Бүгін атом электр стансасын салу жөнінде Өскемен қаласында жария талқылау өтті. Шығыс Қазақстан облыстық азаматтық Альянс заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Аяужан Әшімованың ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға энергетика, атом саласының мамандары келіп, АЭС-тің тиімді тұстарын айтты.
Айтуларынша АЭС-тің ең әуелі қоршаған ортаға кері әсері жоқ екен. Жылына бөлетін зиянды сәулесі күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген заттарға қарағанда төмен. Алайда, халықтың көбі атом десе, ат тондарын ала қашады. Себебі, Семей полигонының зардабы, сонау Чернобыльдегі АЭС-те болған алапат апат елдің есінде әлі. Мамандардың пікірінше, ол уақытта кеткен қателіктердің орны толтырылған. Қазіргі таңда дамыған бірнеше мемлекет атомнан энергия өндіріп отырған көрінеді.
– Халық келісімін берсе, АЭС салудың бірнеше сатысы бар. Алдымен орны бекітіліп, жобалау жұмыстары басталады. Жобалауға 5 жыл уақыт қажет. Әзірше тұрғындардың көбі пайдалы жағын түсіне қойған жоқ. Бірақ, АЭС ертелі-кеш елімізге келеді. Біздің тараптан атомнан өндірілетін энергия көзі, түсетін табыс, экологиялық жағынан зиянының бар-жоқтығы сараланады. Мұның барлығын «Атом туралы» заң аясында халықпен талқылаймыз. Қолдау тапса, құрылыстың өзі бес жылға созылады, – деді Ұлттық ядролық орталықтың атом-электр институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев.
Оның мәліметінше, Қазақстанда бұл жұмысты ойдағыдай жүзеге асыратын мамандар бар. Бұған Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығы мысал.Қазақстанда АЭС салу үшін екі орын таңдалып отыр. Ол туралы «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС директоры Тимур Жантикин айтып берген. Анықталғандай, АЭС салу үшін төрт мемлекеттен техникалық-коммерциялық ұсыныс түсіпті. Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ және Ресей елдерінің 6 вендоры тәжірибесімен бөлісуге әзір көрінеді.
– Электр энергиясы жағынан өзге мемлекеттерге тәуелді болмауымыз үшін АЭС салынуы тиімді. Мәселен, осыған дейін көршілес елден сағатына 426 млн киловатт электр энергиясын сатып алып отырдық. Осыны өзімізде өндіруіміз керек. Бізде тиісті зерттеу реакторлары жеткілікті, – деді Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мурсалова.
Ал Тимур Жантикиннің сөзінше, қазіргі уақытта АЭС салу үшін Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Абай облысындағы Курчатов қаласы қарастырылып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы