• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Заң 12 Қараша, 2023

Заңды көмек алу тәртібі

149 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері «Алматы қалалық адвокаттар алқасының» адвокаттары 13 532 азаматқа тегін кеңес берді. Қазіргі кезде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Заңды көмекті алу тәртібі туралы Өңірлік коммуникациялар брифингінде Алматы қаласы Әділет департаментінің өкілдері хабарлады.

– Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – оны алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға көрсетіле­тін заң көмегі. Қазақстанның әрбір азаматы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық үдерістер шеңберін­де білікті заң көмегін алуға ажыра­мас құқыққа ие. Мемлекет азаматтар­ға әділдік пен заң алдындағы тең­дік қағидаттары негізінде бұл қол­дауға кепілдік береді, – деп атап өтті Алматы қаласы Әділет депар­таменті басшысының орынбасары Қайрат Базарбаев.

Заң кеңесі аясында алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәр­дем­ақы тағайындау, оңалту, бос­қын немесе қандас мәртебесін алу мәсе­лелері бойынша жеке тұлғалар­­дың, ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған кәмелетке толмағандар­дың өтініштері қабылданады. Соны­мен бірге жыныстық зорлық-зом­бы­лық, адам саудасы, терроризм актісі құр­бандары не осы мәртебеге неме­се жағдайға байланысты олардың құ­қықтары мен заңды мүдделерін қам­тамасыз ету және қорғау мәсе­лелері бойынша азаптауға ұшы­ра­ғандарға да заңгерлер тегін ке­ңес береді. Жеке тұлғаларға асыраушысы­ның қайтыс болуынан келтірілген зиян­ды өтеу мәселелері, жұмыс барысында денсаулығы­на зиян келіп жатса және қылмыстық құқық бұзушылықтан келтіріл­ген зиянды өтеу мәселелері де тегін заң кеңесі аясында қарастырылады. Екінші дүниежүзілік соғыстың қа­тысушыларына, жеңілдіктері бо­йынша осы соғысқа қатысу­шы­ла­рына теңестірілген адамдарға, сон­­дай-ақ басқа мемлекеттер аума­­ғындағы жауынгерлік іс-қи­­мыл­­дар­ға қатысқан ардагер­лер­­ге, мерзім­ді қызметтегі әс­ке­ри қызметші­лер­ге, бірінші және екін­ші топтағы мү­гедектігі бар адам­дарға, зейнеткерлерге кәсіп­­керлік қызметпен байла­ныс­ты емес мәселелер бойынша көп­балалы отбасыларды толған­дыр­ған мәселелерге орай құқықтық қол­дау көрсетіледі. Сондай-ақ кәсіп­кер­лік қызметпен байланыс­ты емес мәсе­лелер бойынша облыстарда, республикалық маңызы бар қа­ла­ларда, астанада белгіленген ке­дейлік шегінен бір айда жан басына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтылған отбасылар да осы тегін заң кеңесіне жүгіне алады.

Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйым­дарда жеке тұлғалардың мүд­делерін қорғау және әкімші­лік жауап­тылыққа тартылған аза­­мат­тарға, талапкерлер мен жауап­­кер­­лерге, Қылмыстық-про­цес­тік заң­намаға сәйкес күдік­ті­лер­ге, айып­­талушыларға, сотта­лу­шы­­­­ларға, сотталғандарға және жә­­­­бір­­­­ленушілерге де кеңес бері­леді.

– Жоғарыда аталған бар­лық азамат тұрғылықты мекені мен орналасқан жеріне қарамастан мемлекет кепілдік берген заң кө­мегін алуға құқылы. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж адамның мүддесі үшін мұндай көмек көрсету туралы өтінішпен заңды өкілі белгіленген тәртіппен жүгіне алады, – деп түсіндірді спикер.

Бұл қызмет түрлерін алу үшін Алматы қаласының Әділет депар­таментіне жүгінуге болады. Заң кеңесшілері қызметті «pro bono» түрінде көрсетеді. Қазіргі уақытта Алматыда мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу бойынша 15 заң кеңесі жұмыс істейді. Заң кеңестерінің мекен-жайларымен Әділет департаментінің ресми сайтында танысуға немесе 119 немесе 14 – құқықтық ақпараттық қызмет нөміріне хабарласып, анықтауға болады.

 

АЛМАТЫ