Былтыр қарашада Атыраудағы газ-химия кешені іске қосылған еді. Кешенге америкалық «Lummus Technology Inc» компаниясының «Catofin» және «Novolen» технологиялары орнатылған. Осыған ұқсас кешендер көп емес. Әлемнің Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытай секілді бес елінде ғана бар.
КРІ ЖШС басқарма төрағасы-бас директоры Данияр Тиесовтің айтуынша, кешенде «Теңіз» кен орнынан жеткізілген шикізаттан жылына 500 мың тонна полипропилен шығару жоспарланған. Бұл – әлемдегі полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайтын әрі Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге септігі тиетін осындай өнімді шығаратын алғашқы кешен.
Дегенмен биыл маусымда кешен жөндеуге тоқтатылды. Бас директор Данияр Тиесов мұның себебін пайдаланудың бірінші жылында кездесетін қалыпты тәжірибе ретінде түсіндірді. Өйткені газ-химия кешенінің жұмысын тоқтату осындай ірі кәсіпорындарда кездесіп тұрады. Кешенге «Siemens» компаниясы орнатқан жылу алмастырғыштан ақау байқалып, турбинаға су аққан.
Кейін кешенде жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайтадан іске қосылды. Кешенде былтырдан бері полипропиленнің ПП Н 030, ПП Н 120 маркаларын шығару ісіне 631 адам тартылған. Дайын өнім өз тұтынушыларымыздан бөлек, Түркия, Қытай, Еуропа елдері мен Ресей Федерациясына экспортталады.
КРІ ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Болат Әбдуәлиевтің айтуынша, кешенде полипропиленнің жаңа маркасын өндіру басталды. Жаңа өнімнің маркасы – PP H031 BF/7 деп аталатын биаксиалды пленка. Жаңа өнімнен тамақ және күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарларға арналған полимерлі пленка қаптамаларын, этикетка мен скотч таспасын өндіруге болады. BOPP пленкасы жоғары тосқауылдық қасиеті бар, төзімді әрі адам денсаулығына зиянсыз. Полипропиленнің PP H031 BF/7 маркасынан фотосуреттердің сыртын қаптайтын, кеңсе тауарлары мен гүлдерді орауға арналған пленкалар жасалады.
«Біз өндіріп жатқан PP H031 маркасына елімізден де, шет мемлекеттерден де сұраныс жоғары болып тұр. Өйткені бұл – тығыз әрі сапалы өнім. Жаңа өнім жергілікті компаниялардың сұранысын толық өтеп, импортқа тәуелділігін жоюға мүмкіндік береді. Бір аптада жаңа марканың 1000 тоннасы өндірілді», дейді Болат Әбдуәлиев.
Атырау облысы