• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Халық 16 Қараша, 2023

20 миллионыншы тұрғын да – жетісулық

353 рет
көрсетілді

Жетісумен қалай мақ­тан­­­сақ та жарасатындай. Еліміз­­­­- де­­гі 18, 19 миллионыншы тұр­­­­­ғын­дар­ Жетісу өңірінде дүниеге келгені белгілі. Енді, міне, 20 мил­лио­­нын­шы­ тұрғын да Тал­ды­қор­ғанда дүниеге келді.

2017 жылы 11 мамырда Талды­қорған қаласында туған Муслима Саматқызы 18 миллионыншы тұр­ғын ретінде тіркелген. Одан кейін 2021 жылы 20 маусымда Жәния Азаматқызы өмір есігін ашып, Алматы облысы екіге бөлінбей тұрған тұста Жетісу­дың баласы саналған еді. 14 қара­ша күні таңғы сағат 8-де Әзім­баевтар әулетіне Айсұлтан Мұх­тар­ұлы­ атты шекесі торсықтай батыр қо­сыл­ды.

«Осындай үлкен мадаққа ие болып отырғанымызға әлі сене алмай­ тұрмын. Көпбалалы отбасы болдық. Бұл – біздің төртінші бала­мыз. Қуанышымда шек жоқ. Талдықорғанда 2013 жылдан бері тұрамын, өзім әскери адаммын. Туған жерім – Шымкент қаласы. Отау құрғанымызға 8 жыл болды. 3 ұл, 1 қызымыз бар. Он жылдан бері Жетісу жерінде қызмет етіп жатырмын. Ұлымның есімін өзім қойдым», дейді Айсұлтанның әкесі Мұхтар Сәбденбайұлы.

Сәбидің салмағы – 3 кг, бойы – 50 см. Анасы Диана Талғатқызының жағдайы жақсы. Қазір дәрігерлердің жеке бақылауында.

Қуанышты жаңалықты ести сала облыс әкімі Бейбіт Исабаев қалалық перзентханаға арнайы барып, жас отбасыны қуанышымен құттықтады.

«20 миллионыншы тұрғынның туу бақыты Жетісу жеріне бұйырған екен. Бұл – тарихы терең, қазыналы жер. Сол байтақ мекеннің бір перзенті болу – үлкен мәртебе. Тіл-көзден аман болсын. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Балалар – біздің байлығымыз! Әрбір сәбидің аман-есен жер жәннаты Жетісуда өмірге келуі – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай жақсылықтар жақсылыққа ұласа берсін. Айсұлтанның дені сау, ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын!», деді Б.Исабаев.

Көпбалалы отбасына Президент атынан арнайы сыйлықпен қатар, «Отбасы банкінің» 2 млн теңгелік сертификаты табысталды.

 

Жетісу облысы