• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жануарлар 20 Қараша, 2023

Жануарлар әлеміне жарқын көзқарас

325 рет
көрсетілді

Солтүстік Тянь-Шань аңғарының қазақ жеріне тиесілі аумағында 60 немесе 74 қар барысы өмір сүреді. Ал жалпы ел аумағында шамамен 150 бас қар барысы бар. Қазақ даласын мекен еткен түз тағыларының тыныс-тіршілігін бақылау ісімен айналысып келе жатқан Зоология институтының мамандары осындай болжамға келген. Соңғы 120 жылда Тянь-Шань алабындағы ілбістердің мекендеу аумағы 8 045 шақырымға дейін қысқарыпты.

Табиғат – ана өзгеше бітім берген жырт­қыш аңның саны әлемде жыл өткен са­йы­н сиреп барады. Жер бетінде ілбістер мекендейтін 20 аймақ болса, соның екеуі – Қазақстандағы Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы. Бүгінгі таңда әлемде 4 мыңға жетер-жетпес ілбіс қалды деген дерек бар. Зоология институты тек ілбістердің ғана емес, сирек кездесетін барлық аң-құстардың тіршілігінен хабар беретін деректер базасын құрып, оны жан-жақты жетілдірумен айналысып келеді.

«Ортақ деректер базасы – жануарлар әле­мінен хабар беретін бірегей алаң. Белгілі бір аумақта жануарлардың қанша түрі өмір сүретінін, олардың таралу аймағын, биологиялық ерекшеліктерін, көбею немесе азаю фактілерін, жойылып кету қаупіне ұшырауы ықтималдығын әрі оларға төнген қауіпті сипаттайтын жоба өз тиімділігін көрсетіп отыр. 2021 жылдан бері біз Солтүстік Тянь-Шань жануар­лар дүниесі кадастрының электрондық ба­засын құруға бағытталған жобамен жұмыс істей бастадық. Деректер базасы жоба барысында жиналған мұрағаттық, әдеби және жаңа деректерді қамтыды. 2023 жылдың қазан айында Электронды мәліметтер базасы жануарлардың 948 түріне арналған 10 633 жазбаны құрады. Жобаның нәтижесінде, жануарлардың 3 550-ден аса түрі туралы ақпарат жиналды – ең кішкентай омыртқасыздардан бастап құстар мен сүтқоректілердің ең үлкен түрлеріне дейін. Мұндай ақпарат жануар­лар популяциясының динамикасын талдау үшін, сондай-ақ болашақта фаунаның өзгеру тенденцияларын анықтау үшін маңызды», дейді Зоология институты бас директорының ғылыми мәселелер жөніндегі орынбасары Марина Чирикова.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ғалым­дар арқар саны артып бара жатқанын анықтаған. Бір кездері Солтүстік Тянь-Шаньда таралуы айтарлықтай тө­мен­деген қоңыр аюлардың да саны арта бас­тапты. 1996 жылы Іле-Алатау ұлттық паркі құрылып, күзет режімі күшейгеннен кейін аюлар ежелгі мекеніне сирек болса да бас сұға бастаған. Осылайша, бірте-бірте өлкенің қауіпсіздігін сезген жануарлар мұнда тұрақтап қалған. Сарапшылар аю санының өсуі мен таралу аймағының бұрын өмір сүрген шегіне дейін көбейетінін болжап отыр.

Кейінгі 20-30 жылда түлкі популяция­сы айтарлықтай өзгеріске ұшырама­ға­нымен, Солтүстік Тянь-Шань бөкте­рін­де пайда бола бастаған қорқаудың та­ралу аймағының кеңеюі байқалған. М.Чи­ри­кова жабайы аңның осы түрлері ара­­сында бәсекелестік пайда бола бас­таға­нын айтады. Зерттеушілер бұл фактор­ларды анықтауға заманауи технология мүм­кіндерін пайдалану арқылы қол жеткізген.

«Негізгі міндеттердің бірі – көптеген жыл бойы жинақталған жануарлар әле­мі туралы барлық мәлімет пен жаңа де­ректі біртұтас дерекқорға біріктіру. Біз сондай-ақ жақын арада ашылатын және барлығына қолжетімді болатын электрондық порталда дерекқорымызды көрсеттік. Бұл уәкілетті органдар үшін де, барлық табиғат әуесқойлары үшін де тиімді. Деректер базасы Солтүстік Тянь-Шаньда жануарлардың қандай түрлері өмір сүретінін, олардың қай жерде таралғанын және қандай ерекшеліктері бар екенін білуге мүмкіндік береді», дейді ол.

Бұл тұрғыда еліміздегі қар барысы популяциясын зерттеу және қорғау үлкен мәнге ие. Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) қызыл тізіліміне енген биіктікті сүйетін бекзат аңның еліміз үшін символикалық маңызы да ерек. Тірі жан тіршілік етпестей көрінетін құзар шыңдар мен тау мұздықтарын мекен еткен бұл аңның тарихына қатысты аңыз-әфсаналар жетіп артылады. Ежелгі парсы елінде барысты аңшылық үшін қолға үйреткен деген дерек бар. Түрік тілінен тәржімалағанда «ирбиз» сөзі «қар мысығы» деген мағынаға саяды. Халқымыз жыртқыштың өмір сүру салтына қарап «тау барысы немесе қар барысы» деп атап кеткен. Мысық тұқымдастар санатына жататын жыртқыш аңның дене тұрқы – 125-135, биіктігі – 60, құйрығы метрге дейін жетеді. Шұбатылған ұзын құйрығы тым сезімтал әрі аса сақ жануардың басқан ізін жасырып, қауіп-қатерден сақтайды. Ілбісті тау қабыланынан даралап тұратын да осы ұзын құйрығы болса керек. Ірілерінің сал­мағы 30-40 кг тартады. Денесінде сақина тәрізді қара дақтары бар, жүні қалың жыртқыштың түсі – теңбіл-шұбар, көк сұр.

Ең ғажабы, Солтүстік Тянь-Шань фау­насы – сүтқоректілермен қатар алуан түрлі құстардың, кеміргіштердің, шөп­қоректілердің және жыртқыштардың жайлы мекені. Бұл түрлердің әрбірін қорғау – жануарлар дүниесімен айналысатын ғалымдар үшін жауапты міндет.

 

АЛМАТЫ