Жетісумен қалай мақтансақ та жарасатындай. Еліміз- дегі 18, 19 миллионыншы тұрғындар Жетісу өңірінде дүниеге келгені белгілі. Енді, міне, 20 миллионыншы тұрғын да Талдықорғанда дүниеге келді.
2017 жылы 11 мамырда Талдықорған қаласында туған Муслима Саматқызы 18 миллионыншы тұрғын ретінде тіркелген. Одан кейін 2021 жылы 20 маусымда Жәния Азаматқызы өмір есігін ашып, Алматы облысы екіге бөлінбей тұрған тұста Жетісудың баласы саналған еді. 14 қараша күні таңғы сағат 8-де Әзімбаевтар әулетіне Айсұлтан Мұхтарұлы атты шекесі торсықтай батыр қосылды.
«Осындай үлкен мадаққа ие болып отырғанымызға әлі сене алмай тұрмын. Көпбалалы отбасы болдық. Бұл – біздің төртінші баламыз. Қуанышымда шек жоқ. Талдықорғанда 2013 жылдан бері тұрамын, өзім әскери адаммын. Туған жерім – Шымкент қаласы. Отау құрғанымызға 8 жыл болды. 3 ұл, 1 қызымыз бар. Он жылдан бері Жетісу жерінде қызмет етіп жатырмын. Ұлымның есімін өзім қойдым», дейді Айсұлтанның әкесі Мұхтар Сәбденбайұлы.
Сәбидің салмағы – 3 кг, бойы – 50 см. Анасы Диана Талғатқызының жағдайы жақсы. Қазір дәрігерлердің жеке бақылауында.
Қуанышты жаңалықты ести сала облыс әкімі Бейбіт Исабаев қалалық перзентханаға арнайы барып, жас отбасыны қуанышымен құттықтады.
«20 миллионыншы тұрғынның туу бақыты Жетісу жеріне бұйырған екен. Бұл – тарихы терең, қазыналы жер. Сол байтақ мекеннің бір перзенті болу – үлкен мәртебе. Тіл-көзден аман болсын. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Балалар – біздің байлығымыз! Әрбір сәбидің аман-есен жер жәннаты Жетісуда өмірге келуі – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай жақсылықтар жақсылыққа ұласа берсін. Айсұлтанның дені сау, ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын!», деді Б.Исабаев.
Көпбалалы отбасына Президент атынан арнайы сыйлықпен қатар, «Отбасы банкінің» 2 млн теңгелік сертификаты табысталды.
Жетісу облысы