Алда қаһарлы қыс тақап келе жатқан. Алғашқы ызғар Әнуардың тәнін ғана емес, жанын да қарығандай болып, қалтыратып жіберіп еді... Желтоқсанның басына таман «әкемтеатр» Маңғыстауға гастрольдық сапарға шығатын болып, соның құрамына Әнуар да кірген еді. Негізгі қойылым Ә. Кекілбаевтың «Абылай ханы» болғандықтан, ондағы Тұрсынбайдың рөлін ойнайтын Әнуар міндетті түрде баруға тиіс-тін.
Жан досы, театр басшысы Тұңғышбай да Әнуардың барғанын құп көрген. Бойы сергіп қалсын, жер көрсін, елмен қауышсын деп ойлаған. Әлдебіреулердің «алыс сапар мүгедек кісіге оңай соқпас, керемет кесек бейне емес қой онысы, өзіміз де көрсете салар едік қой» дегеніне алдымен Әнуардың өзі келіспей, сосын басшы да құптап, қиыр бағытқа бет қойған еді.
– Пойызда шаршап қаларсың, – деп Тұңғышбай ойындағысын айтып болмай жатып, Әнуар:
– Сонда не, алып қалғалы отырмысың мені? – деп дүрсе қоя берген.
– Ұшақпен ұшқаның дұрыс болар еді.
– Пойызда ұжымыммен ұйысып барғанға не жетуші еді! – деп Әнуар көнбей қойды.
Маңғыстау гастролі сәтті аяқталып, әртістер арқа-жарқа болып пойызбен қайтып келе жатыр. Қайтарда да Әнуарға «ұшақпен барсаңшы», деген ұсыныс жасаған Тұңғышбай. Көнбеді тағы. Көңілді ортасын қимады.
Міне, пойыз тербелісі оны тәтті ойларға құндақтап тастағандай еді...
Анасын жоғалтқан соң араға екі жыл түскенде, 1998 жылы Әнуар Боранбаевқа Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. Осы үлкен қуанышын театр ұжымы оның 50 жасқа толу мерейтойымен бірге астастырып, жыл аяғында керемет қып атап өтті. Театр басшысы, көрнекті актер Тұңғышбай Жаманқұловтың азаматтық елгезектігімен жаралы көңілдің бақыт құсы аспандап бір ұшқанына куә болды жалпақ жұрт. Бұл қос қуаныштың қос қанатын талмастай қақтырған тағылымды тойдың дүрмегі келесі жылдың жаз бойына туған өңірінде жалғасып, бірінен соң бірі бал жұтқызған ләззатты күндермен байып, толысып, халық пен Әнуар арасындағы нәзік сыйластық пен суымайтын сүйіспеншілік тінін берік ете түскен еді.
Өзінің мерейтойы мен құрметті атағы қарсаңында маңдай терін сығып жаңа рөлдер әзірлеген Әнуар қоржынында көрерменін тәнті етерлік біраз образдар болғаны қандай жақсы, жарасымды болды. Жан жүрегі қайғының жалынында қақталған актерден енді мардымды жаңалық күтіп болмас деген сасық пиғылдың буынына балта шабылғандай еді. Ол мүгедек күйінде Е.Замятиннің «Еділ патшасында» Маруллды, М.Әуезовтің «Қилы заманында» Прокурорды, Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Тұрсынбайды және В.Смеховтың «Мың бір түнінде» Мұстафаны шабытпен ойнап, көрермендерін тәнті еткен. Осындай тың күшпен жігерленіп, жаңа белеске ынтыққан актер табысынан елдегілер де біршама құлағдар болған еді. Жаңалық атаулың бұл күнде Алматыңда не, шалғайдағы ауылыңда не бірдей шапшаңдықпен тарап, жайылып жататын кез емес пе? Сол себепті де елдегі сауатты көрермендер өздерінің сүйікті актерінің соңғы жетістіктеріне сыртта отырып-ақ есі қалмай қол соғып, қолдау көрсетіп жатқан болатын. Тек өзінің зарықтырмай келіп, орталарын думанға бөлейтін мәре-сәре сәтті асыға күтіп, елеңдеп жүрген-тін.
Сондай сағынысқан жүректердің мауық басқан ыстық қауышулар кезеңі де тұтас жаз бойын қамтып, қанша ұзаққа созылды дегенмен де бәрібір іңкәрлік сезімнің қайнарынан қанып іше алмағандай қиыспас, суымас, тәнті көңілдер өнер балын тілінде талмап қана жұтып, дәмінен мүлде айырылып қалардай сескеніп, ынты-шынтымен шұрқырасып қала берген ауылда. Келесі кездескенше күн жақсы болсын деп, ақ батасын беріп, киелі алақанын жайып ауылы қалды артында...
Ұзақ жолды қысқартуда ойдан өткен ештеңе таппайсың. Пойыз – ой бесігі. Тербетеді. Ойлантады. Қуантқанда балбырайсың. Қайғыртқанда қамығасың. Бәрібір тынымсыз ойлардан шаршамайсың. Жан азабына көндіретін де ой ғой, тән жарасын жазатын да ой ғой, үміт отын сөндірмейтін де ой ғой... Осындай орамды ойлардың жөргегінде құндақтаулы келе жатыр еді Әнуар...
Ұшан-теңіз ой қақпақылдап, туған театрына қайта-қайта алып бара береді. Елдегі сан мәрте кездесулерде де көрермендер осы театр мәселесіне орағытып соға беруші еді. Соның да себебі болар, бәлкім. Бүгінгі көрермен сауатты. Кәдімгі кәсіби мамандай талдап, талқылай алады. Театр репертуарының соңғы кезде онша жаңғыртылмай жүргенін, кейбір жас актерлердің тіл, сөйлеу мәдениетінде ағаттық кездесетінін, өткен буын мен бүгінгі буынның салалас сабақтастығында селкеулік байқалатынын дөп басып айтып, тіпті сол ыңғайда пайдалы пікірлерін білдіріп отырады. Режиссурадағы ізденістің таптаурындығы да олардың қабырғасына бататын секілді. Еліміздің әр өңіріндегі театрларда режиссерлердің жетіспеушілігі салдарынан қойылымдардың сапасында анау айтқандай ілгерілеушілік жоқтығын да шалғайдағы көрермендер тамыршыдай сезіп-білетіндігі Әнуарды таңғалдырып тастайтыны жасырын емес.
Елден елжіреп, көңілденіп оралған Әнуар өзгеше көтеріңкі күйде жүрді. Жақсы бой жазып қайтты. Мұнша мерзім жаз бойы жайқалып жүріп алмайтын еді. Осы жолы жүрді. Осы жолы туған-туыс, дос-жаран, жалпы тілеулестерінің ортасында қақпақылданып, риясыз күлді. Осы жолы туған жерін қиып кеткісі келмей, қоштасуға құлықсыз адамша, әрі-сәрі күй кешіп, тағы да бірер күн аунап-қунап жата тұрайын дегендей, өзгермелі шешімге келіп, жылжыта беріп еді, жақсы да жайсаң жүздесулерін.
Неге екені белгісіз, әлі есінде сол көлікке мініп жатқан сәті. Көзі ырық бермей жасаурап, қоштасып тұрған жарандарына тойымсыз жәудірей қарағыштап, көкірегін жұпарға толтырған саф ауаны мейірлене жұтып, мәшине жылжығанда өзі де бұл ыстық топырақтан мәңгілікке сырғып жөнелгендей кеуде тұсы жаншылып, демі түгесіліп, дымы құрып, дәрменсіз күй кешкенін дәл қазір басынан өткергендей, есіне алып отыр еді Әнуар...
Осыншама қимастық сезімнің бұлқына буырқануы неге көрінді екен?
Күз түсті. Қоңыр қыркүйектің екінші күні еді. Өткен жолғы ауылмен қоштасуын қайыра есіне алып отырған Әнуар толқыған көңілін баса алар емес. Жаңа ғана ауылынан қаралы хабар жеткен. Үлкен ағасы Социалдан айырылыпты!.. «Құшағынан шығарғысы келмей, қол бұлғап қалған, асыл ағам-ай!» деп күңіренеді... Сол жолы соңғы көруі екен ғой. Соңғы рет қоштасыпты... Өмір дегенің күтпеген кездейсоқтардан тұрады екен... Үргедек көңіл әбден үрейшіл болып алды...
Кенет «Ауылыммен енді қашан көрісер екенмін?» деген секемшіл үміт Әнуар бойын бір қыздырып, бір суытты... Осы елу бір жасында нендей қияметке көнбеген бұл! Тұңғышы Ілиясынан қапыда айырылып, қан жұтса да, алғашқы жарының опасыздығын жер көтерместей болса да өзі көтеріп, қырық төртінде сол аяғын тізеден жоғары қара саннан кестіріп, мүгедек күйінде театрымен қайта табысып, өнер жолының ұзынырғасында жетпіске жуық кейіпкер сомдаған Әнуар бұл күнде өмірдің қайғысы мен қуанышын зорыққан һәм зәрезап жүрегімен бекем де берік, салмақты қабылдайтын адамдық деңгейдің қасиетті де қарапайым күйінде жүретін еді...
Пойыз думаны, әзіл-қалжыңы түгесілетін түрі жоқтай. Жаратылысы бөлек әртістер мойындарынан батпан жүк түскен соң, ерекше жайдарылықпен жанартаудай атқылап келеді дейсің. Сол әсершіл ортаның бір гүлі болып Әнуар келе жатыр еді, өмірге құштарлығы күйдіріп-жандырып. Әдеттегіден де әңгімешіл, әзілкеш, тауып айтып күлкіге бөктіргіш сол баяғы Әнуардан да өткін бір асыл бейне. Өз вагонынан былайғыларды да аралап шығады. Купе-купедегілердің көңілін тасытады. Қалай үлгереді бәріне? Сол қолындағы таяғын оңтайлы сілтеп, шойнаң етіп вагон қоспаларының арасынан кәдімгі аяғы сау адамнан бетер ытқырынып шығып жүр. Қимылы жеп-жеңіл. Және де жай жүрмейді аралап. «Келе жатқан жаңа жылдарыңмен!» деп сый-сияпатын үлестіреді. Онысы жуыр маңда таусыла қоймайды. Таусылып бара жатса, келесі стансадан түсе қалып, қоржынын толтырып алуға үлгереді.
– Мына галстугымды саған сыйладым!– деді Әнуар бір досына өз мойнындағы су жаңа галстугын шешіп беріп жатып.
– Қой, таста, ұят болады! – деді анау азар да безер болып.
– Дос шын жүрегінен ұсынғанды алмау нағыз ұят сол болады, – деп бұл да қояр да қоймай өтініп, ақыры алдыртады.
– Мынау менің су жаңа бөркім ғой. Осыны басыңа суық өтіп, тұмауратып жүрген сен алшы, – деп бір тақыр бастың төбесіне қонжита салды.
– Е, сөйтші. Алматыдан түскенде киіп кетіп жүрмейін бірақ,– деп мәз болған ол құндыз бөрікті батыра киіп алды.
Қыздар жағын да түрлі сыйлықпен сықап тастады. Иіссу, әтір, иісмай, сүрме, далап, тарақ секілді майда-шүйденің өзі сұлулардың жаңа жылдық кәдесіне молынан жарап кетті.
Күтпеген олжаға кенеліп қалған қыздар күледі-ай келіп. Келемежі де қосарлана естіледі:
– Бұл Әнуар неге бүйтіп шошаңдап кетті, түге!
– Бұрыннан да қолы ашық әпенде емес пе?
– Бірақ бүгінгісі тым ерекше ме деп қалдым.
– Өзі бізбен Жаңа жыл қарсаңында қоштасып жүргеннен сау ма?
– Өй, жағың қарысқыр, жағың тап қазір қарысып қалсыншы!
Бұл кезде пойыз Түркістан стансасына келіп тоқтаған еді. Манадан терезеден сыртқа тағатсыздана телміріп тұрған Әнуар қасына бір досын ертіп түсуге ыңғайлана бастады.
– Қойсаңшы енді, тағы бірдемелер алғың келіп жүр ме? – деп тойтарғысы келіп еді, досы онысына көнбеді.
– Киелі жерге табанымызды тигізуіміз керек, ей, пақыр! Тәңірім сен екеумізді енді қашан алып келер бұл жер жақұтына? Белгісіз ғой. Кім білген, бұл соңғы келуіміз болуы да ғажап емес қой! – деп Әнуар досының сүйемелдеуімен басқыштан абайлап түсе берген.
– Тек артық сөйлеме! – деді досы естілер-естілмес етіп.
Әнуар табаны жерге тиген бетте «Жар бола гөр, киелім!» деп жаратқанға іштей табынып алды да, тағам дүңгіршегінің біріне досын ертіп кіріп, кешікпей қайта шықты. Досының қолында кішігірім ас табағындай бірдеме бар.
– Әшірәлі, ау, Әшірәлі, қайдасың? – деп Әнуар купеге кірген бетте даусын көтере шақырды.
Әшірәлі естіп жатса да, ләм-мим демеді. Әнуар екеуі жан аямайтын достар болса да, бір көлденең сөзге әуекіленіп, бет жыртыспаса да тілге келмей, дөңкиісіп, өкпелесіп қалып еді осы пойыз үстінде. Жайшылықта осылай бұртиысып қалса, кикілжіңдері сүт пісірімге жетпей тарқап кететін. Бұл жолы да сондай мезгіл тақап қалған сыңайлы. Ашу тарқайтын сәт жеткен секілді еді. Бірақ Әшірәлі досының бұл шақырысына елең етпей, тіпті де жауаптасуға зауқы соқпай, селқос күйде жата берді. «Өзі келер» деп ойлағаны сол еді, Әнуардың таяғының тықыры тап қасынан естілді.
– Сен неғып бәлсініп жатырсың? – деді Әнуар күлімдей түсіп. – Жүр біздің купеге. Қойдың басымен бір табақ ет тартамын дәл қазір саған. Сәл айыбымды жуып тастамасам, кейін мәңгілікке арқалап кетіп жүрермін. Жүрші, бауырым, айналып кетейін, Әшеке!
– Әзілдің де жөні бар ғой,– деді Әшірәлі досының мына сөзін бос бөсуге санап. – Пойыз үстінде қайдан кәделі табақ тартыла қалады? Сандалбай сөз ғой. Мені бір тұрғызып, әміріңе бағындыру-ау сенікі. Жоқ, мазалама, бармаймын.
Осы кезде көрші купеден «Тездетіңдер, суып қалып, обал болады», деген жалбырынышты дауыс шықты. Әшірәлі енді ойланайын деді. Ет исі мұрнын қытықтағандай болды, қою мұрты жыбыр-жыбыр етті де жастықтан басын жұлып алды.
Келсе, өз көзіне өзі сенбеді. Кірпігін жыпылықтатып қаға береді. Мүшесі салынған бір табақ еттің дәп ортасында қара қойдың дәу басы қонжиып мұны күтіп тұр екен...
– Әй, Әншөк-ай! Әншөк-ай! – деуден басқа сөз түспеді Әшірәлінің аузына.
Пойыздан Әнуар әбден болдырып, түсі бұзылып, екі иінінен әрең дем алып, қиралаңдай құты қашып, бүгіліп түсіп еді...
* * *
1999 жылдың 13 желтоқсаны. Аурухана. Бесін ауған кез. Жарығы өлеусіреген күңгірт палата бөлмесі. Іші көптен жылытылмағандай, салқын леп бетке ұрады. Былғары тысты жылжымалы кереуетте жайдақ шалқасынан жатқан Әнуар ес-түссіз күйде еді...
Әнуардың ағасы Сәбитті ертіп келген бас дәрігер де күдер үзілгенін аңғартқандай, оның қойған сұрақтарына шарасыздықпен басын изей береді.
Бір сәтте Әнуар қыбыр ете түскендей болды. Елес пе? Ернінен бір уіл безілдегендей ме? «Маңғыстаудың ұзақ сапарынан шаршап келдім ғой, аға! Дамылдайыншы енді. Үш жүз алпыс екі әулиелі киелі елдің алдында өнер есебін сәтті жасадым-ау деп ойлаймын. Бекет ата пірім де разы болар. Қолымнан бар келгені осы болды бұл өмірде. Соның түйіні түйілді ме? Елім өнеріме сүйінді ме? Бағасын елім берер. Мені іздесеңдер Кеңсайға емес, театрыма барыңдаршы. Театрыма! Тағдырыммен алыстырып-жұлқыстырған, өмірде өксіп жүрсем де, сахнамда бақытыммен жолықтырған, кемшінімді келістіріп толықтырған Тәңірімдей театрыма барып тұрыңдаршы мені сағынғанда! Сағыныш екен бұл өмір. Қош, қош, қимасым, Ағам! Қош!.. Соңғы рет маңдайымнан сипаған Ағам! Қош!.. Жеткізе гөр сәлемімді...»
Кеудесінен ұшып кетуді қия алмай жатқан жанның соңғы деммен ышқынған аманаты екен-ау, бұл!
* * *
...Әнуардың жаназасы қасиетті мүбарак Рамазан айында шығарылды. Бұл айда жұмақтың есігі ашық болады деседі...
Кеңсайда томпайған жас қабірге Айтбай досы Әнуардың анасының басынан түйіп әкелген бір уыс топырақты салды. «Қабіріңнің бір уыс топырағы маған бұйырсыншы!» деп осыдан үш жыл бұрын анасы Біжікенді жоғалтып тұрып зар еңіреп, Тәңірден жалбарынып сұрағаны орындалды.
...Беу, дүние, дөңгелене берерсің. Театрға жұрт асығып бара жатыр!.. Себебі онда өмір бар, қызық пен қайғы қатар өрілген. Себебі онда адалдық пен арман бар, қапысыз қатар көмілген. Себебі онда Әнуардың Сырымы бар, Қарагөзінің қабіріне табынып, қабырғасы сөгілген...
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері