«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің 300 жылдығына орай Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Қазақты сансыратқан қанды қасап» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Басқосуға жиналған тарихшылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері бұл қасіреттің қыр-сырын баяндап, тарихта мұндай сұмдық қайталанбас үшін қандай амал қажеттігін ашық түрде мәлімдеді.
Іс-шарада Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясының аға оқытушысы, тарихшы Қабыл Алғабек, М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы Ғалым Қасымхан және Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Ақбөпе Ермұханқызы сөз сөйлеп, пікір бөлісті.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» қазақтың алатын тағылымы көп. Біріншіден, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің қадір-қасиетін біліп жүруіміз керек. Екіншіден, соған сай ішкі бірлік пен татулығымызды нығайтып, мықты мемлекет қалыптастыруымыз қажет. Бұл екі талапты орындай алмасақ, бірлігіміз құриды, іштей әлсірейміз. Ал тұрақтылығы жоқ, берекесі қашқан ел қашанда сыртқы жауларға әлсіз келеді. Тарих белгілі бір уақытта қайталанып тұрады. Өткен қателіктерге бой алдырмас үшін одан сабақ алып, дұрыс қорытынды шығара білуіміз керек», деді тарихшы Қ.Алғабек.
Қорыта айтқанда, қазақ шежіресіндегі қанды қасіреттің бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы екені белгілі. Тарихшылар баян еткендей, Тәуке хан дүние салған соң, қазақтың үш жүзінің арасында байланыс әлсірейді. Оған себеп – орталық биліктің жоғалуы. Соның салдарынан Қазақ хандығы қуатынан айырылады. Керісінше, жоңғарлар осы кезде өздерінің ішкі дүрдараздықтарын қойып, әскери күш-қуатын қалыпқа келтіреді. Сөйтіп, Ресей империясымен де өзара байланысты түзеп, орыстардан қару мен оқ-дәріні көп сатып алады. Сонымен бірге жоңғарлар 1715 жылы Ресей империясында тұтқында болған швед шебері Ренатты қолға түсіріп, зеңбірек құю тәсілін игереді. Содан мұздай қаруланып, 1723 жылы көктемде жайлауға көшуге ыңғайланған қазақ халқына тұтқиылдан шабуыл жасайды.
Сондықтан бүгінгі ұрпақ ұлт басына қасірет болып тиген тарихтың бұл ақтаңдақтарын ешқашан ұмытпауға тиіс.
ШЫМКЕНТ