Астанада өтіп жатқан бокстан ересектер арасында VI жазғы спартакиаданың үшінші күні артта қалды. 13 қарашада жалауы желбіреген бәсекеде жүлдеден үміттілердің кейбірі жарысты ерте аяқтады.
Доданың алғашқы күнінде ринг төріне 48, 54, 67, 75, 86 кг салмақтағы спортшылар 1/8 финалдың жекпе-жектерін өткізді.
Турнир барысында ел чемпионы Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), «Elorda Cup» бәсекесінің жеңімпазы Тимур Қабдеш (54 кг), жастар арасында Қазақстан чемпионы Армат Арманұлы (75 кг), Тимур Нұрсейітов (75 кг), Аманбек Қазанғапов (86 кг) сынды тәжірибелі боксшылар жарысты сәтті бастады. Ал 75 кило салмақта фавориттердің қатарынан саналған Аятулла Тәкіжанов тартысты айқаста жастар арасындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқаровқа 1:4 есебімен жол берді.
Жарыстың екінші күнінде 51, 57, 60 және 71 кг салмақ дәрежесіндегі боксшыларымыз сынға түсті. Енді 51 кг салмақта әлем чемпионы Сәкен Бибосынов ширек финалда 20 жастағы Павлодар боксшысы Ғаббас Дюсекеновпен жұдырықтасады. Тағы бір әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай да былтырғы Қазақстан чемпионатының финалисі (54 кг) Бекзат Алдамжаровпен жолығады. Себебі Ғ.Дюсекенов пен Б.Алдамжаров алғашқы жекпе-жектерінде қарсыластарынан айласын асырды. 57 кг салмақта Әлішер Нұртазиннен басым түскен Дулат Тұрлыбекұлының ендігі қарсыласы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан болмақ.
Ал 60 кг салмақта Қазақстан чемпионы Әділет Құрметов пен 19 жастағы Алмат Әбдуали арасындағы айқаста күтпеген нәтиже тіркелді. Шоқыр Бөлтекұлы турнирінің жеңімпазы Алмат тәжірибелі қарсыласынан басым түсіп, жүлдеден дәмелі жастардың бар екенін тағы бір дәлелдеді.
Сондай-ақ 71 кг салмақта 2021 жылғы Қазақстан чемпионатының финалисі Қуан Қуатов екі жыл қатарынан ел біріншілігінің қола жүлдегері Фаррух Тоқтасыновқа жол беріп, жарысты ерте аяқтады.
Жалпы, бұрнағы күні фавориттердің қатарынан саналған Ерболат Сабыр, Асылжан Серікбай, Талғат Сырымбетов, Дархан Дүйсенбай, Талғат Шайкен келесі кезеңге сүрінбей өтті.
Кеше 63,5, 67, 80, 92, +92 кг салмақтағы Санатәлі Төлтаев, Серік Теміржанов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Дулат Бекбауов, Бекзат Нұрдаулетов, Тұрсынбай Құлахмет, Бекболат Әбдікерім сынды әлемде, Азияда, Қазақстан чемпионатында жүлде алып жүрген танымал боксшылар ринг төріне көтерілді.
63,5 кг салмақтағы Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионатында екі рет қатысқан С.Төлтаев алдағы уақытта бапкерлердің көзіне түсу үшін тәжірибесін шыңдамаса болмайтын секілді. Себебі ол спартакиадағы алғашқы айқаста алматылық Жандос Қыдырәлиевтен айласын асыра алмай, жарысты ерте аяқтады.
Ал әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов Астана төріндегі додада 57 кг-дан 63,5 кг салмаққа ауысып, алғашқы кездесуін өткізді. Аяқалысы да жаман емес. Жамбылдық спорт шебері Алмас Дүйсенқұлға қарсы өткізген Серік үш раунд бойы белсенді болды. Біресе оң қолмен, біресе сол қолмен дәл соққы жасап төрешілердің көзіне түссе, екінші раундта жақын қашықта жүріп, А.Дүйсенқұлдың бетін қызанақтай қызыл етті. Бірақ жаңа салмаққа ауысқан Серікке әлемдік деңгейде өнер көрсету үшін әлі де тәжірибесін шыңдай түсу керек секілді көрінді, бізге.
Кешкі сессияда өткен қалған бірнеше маңызды жекпе-жектің нәтижесін газетіміздің келесі нөмірінде жариялайтын боламыз.