымды зертханалар жұмысымен танысты. Бүгінде Ядролық физика институтының МАГАТЭ, Біріккен ядролық зерттеу институты, MIT, Chioda corporation, СERN сынды əлемнің 30-дан аса жетекші ғылыми ұйымдарымен және университеттерімен ынтымақтастығы дамып келеді.

МАГАТЭ сарапшыларының пікіріне сүйенсек, алдағы 10 жылда уранға деген сұраныс екі есеге дейін артып, 2030 жылы әлемде 160 атом реакторы, оның 135-і Азия елдерінде салынады деп күтіліп отыр. Соған орай атом саласы мамандарына қажеттіліктің артуы да заңдылық. Қазіргі кезде әлем елдері бейбіт атом өнеркәсіптің жоғары технологиялық ғы­лымға тәуелді әрі шикізаттық емес сектор­ды дамытуға жол ашатын әлеуетті сала екеніне басымдық беріп отыр.

Реакторлар нарығын талдаумен айналысатын «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС мәліметінше, елімізде құрылысы жоспарланып отырған болашақ атом электр стансасына өнеркәсіптік-өндірістік мақсаттағы 2 мыңдай маман қажет. Осы орайда мамандардың мыңнан астамы (1800) Ядролық физика институтында даярланады. Олардың 1 500-і опе­ратор, инженер, жабдықтар мен жүйе­лерге қызмет көрсететін техникалық қыз­меткерлер болса, 300-ін жоғары білімді мамандар құрайды.

2030 жылға қарай әлемнің алдыңғы қатарлы зерттеу орталықтарының эли­та­сына қосылуды мақсат етіп отыр­ған атом саласындағы іргелі жəне қолдан­балы зерттеулерді, ғылыми-зерттеу жəне тəжі­рибелік конструкторлық жұмыс­тардың толық циклін жүргізіп отырған Ядролық физика институтының қазіргі кезде салаға кәсіби мамандар даярлауы көш басында тұр. Академиктер Қаныш Сәтбаев, Жабағы Тәкiбаев негізін қалаған ядролық технологиялар ғылымы осы институт базасында жалғасын тауып, атом саласында табысты еңбек етіп жүрген 300-ден аса ғылым кандидаты мен ғылым докторы даярланды.

Қазіргі кезде Ресейдің ядролық физика саласындағы ең ірі зерттеу орталығы – Дубна қаласында елімізден барған 94 ғалым жұмыс істеп, атом өнеркәсібінің  жетістіктерін меңгеріп жатыр. Ал кейінгі 10 жылдан бері Жапониядан келген ға­лым­дар институт базасында 4-буындағы жо­ғары температуралы газ салқындатқыш реакторлар саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тармен айналысу үстінде.

Биыл ақпан айында Ядролық физика институты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС арасында жасалған келісімде мамандарды Ядролық физика институтындағы ССР-Қ ғылыми-зерттеу стационарлық реакторы, сыни стенд, түрлі типтегі үдеткіш, 23 ғылыми-зерттеу зертханасында даярлау мақұлданған болатын.

Институттың өндірістік базасымен ық­пал­дастықта ұйымдастырылатын ша­ра­­лардың дені мамандар тәжірибесін шың­дай түсетіні анық. Жақында Қазақ-Британ университетінде Еуропалық ядро­лық зерттеулер орталығы – CERN, Энер­гетика министрлігі және Ядролық физика институты жанынан құрылған 6-халықаралық мектепте ғалымдар ме­дицина мен өнеркәсіптегі жоғары энер­гетикалық физика, үдеткішті техника, ядролық, радиациялық физика, ра­диа­циялық технология саласындағы тәжі­рибелерін талқылады. Бас пәтері Женева қаласында орналасқан CERN – элементарлы бөлшектер физикасын зерттеу саласындағы әлемдік жетекші ұйым әрі оның зертханалық мүмкіншіліктері де зор.

Халықаралық 6-мектеп жұмысына қатысқан Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы Күнсұлу Закария «Жаһандық өзгеріс­тер, әлемдік инновациялық даму, технология дәуірі ғылымға үлкен серпін беріп келеді. Осының бір дәлеліндей, биыл 13 маусымда Женевада Ядролық физика институты мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының NA62 ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойды. Ядролық физика институтының NA62 экспериментіне қатысуы ел ғылымы үшін аса маңызды әрі кезекті сынақтарға кезең-кезеңмен ену жоспарда тұр», деді.

Анығын айтқанда, NA62 – Еуропалық ядролық зерттеулер орталығының ең үздік эксперименталды жетістігі әрі бұған дейін жоғары дәлдікпен жасалған NA48, NA48/1, NA48/2 эксперименттерінің жалғасы саналады. Бас директор, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Саябек Сахиев атап өткен­дей, Ядролық физика институтының CERN NA62 ынтымақтастығына енуі ғалым­дарымыздың әлемдік ғылыми жоба­ларға қатысуына жол ашады.

– NA62 үлкен «mega science» жобасынан кейін институт 2028 жылы HIKE жобасына қатысуды көздеп отыр. Бұл тізімдегі 120 ұйымның 34-қатарында Қазақстан тұр. Бұл ел ғалымдарының CERN-дегі бір ғана жобасы емес. Ядролық физика институтының NA62 ғылыми экспериментіне қатысуы – отандық ғылым үшін үлкен олжа. Бұл біздің ғалымдарға миллиардтаған долларға бағаланатын СТРОУ секілді үлкен жұмыстарға қатысу­ға мүмкіндік береді. Мұндағы екінші үлкен мәселе, СТРОУ технологияларын пайдалана отырып, СТРОУ-детекторларын өзіміз шығара алатын боламыз. Сондықтан CERN – мүмкіндіктерімізді сынайтын әрі шыңдайтын алаң. Қазірдің өзінде бұл мақсатқа 10-нан аса маман даярланды, – дейді С.Сахиев.

Еуропалық ядролық зерттеулер орталығының бөлім директоры Хоа­ким Мних «Біздің ғылыми экспе­римент­терімізге Қазақстанның қосылуы, Ядролық физика институты ғалымдарының NА62 экспериментіне қатысуы алдағы уа­қыт­­тағы бірлескен жобаларымызды тереңдетуге мүмкіндік береді», дейді. CERN-ге мүше емес елдермен байланыс жөніндегі аға кеңесші Кристоф Шефердің айтуынша, бұл ықпалдастық ғылым мен техника саласындағы интеграциялық байл­а­ныстарды нығайтумен қатар Қазақ­стан ғалымдарының беделін артты­руға ықпал етеді. CERN-дегі CMS ын­ты­мақ­тастығының мүшесі Виктор Ким, Флорида университетінің өкілі Кате­ри­на Кузнецова, CERN-дегі Isolde ынты­мақтастығының мүшесі Магдалена Ковальски, ғалымдар Ханс Даниэлссон, Андреа Челентано, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚБТУ, Өзбекстан Ядролық физика институтының ғалымдары да осы 6-мектеп жұмысы аясында Қазақстан ғалымдарының жетістіктерімен танысып, өз тәжірибелерімен де бөлісті.

Ядролық физика институты базасын­дағы негізгі қондырғылардың бірі – су-су Қазақстан реакторы (CCР-Қ/ВВР-К). ССР-Қ ғылыми-зерттеу реакторы – бола­шақ АЭС-ке қажетті мамандар даярлауда тәжірибе жинақтайтын негізгі құрылғы. Реакторда ядролық жəне термоядролық реакторлардың перспективалық материал­дарын радиациялық сынау, медицина мен өнеркəсіп үшін радиоизотоптар өндіру, əртүрлі материалдың элементтік құрамын нейтронды-активациялық талдау жүргізіледі. 2016 жылдан ССР-Қ ғылыми-зерттеу реакторы жоғары байытылған ураннан төмен байытылған түріне ауыс­тырылған.

– Атом энергиясы жөніндегі халықара­лық агенттіктің (МАГАТЭ) атом электр стансаларына және атом реакторларына қоятын талаптары бірдей. AЭС түрі – су-cу энергетикалық реакторы әлемдегі ең қауіпсізі. Сондықтан еліміздегі жалғыз стационарлық ғылыми-зерттеу реакторы ССР-Қ 1967 жылдан бірде-бір оқыс оқиғасыз жұмыс істеп келеді. ССР-Қ зерттеу реакторының құрылымы болашақта елімізде салынатын АЭС құрылымы іспетті. Демек, бұған қарап Алматыда 56 жылдан бергі аралықта атом электр стансасы жұмыс істеп тұр деуге негіз бар, – дейді С.Сахиев.

Бүгінде институт базасындағы «Радиа­циялық қауіпсіздік» оқу орталығында радиоэкологиялық қауіпсіздік пен қорша­ған ортаны қалпына келтіру, радиациялық қауіпсіздікті, дозиметриялық бақылауды қамтамасыз ететін білікті мамандар даяр­ланса, 2003 жылы ашылған «Бұ­зыл­майтын бақылау» оқу орталығы ядролық, радиоактивті заттармен, иондық сәулелермен, қауіпті қалдықтармен жұмыстарды жүйелейді. 2017 жылы салынған «Ядролық қауіпсіздік» оқу орталығында ядролық, радиоактивті құралдар мен қондырғыларды қорғап, оқшаулаумен айналысатын мамандар бақылау жүргізіп, есебін, ақпараттық қауіп­сіздігін қамтамасыз етеді. Үш орта­лықта осы жылдарда 5 мың маман даяр­ланған. Келер жылы өңірлік «Ядролық криминалистика» оқу орталығын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде институтта Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің 9 сарапшысы қызмет етеді.

Ядролық физика институтында ССР-Қ зерттеу реакторында және Cyclone-30 цикло­тронында онкологиялық ауру­ларды (Йод-131, Молибден-99, Фтор-18) диагностикалау және емдеу үшін өнеркәсіптік (кобальт-57, иридий-192, сурьма-124) және медициналық мақсаттағы радиоактивті изотоптарды өндірудің толық циклі жолға қойылған. Осы орайда институт ғалымдары ядро­лық физика ғылымының іргелі және қолданбалы жаңалықтарын өнеркәсіптік кешендер, медицина, ауыл шаруашылығы, археологияның игілігіне айналдырумен қатар Қырғызстан, Ресей, Германия нарығына экспорттап отыр. Алдағы уақытта радиофармпрепараттарды Франция, Түркия, АҚШ-қа шығару жос­парда бар. Елімізде радиоактивті изотоптар өндірісі 2021 жылмен салыстырғанда 114 пайызға артқан. Былтыр Германияға алғаш рет кобальт-57 жеткізілген болатын. Институт базасында өндірілетін жараны зарарсыздандырып, инфекциядан қорғайтын Aqua dress медициналық-косметикалық стерильді гидрогельді таңғыштары мен теріге арналған шунгитті маскалар өндірісін дамыту да отандық өндіріске серпіліс беретіні сөзсіз. Қазіргі кезде ғылымды коммерцияландыру аясын­да бұл өндірісті дамыту мүмкіншілігі зор.

Еліміздің шикізаттық емес әлеуетін дамытуда Ядролық физика институты ғалымдарының радиациялық өңдеу әдісі арқылы судан тарайтын аурулар, сәулеленген суда болатын химиялық реакциялар зиянды органикалық заттардың, зиянды микроорганизмдерді жою әсеріне қатысты жасаған жобаларын өндіріске енгізу уақыт күттірмейді. Радиациялық өңдеу озондауға қарағанда үнемді әрі хлорлаудан әлдеқайда тиімді екенін, әлемдегі азық-түлік тапшылығына тигі­зетін пайдасы ұшан-теңіз екенін инс­ти­тут ғалымдары әлдеқашан дәлелдеді. Ен­дігі кезекте бейбіт атомның ел эко­но­микасындағы әлеуетін арттыра оты­рып, оның жетістігін өнеркәсіпте тиім­ді қолдануға бағытталған жобаларға жол ашу керек.

 

АЛМАТЫ