• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қараша, 2023

Асып туған

220 рет
көрсетілді

Талант – адам бойындағы Тәңірден берілген артық қуат. Бұл біздің емес, Абайдың Көкбайға айтқан сөзі. Сондықтан ба екен, талант атаулы ұшқалақ, «бірде Құдайдай құдіретті, бірде құмырсқадан әлсіз».

Жүсіпбек Аймауытұлының «Ән­ші» әңгімесінде алқам-сал­қам, бас білмес асаудай Әміре бейнесі кестелі сомдалады. «Әмір­­қан әнді шабыты келгенде қандай салса, қатынды да шабыты келгенде ала салады екен. Көңілі суыған күні не қатын тастап кетеді екен, не өзі шығарып жібереді екен. Қатыны тастап кетсе, өзі намыс­танбайды екен, өзі шығарса, қатынға да обал болды-ау деп артық қынжылмайды екен.Үй іші не болып жатқанымен ісі жоқ, қашан көрсең де жайраңдап мас болып, арсалаңдап жүргені. Жұрт оны «алақұс», «бәдік» дейді. «Осы Әмірқан бір мезет есі кіріп, ойлана ма екен? Мұ­ңая ма екен?» деп ойлаушы ем. Мұңаймақ түгілі, Әмірқанның жылағанын да көрдім». Иә, жанын жеген талант оты дарқан дара­боздың басын тауға да, тасқа да ұрады. Өмір­ден дауа таппай түңілтіп, әрнеден тиянақ іздеп сар даланы сандалтады.

Мінез дегенде, қазақтың Нұр­­ғисасының өнерге өмірін ар­наған, жасандылыққа жаны қас ерек болмысы ойға оралады. Ірі өнерпаз Қанабек Байсейітовтің: «Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс қой, оның денесінен бір жапырақ етті үзіп алып, лақ­тырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүл­кілдеп, өлең айтып жатады» дегені тегін айтылмаса керек. Он саусағынан өнер тамған дегдар дарын бірде әліпті таяқ деп білмейтін шенеуніктен «қой бағып көрдің бе?» деп сұраса, бір­де селқостық көрсеткен оркестр мүшесіне дүрсе қоя бергені туралы естеліктер бар. Иә, мінез­сіз таланттан мінезді дүние шық­пайтыны айқын.

Әлемге аты қанық, әйгілі Бет­ховеннің шалт болмысы Еу­ропа өнерсүйер қауымын елең еткізген еді. Ромен Ролланның «Бетховеннің өмірі» кітабында композитордың құлағы неге керең болғаны жайында қы­зықты дерек жазылады. Бетховен жанкештілік атты кемеге мініп, күндіз-түні ізденіс айдынында жүзеді. Тіпті ұйықтау дегеніңіз ол үшін барып тұрған уақыт өлтіру ойыны іспетті еді. Ұй­қысы келсе болғаны су ағатын шүмекті барынша қосып, мұп-мұздай суға басын сала жөнеледі. Солайша, ұйқысы қашып, қайта қауырт жұмысына отыратын болған деседі. Міне, үздіксіз суық су қарыған құлағы осыдан соң сырқаттанып, естуден қалады. Ромен Роллан кітабында жазылған Бетховен мен Гете жөніндегі қызықты оқиға да композитордың қалыпқа сыймас болмысынан хабар береді. Байсалды, байыпты ақын мен ұшқалақ, қызба композитордың жолы түйіседі. 1811 жылы жаз айында Бетховен Чехияның солтүстік-батысындағы Теплиц қа­ла­сында тұрады. Өзін жалғыз­дық ұясына қонғандай сезініп, жабырқаған композитор Гетемен кездесуге шешім қабылдайды. Екі тау қосылғандай, екі өзен бір арнаға тоғысқандай әсерлі кез­десу өтеді. Тынбастан, тап­жылмастан бірнеше сағат дүркін-дүркін әңгіме айтып, пікірлеседі. Әр тақырып туралы толағай сыр шертіліп, кездесу екінші күнге, тіпті үш күнге созылады. Бетховен фортепианода ойнап, өнерін паш етеді. Көп өтпей тарихқа енген оқиға қылаң беріп, анадан бөлек туған данышпандардың мінез қырлары екіге жарылады. Серуен құрып, ірі һәм қарапайым еңбек адамдары туралы, өнер мен саясат хақында әңгіме құрып жүр­ген дарындар кенет қалалық бақ маңында қорғаушыларымен бірге серуендеп жүрген патша­йымды көреді. Паң Бетховен өздерінің көрнекті тұлға екенін, патшайымның жанынан басымызды тік көтеріп өтсек жарасады деген сыңайда сөз айтып, жүрісінен жаңылмайды. Бірақ Гете бұған келіспей, құрмет көр­сету ретінде қалпағын алып, ақсүйек патшайымға сыпайы ғана құрмет білдіру үшін жолдың шетіне шығып тұрады. Бет­ховен Гетенің бұл ісіне бұлтты күндей түнеріп, елеусіз ғана бас изеп, пат­шайымның жанынан паң күйде жылдам өте береді. Келеңсіз оқиға жөнінде кейіннен Бетховен: «Мен патшалар ақындарды қарсы алады деп ойлағанмын, бірақ ақын патшаны қарсы алды», дейді. Ал Гете болса: «Бетховен – аса сүйкімді деуге келмейтін адуын­ды тұлға. Әлбетте, алғыр әрі ақылды жан, ол мына әлемді кес­пірсіз десе, онымен келіспеу қиын. Алайда бұл кеспірсіз әлемге Бетховеннің жасаған алақандай қарсылығы, әлемді жайдарлы етіп жібермейтінін айтуға мәжбүрмін», дейді ақын.

Бетховен мінезі – өз ішіндегі қазынасын таныған арқалы да­рынның ерке болмысы, бұла жанының көрінісі іспетті. Іш­кі құпиясын таныған, болмыс қатпарларын аша білген адам­ның паңдығы – дегдар паңдық, зиялылық.

Ал жүзі тұнжыр, бала болып ойынға, жігіт болып сауыққа етене араласпаған суретші Ван Гог­тің мінезі табынушылары үшін жұмбақ күйінде қалды. Жал­­ғыздықта жан мұратын іздеп, өсім­діктер мен гүлдерге телмірген ол досы Поль Гогенге адалдығын дәлелдеу мақсатында құлағын кесіп береді. Одан соң психикалық ауруханаға то­ғытылып, толассыз еңбектерін жалғастырудан танбайды. Мер­курий ғаламшарының крате­ріне есімі берілген, бүгінде сурет­тері аукционда ең қымбат ба­ғаланатын суретшіге көзі ті­рі­сінде атақ-мансап дәмі бұ­йыр­­маған еді. Алайда айықпас да­­рын өз ұстанымдары мен ең­бек­қорлығынан, қоңыртөбел тірлігінен танған жоқ.

Мінез – ішкі үдерістердің сыртқа шыққан қалыбы. Жан әлемі алып бағаналы, жақұтты сарайға айналып, үздіксіз жұл­дыздар шашыраған ғаламшардан сыртқа ұшқан жарықшақтар барлық адам үшін түсінікті бо­ла бермесі анық. Ал жан ал­қабының көселігінен болған мінез – мінез емес, еліктеу. Асып туған артықтығынан жұрт­­­қа жақ­қан өнерпазды дана халық «ел еркесі» деп қалай дөп атаған?