Ұлтымыздың қатпар-қатпар тарихы құшағына сыйдырған Ұлытауда Қазақ елінің 20 миллионыншы азаматы дүниеге келді. Сәби Сақ патшайымы Тұмар ханымның есімін иеленді.
«Бұл есімді атасы таңдады. «Егер келінім қыз дүниеге әкелсе, есімін Томирис қоямын. «Сақ патшайымы секілді ақылды, алғыр, батыр болып өссін» деп жүретін. Келіні «қыз босанды» дегенді естігенде, «айтқаным келді» деп бір қуанған еді, «елдің 20 миллионыншы азаматы атанды» дегенде, «немеремнің өмірге келуі тарихи оқиғаға айналатынын білгендей-ақ, Томирис есімін таңдаған екенмін» деп тағы қуанды», дейді сәбидің әкесі Сұңғат Сейтжан.
Томиристің атасы Ақылбек Әбдірахманов әлі 40-қа тола қоймаған жігіт. Қазір «Қазақмыс» корпорациясына қарасты №55 шахтада бұрғылаушы болып еңбек етеді. Ол зайыбы Гүлзат екеуі үш бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкендері – Сұңғат. Мархабаты – медколледж студенті, ал Асылжан 2-сыныпта оқиды.
Сұңғат пен Әйгерім былтыр ғана бас қосқан. Тұңғыштары жас ата-анасының есімдерін қазірдің өзінде тарихқа ендіріп жатыр. Өйткені екеуі де биыл 20 жасқа толды. Ұлытау еліміздің 20-өңірі саналады. Ал осы өңірдің Томирисі – еліміздің 20 миллионыншы азаматы.
«Негізгі жұмыс орным – «Асс-Серіктес» ЖШС, сол жерде өрт сөндірушімін. Бірақ айлық шайлыққа жетпегендіктен, күзет компаниясында қосымша жұмыс істеймін», дейді жас әке.
Томиристің несібесі молынан екен. Сәби дүниеге келісімен, естіген елдің құттықтамағаны, көрімдік беріп, шашу шашпағаны жоқтың қасы. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының құттықтау хаты мен сый-сияпатын арқалап облыс пен Жезқазған қаласының басшылары арнайы келіп кетті. Құттықтаулар легі мұнымен толастамасы анық. Ең бастысы, Томирис ғұмырлы, бақытты болсын!
Жезқазған