Мектеп асханасынан шыққан дау түгесілер емес. Біршама уақыт бұрын Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты білім ошақтарының бірінде оқушыларға мерзімі өтіп кеткен иогурт берілгені туралы ақпарат тараған еді. Енді міне, Байзақ ауданындағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының асханасындағы тамақтан 44 оқушы, 2 ұстаз уланды деген ақпарат желдей есіп тұр.
Деректерге жүгінсек, аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы мектеп-гимназиясының оқушыларының бойындағы әлсіздік пен лоқсу белгілері жетінші қараша күні анықталған. Алғашқы шағым да дәл сол күні түс ауғанда тіркелген. Жалпы саны 46 адам түн мезгіліне дейін өтініш білдіріп үлгерген.
Жұртты даурықтырған мәселеге қатысты облыс әкімдігі ресми хабарлама таратты. Сондай-ақ өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясындағы шудан кейін аудандық орталық ауруханаға арнайы барып, білім алушылар мен ұстаздардың жағдайымен танысты.
Қазіргі кезде өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы негізінде арнайы комиссия құрылып, жағдайды толықтай бақылауға алып отыр. Білім алушылар мен ересектер шынында да асханадағы астан уланған ба, әлде басқа себеп бар ма? Бұл мәселе алдағы уақытта толықтай зерделенбек.
Байзақ ауданының орталық ауруханасына жатқызылған 35 адамның жағдайы орташа, тұрақты. Науқастарға барлық қажетті медициналық көмектер көрсетілуде.
Бұл мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.
Сарыкемер ауылындағы Н. Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысының әлсіздік, құсу бойынша шағымданған алғашқы өтініші 7 қараша күні түстен кейін тіркелді.
Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, республикалық мамандардан, анестезиологтардан, педиатрлардан, токсикологтардан және инфекционистерден тұратын комиссия құрылды.
Сағат 23.00-ге дейін өтініш білдіргендердің жалпы саны 46 адамды құрады (2 мұғалім, 44 бала).
46 адамның 33-і ауруханаға жатқызылды, жағдайлары орташа, тұрақты. Ауруханаға жатқызылғандарға детоксикация терапиясы жүргізілді. Антибиотикалық емдеуді қажет етпейтін 11 адам медициналық кеңес алғаннан кейін амбулаториялық емдеу және үйден бақылау үшін қайтарылды.
Жалпы практика дәрігерлерінен, педиатрдан, учаскелік медбикеден тұратын 16 мобильді топ 205 ауланы аралап, осы күні оқу орнының асханасына келген қалған оқушыларды тексеруден өткізді. Тексеру қорытындысы бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық жағдайда, шағымдар мен ауру белгілері жоқ.
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясын тамақпен қамтуға жауапты ЖК «Тоқсейітовтің» жұмысы мән-жайлар нақтыланғанға дейін тоқтатылды. Мектеп оқшауланған, бактериологиялық зерттеу шаралары жүргізіліп жатыр», делінген облыс әкімдігі таратқан ресми хабарламада.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жандос Рысқұловтың айтуынша, бойын әлсіздік билеген азаматтар әуелде бір-бірден ат басын бұрған. Кейіннен ауруханаға қайырылушылардың қатары күрт көбейген. Қазіргі кезде шағымданғандардың жағдайы тұрақты. Жүрек айну, лоқсу, дене қызуының көтерілуі секілді белгілер жоқ. Сондай-ақ түнгі үшке дейін жүздеген бала қаралыпты. Олардың да жағдайы тұрақты. Алаңдауға негіз жоқ.
Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы қазіргі кезде уақытша жабылды. Деректерге жүгінсек, білім ордасын аспен қамтамасыз ету қызметімен айналысқан «Тоқсейітов» атауымен тіркелген жеке кәсіпкер аудан бойынша 13 мекемеге азық-түлік тасымалдайтын көрінеді.
Балалар мен ұстаздар расымен де асханадағы астан уланды ма? Кінә кәсіпкер тарапынан кетті ме, әлде аспаз ағаттық жіберіп алды ма? Бәлкім басқа да бір жағдай орын алған болар... Әзірге нақтысын тап басып айту қиын. Ең бастысы осы оқиға бойынша тексеру жұмыстары басталып кетті. Нәтижесі аз күнде белгілі болмақ.
Жамбыл облысы
Байзақ ауданы