Астанада бокстан ересектер арасында жазғы спартакиада басталды. 13-19 қараша аралығында өтетін сайысқа еліміздің барлық өңірінен 177 былғары қолғап шебері қатысып жатыр.
Солтүстік өңірге бокс керек емес
Мына қызықты қараңыз. Бокс федерациясының мәліметінше, бұған дейін Қазақстан чемпионатына 17 облыс пен 3 мегаполистен боксшылар үнемі бақтарын сынайтын еді. Өкінішке қарай, бұл жолы Солтүстік Қазақстан облысынан спортшылар да, бапкерлер де келмеді. Себеп – біреу. Қазақстан чемпионаты деңгейінде сынға түсетін облыста бірде-бір боксшы жоқ екен. Сонда өңірдің спорт басқармасы басшылары қайда қарап отыр? Бұл мәселені алдағы уақытта сараптау қажет. Бокстан мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшаловтың айтуынша, бұған дейін мұндай олқылық болмаған және солтүстікқазақстандық спорт саласының басшылары жұмыс істемей отыр.
Жалпы, чемпионатқа тек үш өңір – Түркістан мен Жамбыл облысы және Алматы қаласы ғана толық құраммен келген. Бокс державасымыз деп құр кеуде кере бермей, аталған мәселені жергілікті спорт басқармасының басшылары шешу керек деп ойлаймыз.
Спартакиадаға 177 боксшы қатысып жатқанын айттық. Ал салыстырмалы түрде айтсақ, Өзбекстанның бокс федерациясының вице-президенті, қандасымыз Сәкен Болатовтың айтуынша, 2022 жылы Өзбекстан чемпионатына 300 боксшы қатысса, 2023 жылғы чемпионатқа 450 боксшы қатысады деп күтіліп отыр.
Жарыстан кімдер босатылды?
Ал ұлттық құрамадан 63,5 кг салмақтағы Ертуған Зейнуллинов қабағын жарып алуына байланысты турнирден шет қалуына тура келген. Париж Олимпиадасының лицензиясын алған аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевқа, 71 кг салмақта бақ сынайтын, команда капитаны Асланбек Шымбергеновке ешкімнің артық сөзі жоқ. Сондықтан олар жарыстан босатылыпты.
Бокстан еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, бес салмақ бойынша (51 кг, 57 кг, 63,5 кг, 80 кг, 92 кг) чемпион атанғандар келер жылдың ақпан айында Италияда өтетін Олимпиадаға жолдама үйлестіретін турнирге қатысады.
– Төрт жылда бір рет өтетін жазғы Спартакиада ойындары бұған дейін 2019 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған еді. Биыл бұл сайысты Астана қабылдап отыр. Жалпы, спартакиадада 27 спорт түрі қамтылады. Әлем чемпионаты, Ханчжоудағы Азия ойындарына байланысты бокс сайысы күздің соңғы айында өткізіліп отыр, – деп әңгімесін бастаған Мырзағали Құланұлы спартакиадаға кіл мықтылар жиналғанын айтты. – Бокстан биылғы VI жазғы Спартакиада ойындары қызықты өтетініне сенімдімін. Себебі біріншіден, 2020 жылдан бері ұлттық құраманың белді спортшылары ел чемпионатына қатыспай келді. Өйткені 2021 жылы Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионаты қатар болса, 2022 жылы Азия біріншілігі ұйымдастырылды. Ол жерде жүлде алған спортшылар автоматты түрде Қазақстан чемпионатынан босатылды. Биыл да боксшылар әлем чемпионаты және Азия ойындарына қатысқанымен, лицензия ала алмаған боксшылар қайта өздерін дәлелдеуге тиіс. Екіншіден, кәсіпқой рингте жүрген Бекзат Нұрдәулетов, Тұрсынбай Құлахмет, Нұрсұлтан Аманжолов секілді боксшылар әуесқойда қайта өз мүмкіндіктерін байқап көруге бел буып отыр. Бұл да спартакиаданың шырайын келтіреді деп ойлаймын.
Алты бірдей әлем чемпионы
Иә, расында да биылғы спартакиаданың деңгейі жоғары өтетініне сенім мол. Себебі алты бірдей әлем чемпионы мықты екендерін осы спартакиадада дәлелдеуі керек.
Әсіресе бір ғана 80 кг салмақтың өзінде әлем, Азия чемпионатында атой салғандар толып жатыр. Бас бапкер айтқандай, Тұрсынбай Құлахмет 2019 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері болса, Бекзат Нұрдаулетов – 2019 жылғы әлем чемпионы. Сондықтан бұл боксшылардың кәсіпқой рингте жүргенімен, әлі де айтары бар. Сондай-ақ 2023 жылғы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай – осы салмақтың басты фавориті. 2022 жылғы Қазақстан чемпионы, 22 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Ерасыл Жақпеков те қара жаяу емес. Спартакиада да жанкүйерлер дәл осы 80 килодағы жекпе-жектерді күтетіні анық.
Тағы бір жанкүйерлер тағатсыздана күтіп отырған салмақ ол – 51 кг. Бұл салмақта әлем чем-пиондары – Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай, Азияның күміс жүлдегері Даниал Сәбит бар. Азия ойындарында сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін жанкүйерлер тарапынан «Сәкеннің орнына Санжар баруы керек еді» деген көптеген сын айтылған еді. Сол айтылған сынға жанкүйерлер спартакиада жауабын табады.
Оның сыртында әлем чемпиондары – Теміртас Жүсіпов (49 кг) пен Сабырхан Махмұт (57 кг), әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Серік Теміржанов (63,5 кг) пен Дулат Бекбауов (67 кг) секілді жаһан жарысында атой салғандарда Астанада өздерінің мықты екендіктерін тағы бір дәлелдеуі керек.
Неше боксшы бақ сынайды?
Турнирдің қызықты өтіп жатқанын жарыстың бірінші күніне-ақ байқадық. Себебі сайысқа қосылған жастар өздерін ересектерден еш кем емес екендіктерін дәлелдеуде. Солардың бірі жастар арасында Азия чемпионы Бақберген Әлиасқаров 75 кг салмақта ұзақ жылдар бойы құрамада жүрген Аятолла Тәкіжановты 4:1 есебімен жеңіп, әрі қарай жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Одан басқа фаворит саналған боксшылар жарыстан шығып қалған жоқ.
Жоғарыда 177 боксшы бақ сынап жатқанын айттық. Қай салмақта неше боксшы бақ сынап жатқанына тоқталсақ, 48 кг – 13, 51 кг – 11, 54 кг – 16, 57 кг – 14, 60 кг – 16, 63,5 кг – 16, 67 кг – 18, 71 кг – 15, 75 кг – 15, 80 кг – 14, 86 кг – 10, 92 кг – 10, +92 кг-да 9 боксшы рингке шығады.
Жарыстың 1/8 және ширек финалдық кездесулерін алдағы нөмірде толыққанды жариялаймыз.