• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жануарлар 21 Қараша, 2023

Киік қалай «реттеліп» жатыр?

404 рет
көрсетілді

Елімізде ерекше көбейген ақбөкен санын жасанды жолмен реттеу туралы шешім шыққанына бір ай болды. Кей өңірде арзан ет дүкен сөрелеріне түсіп, халыққа ұсынылып жатыр. Біз осы жұмыстың қалай жүріп жатқанын көзімізбен көріп қайтқан едік.

Шыны керек, кейінгі кезде киік мәселесінде қоғам пікірі екіге жарылды. Ақбөкен ең көбейген Батыс Қазақстан облысында шаруалар осы жануардың кесірінен зиян шектік деп дабыл қақты. Яғни өңірдегі қожалық иелері жайылым мен шабындық, кей жерде егістік алқабы да киік тұяғының астында қалғанын айтып, өтемақы сұрады. Халықтың бір тобы, әсіресе, өзге өңірдегілер «қандай жағдай болса да киелі жануарды атуға болмайды!» деп үзілді-кесілді қарсы шықты.

Ғалымдардың есебінше, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігіндегі төрт ауданның жерінде шоғырларған киік популяциясы 200 мыңнан аспауға тиіс. Өйткені ол жердің көлемі, шөп пен су ресурсы одан артық жүктемені көтере алмайды. Ал 2023 жылғы көктемдегі әуе санағы дерегіне қарасақ, дәл осы Орал популяциясындағы ақбөкен саны 1,13 млн басқа жеткен. Бұл төлдеместен бұрынғы санақ екенін ескеріңіз. Сонда дәл қазір Еділ мен Жайықтың арасында ғана 2 млн бас киік өріп жүр деген пікір шындықтан алыс емес-ау деп қаласың.

Ұзақ уақыт талқылаудан кейін ел Үкіметі ақыры киік санын реттеу жө­нінде шешімге келді. Оның ғылыми негіз­демесін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары жасады. Бұл жөнінде «Киік саны қалай реттеледі?» деген мақала жарияладық.

Дегенмен киікті аулау бастал­ғалы әлеуметтік желіде түрлі сурет пен бейнежазба тарады. Онымен бірге «киікті қан-жоса етіп қырып, даланы түрлі қалдыққа толтырып, ал ауланған киік еті халыққа жетпей, ысырап болып бұзылып жатыр» деген пікір де жайыл­ды. Бұл рас па?

Біз Батыс Қазақстан облысының бір­неше ауданын аралап шықтық. Айдалада ақбөкенді қалай ұстағаннан бастап, ет комбинаттарында сойылып-сақталуын, ауыл тұрғындарына арзан бағамен са­тылғанына дейінгі тізбекті түгел көрдік. Енді сол көргенімізді айтайық.

 

Күндіз – торға, түнде – оққа

Ғалым-сарапшылардың рұқса­тымен Батыс Қазақстан облысында биыл 226 мың бас киікті жою көзделген. Бұл – 20 пайыздық меже. Әу баста киікті тек тормен аулау көзделген еді. Бірақ оның әуресі көп болып шықты. Кейін атуға да рұқсат берілді. Сонымен, дәл қазір Орал популяциясындағы киікті 15 топ мыл­тықшы, 2 топ торшы аулап жүр екен.

Қазталов ауданына қарасты Жұлдыз ауылы маңында тор құрып, киік тосып жатқан топты «Охотзоопром» ме­кемесі филиалы инспекторларының бас­тауымен тауып бардық. Елсіз далада ұзындығы шамамен 200 метрдей арқан торды қалта тәрізді орнатқан. Арасы жақын темір бағандарға керілген тор 2-3 қабат көрінді. Аран аузының екі жағында адамның белінен келетіндей ұра қазылыпты. Жұмыс киімін киген жігіттермен амандасып, хал-жағдай сұра­сып жатқанда алыстан тырылдаған дауыс естілді.

«Тез шұңқырға түсіп, жасыры­ны­ңыздар! Киік адамды көрсе, торға кірмей қашып кетеді!» деп айқайлады киік­шілердің бірі. Жалма-жан ұраға түсіп, тізе бүктік.

Үш мотоцикл 40-50 бас киікті қаума­лап айдап келеді екен. Бәлкім анадай жерде шоғырланған көліктен үрікті, бәл­кім бізді сезді, ақбөкеннің бір бөлігі қайыруға көнбей, бытырап қашты. Де­генмен әккі болған мотоциклші жігіт­тер қалған топты қақпайлап айдап, 20-25 бас бөкенді тор қалтаға кіргізіп үлгерді. Жануар аранға кірісімен тоспадағы жігіттер жүгіре шығып, қалтаның аузын жерде жатқан тормен бекітіп үлгерді.

Желмен жарысқан жез киікті дәл жа­қыннан көруім осы еді. Жүні қалыңдап, ағара түскен екен. Арынды асаулық бай­қамадым. Байғұс жануар торға кірген соң-ақ тағдырға мойынсұнғандай, жуасып қалады екен. Алдыңғы топ жүгірген күйі торға соғылып, кері серпілді. Кей­бірі торға оратылып, бірден тыпырлап жатты. Осы кезде әлекедей жаланған жігіттер тұра жүгіріп, киікті шетінен ұстап, бауыздай берді...

«Корал әдісі тек күндіз жүргізіледі. Өйткені түн ішінде мотоциклшілер жолсыз даламен киік қуа алмайды. Біздің инспекторлар ауланған киік санын, олардың жасы мен жынысын, қаншасы мүйізді екенін жазып, толық есебін жасап отырады. Сосын киікті соятын қасапханаға дейін барып, әр мүйізді сол жерден есептеп, кесіп аламыз. Әр­қайсысын тіркеп, арнайы қоймаға тапсырамыз», дейді «Охотзоопром» ӨБ өңірлік филиалының басшысы Арман Қожахметов.

Жігіттермен сөйлесе келе, киікті тормен аулаудың да, атып ұстаудың да өз қиындығы бар екенін білдік. Мысалы, корал әдісінің шығыны көп. Арнайы тор, темір бағаналар керек. Торды құруға бір тәуліктен артық уақыт, жинауға жарты күн кетеді. Екі-үш күн сайын тордың орнын өзгертіп, ақбөкен көп шоғырланған жерге жылжытпаса болмайды. Одан бөлек, киікті қуып әкелетін мотоцикл де үнемі жолсыз далада жүруге шыдамайды екен. Бір мото 670 мың теңге тұрады. «Су жаңа 4 мотоцикл алғанбыз. Біреуі мүлдем істен шығып, қосалқы бөлшек болып кетті. Қалғанын да күн сайын жөндейміз. Бір аптаның ішінде осындай болды», дейді шабандоз жігіттер.

Осы жерде, айдалада Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бір топ депутатымен кездесіп қалдық. Олар өткен түнде Тайпақ пен Жаңақала бетінде аңшылар бригадасының киікті қалай атып ұстайтынын көзімен көріпті.

«Түрлі қауесет тарап, елдің нара­зы­лығы күшейіп кеткен соң, бірнеше депутат екі күн бойы арнайы ел аралап шыққан едік. Әрине, басында түрлі кем­шілік, қиындық болған шығар, қа­зір бәрі дұрысталып келе жатыр екен. Оған көзіміз жетті. Үлкендердің ай­туын­ша, кеңес кезеңінде де киікті осылай аулаған. Егер бұлай реттемесе, санын азайтпаса, киік босқа қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан бәрі де ма­мандардың, ғалым-сарапшылардың нұс­қауына сай атқарылып жатыр. Түгел қарап келеміз, дала қан сасып, жайрап жатыр деген шындыққа жанаспайды. Реттеу шаралары толық бақылауда. Қалдықтар жойылып жатыр. Халықпен де кездестік», дейді облыстық мәслихат депутаты, аграрлық комиссия мүшесі Есен Сүндетов.

Есен Оразғалиұлының айтуынша, түнгі аңшылық мына тәртіппен жүреді: түн ішінде далаға шыққан аң­шылар киік үйірін тапқан соң қат­ты жарық про­жекторды бағыттап, жа­нуарлардың көзін «байлайды». Сол кезде мылтықты аңшылар оқ жетер жерге барып, таңдаған киікті бытырамен аяғын көздеп атады. Құлаған жануарды келесі топ ұстап бауыздайды. Осындай әдіспен бір бригада бір ретте 5-10 киікті ұстап үлгереді. Со­сын орын алмастырып үлгерген киік шоғырын қайтадан іздеу керек.

Бауыздалған киіктің қаны әбден шығып болған соң жануардың ішін жарып, ішек-қарнын алып тастайды екен. Содан соң киікті қатарлап жинап, «Охотзоопром» өкілі есебін қағазға тү­сіреді. Осылайша дүркін-дүркін аулан­ған киік ұшасы бір жерге жиналады. Түнде атылған киік – күндіз, күндіз ауланған киік түнде ет комбинатына, қасапханаға жеткізіледі. Қазір далада қар болмағанымен, күн суық, температура 0 градус шамасында. Ет бұзылмайды.

 

Қасапханада

Осы сапарда Ақжайық ауданы ор­талығындағы «Батыс Нық» ЖШС мал сою бекетінде және Жаңақала ауданы орталығындағы «Сәулетов» ЖК ет комбинатында болдық.

«Біз тек тормен ауланған киікті қабылдап жатырмыз. Және киікті тек түнгі кезекте ғана соя аламыз. Өйткені күн­діз жергілікті халықтан келетін қой мен сиырды союдан босамаймыз», дейді «Батыс Нық» ЖШС директорының орын­басары Зарина Дәулетова.

Зарина Батырқызының айтуынша, кәсіпорын бүгінге дейін киіктің үш партиясын – 381 бас ақбөкен қабылдаған. Бұл жерде киіктің терісі сыпырылып, тазалап жуылады. Ветеринар дәрігер жануардың өкпе-бауырын зерттеп, тексеруден өткізеді. Сосын кәсіпорынның мөрі басылып, тоңазытылады. Соңынан бүкіл етті Атырау қаласынан келген кә­сіпкер арнайы көлікпен алып кетеді.

«381 бас киіктің таза еті 5,8 тонна болды. Сонда әр киіктің орташа салмағы 15 килоның үстіне шықты. Біз киікті терісімен килограмын 315 теңгеден аламыз, тазалап, 1 100 теңгеден сатамыз. Ал мүйізі келісімшарт бойынша бірден «Охотзоопром»-ға қалады. Бүгін түнде келген соңғы партияда 122 бас киіктің 31-інде үлкен, 48-інде кішкентай мүйіз болды», дейді З.Дәулетова. «Батыс Нық» тәулігіне 300-400 бас киік қабылдауға қабілетті.

Жаңақалада кеңес заманынан қалған көне ет комбинаты сыры кетсе де сыны кетпей, әжетке жарап тұр екен. Барлық тізбекті құрал-жабдығы, мұздатқыш қой­малары толық. Күніне 600 басқа дейін киік қабылдауға қауқарлы кәсіпорынның басшысы Мерлан Кенжеғалиев әңгі­мешіл азамат болып шықты.

«Біз осы киік аулана бастаған қазан айының ортасынан бері 5 463 бас ақ­бөкен сойдық. Тәулігіне 600 бас қа­былдай аламыз. Бүгін таңнан кешке дейін 477 бас киік қабылдаппыз. Киік соятын қасапшы бірнеше бригадамыз бар. Арнайы ветеринарлық зертханада әр киік тексеріледі. Түгел тазаланып, жуылған киік ұшасын мұздатқышта тәу­лікке жақын қатырамыз. Сосын қоймаға көшіреміз. Киік деген өмірінде вакцина алмаған жануар ғой. Сондықтан ветеринарлық талап бойынша кемінде 17 сағат қатып тұруы керек. Содан кейін ғана қоймаға, саудаға шығарамыз», дейді Мерлан Сәулетұлы.

Жаңақаладағы ерекшелік – күн сайы­н 60-80 бас киік жергілікті халыққа килосы 1 200 теңгеден сатылады екен. Қалғаны негізінен Атырау қаласына арнайы рефрижератормен жөнелтіледі.

«Біздің қасапханада сойылған киік етін көтеріп сатып алып, өзге жерге қым­батқа сатқысы келетіндер көп. Сон­дықтан жергілікті халыққа тек бір данадан, өздері жеу үшін ғана береміз. Ал алыпсатар кәсіпорындардың тоңазытқышы бар ма, соны тексеремін. Өйткені бізден алған киік етін сақтай алмай, иістендіріп алса, жаманаты бізге келеді ғой. Әр киіктің санында біздің мекеменің мөрі тұрған соң абырой-беделді де ойламаса болмайды», дейді кәсіпкер.

 

Мүйіз мәселесі

Бір байқағанымыз, осы киік санын реттеу барысында мүйіз мәселесі өз алдына бір оқшау тақырып болып тұр екен. Бейкүнә жануардың басына сор болып жабысып, талайдың көзінің құрты болған мүйіз...

«Әлемдік нарықта, әсіресе Қытайда киік мүйізінің килосы 4 мың дол­лар­ға бағаланады», дейді түрлі ақ­па­рат көздері. Бірақ Қазақстанда киік­ті аулауға, оның дериваттарын пайдалануға тыйым салынған. Биыл киік аулау қолға алынғанымен, мүйізге қатысты тыйым әлі күшінде. Сондықтан әзірге әр мүйіз қатаң есептеліп, сақтауға алынып жатыр.

«Мал соятын жерге әкелінген соң, киіктің мүйізі кесіліп алынып, әрқай­сысына 9 таңбалы жеке нөмір беріледі. Тер­моқағаздан жасалған, штрих коды бар белгі орнатылады. Әр штрих код, әр нөмір компьютер арқылы беріледі. Оның есебі бірден Астанаға түсіп отырады. Батыс Қазақстан облысындағы киіктердің мүйізі қазір Жаңақаладағы арнайы қоймаға жеткізіліп, қарулы күзетпен сақталып тұр. Кейін мұның бәрі астанаға, бір қоймаға жинақталады», дейді «Охотзоопром» ӨБ ресми өкілі Мадияр Имашев.

Расында да, киік мүйізі қатаң қада­ғаланып жатқанын көзімізбен көр­дік. Мүйізді киіктің есебі далада да, қасапханада да бірнеше мәрте алынып, тексеріледі. Ал Жаңақала ет комби­на­тының қоймасында күзет күшті. Авто­матты қарулы қарауыл күні-түні осы жер­де екен. Қойманың қалың есігі ашы­лып-жабылған сайын мөрленеді. Қазір халықаралық ұйымдар тарапынан Қазақстанға ақбөкен дериваттарын пайдалануға, нарыққа шығаруға шектеу бар. Келер жылы шектеу мерзімі аяқталған соң, еліміз осы тауарды сау­даға шығарып, қаржы көзіне айналдыруды көздеп отырса керек.

«Егер осы мүйізі болмағанда ақбө­кеннің айналасында осыншалық дау-дамай болмас еді. Кәдімгі елік, қабан секілді аңшы лицензиясымен ауланатын жануардың біріне айналар еді», дейді Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Қайрат Қадешев. Саналы ғұ­мырын табиғат қорғау жолында өт­кізген Қайрат Темірғалиұлының «ға­лымдар киіктің мүйізсіз тұқымын ойлап шығармас па екен? Сонда жойылып кету қаупінен құтылар еді-ау!» деген пікірі шынайы жанашырлықтан айтылғаны көрініп тұр.

 

Түйін болған түйткілдер

Биыл көктемде еліміздегі киік мәсе­­лесін арнайы келіп зерттеген шет­елдік ғалымдар бірауыздан «жер­гі­лікті халық та бұл жануардың пайдасын сезінуі қажет. Әйтпесе әлеуметтік нара­зылық күшейе түседі» деген пікір айтқан еді.

Шынында да, киіктің тым көбейіп кеткенінен зардап шеккен шаруа қожа­лықтары, жергілікті тұрғындар әлі күнге өтемақы да алған жоқ, «реттеудің» пайдасын да көрген жоқ.

Мысалы, жол бойында көптігінен көлікке соғылып мертіккен киікті сойып алып азық ету мүмкін емес. Заң бойынша ол киікке арнайы акт жасалып, мал моласына апарып, жойылуы (өртелуі) керек. Мүйізімен бірге.

Киік тым көп болған соң, табиғи шығыны, өлім-жітімі болмай тұрмайды. Күйек науқанынан кейін қыс қатты болса, текелердің 70 пайызына дейін өлуі қалыпты жағдай екен. Қазір Батыс Қазақстанның байтақ даласында киіктің өлімтігі, шашылған сүйегі, соның ішінде мүйізі аз емес. Мұны инспекторлардың өзі де мойындайды. «Дүние – көздің құр­­ты» деген, осы мүйізді жинап,

тиын-тебен жасағысы келген талай адам ұзақ мерзімге сотталып, миллион­дап айыппұл тартты. Осының бәрі адам баласы мен ақбөкеннің арасын ал­шақтата беретіні рас қой. Бұрын киікті киелі санап, орынсыз оқ шығармайтын ауыл қазағы бүгінде бұл жануарды бар бәленің бастауындай көретін болды.

Қазір жүріп жатқан киік санын реттеу ісінің халыққа тиер бір пайдасы арзан ет екені рас қой. Бірақ ба­тысқазақстандықтардың көп бөлігі бұған да қол жеткізе алмай отыр. Киіктен ең көп зардап шеккен Жәнібек, Қазталов аудандарында киік сойылып жатқан жоқ. Яғни тұрғындар ақбөкеннің арзан етін тұтына алмайды. Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов «Киік етіне жер­гілікті халықтан сұраныс жоқ» деп мәлімдеді. Ал Ақжайық ауданында сойылған еттің түгелімен Атырау асып жатқанын жоғарыда айттық. Тек Жаңақала ауданының тұрғындары ғана экологиялық таза еттің дәмін татып жатыр. Аудан әкімі Алпамыс Көш­кінбаев берген дерекке қарағанда, соң­ғы бір ай ішінде Жаңақала ауданы тұр­ғындарына 987 бас киік еті сатылған. Соның ішінде 476 бас киік еті аз қам­тылған отбасыларға арзан бағамен берілген. Бұл жақсы емес пе?

Осы тұста ойымызға 2013 жылы Чапаев ауылында салтанатпен ашылған «БатысМарқаЛамб» атты кешен түседі. «Бір кезекте 1,5 мың тоқты сойып, етін өңдей алады» деп әспеттеген, құны 2,8 млрд теңгеге бағаланған кешен қазір жабық тұр. Егер атына заты лайық болып, қазір қызмет етіп тұрса, киікті сойы­п, етін өңдеуге таптырмас кәсіпорын болар ма еді?

 

Көпшілік көкейіндегі күдік

Киіктің бір бөлігін ату, жоюға қарсы болып жатқан жұрттың жиі айтар бір уәжі – «ақбөкеннен мүл­дем айырылып қаламыз» деген қауіп. Шынымен де, киік жойылып кетуі мүмкін бе? Біз бұл са­уал­ды «Охотзоопром» ӨБ өңір­лік фи­лиа­лының басшысы Арман Серік­ұлына, Батыс Қазақстан облыстық ор­ман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысы орынбасарының міндетін уақытша ат­­қарушы Қайрат Темірғалиұлына қой­дық.

«Қазір Орал популяциясындағы киіктің негізгі бөлігі, шамамен 600 мың­дай жануар «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек табиғи қаумалы аумағындағы 657 мың га жерде шоғырланып жүр. Ол жерде ақбөкенге ешкім тиісе алмайды. Аңшылар ол жаққа бармайды. Киіктің елді мекендерден, жеке мал жайылымынан алыстап, өздеріне белгіленген аймаққа бауыр басқаны дұрыс болды. Ақылды жануар ең қауіпсіз жерді сезген сияқты», дейді Қайрат Қадешев.

«Киік шараларын реттеу басталғалы өткен бір ай ішінде Батыс Қазақстан облысында 10 590 бас киік ауланды. Рұқ­сат етілген лимит 226 мың бас болатын. Киік аулау уақытын желтоқсан айының ортасына дейін созғанның өзінде бұл мөлшерді аулап үлгеру қиын сияқты», дейді Арман Қожахметов.

Оның үстіне биыл Батыс Қазақстан облысында күз ұзарып тұр. Жаңбыр жа­уы­п, жер лайсаң болса, көлік жүре алмай, аңшылық та амалсыз тоқтайды. Егер қар жауар болса, киік бірден Нарын құмына, полигон аумағына қоныс аударады екен. Ондай жағдайда да киік санын реттеу ісі тоқырап қалмақ. Яғни тағы жануарға табиғаттың өзі жәрдемдесіп тұр.

Орал популяциясындағы киік саны бір кездері 6,5 мыңға дейін азайып кет­кен еді. Сол киікті бағып-қағып, өсіріп, бү­гінге жеткізген инспекторлар «ақ­бө­кен енді жойылмайды!» дейді. Біз де сенеміз.

 

Батыс Қазақстан облысы