Өмірдегі әртүрлі оқиғаларда өз құқын лайықты деңгейде білмеген азаматтар күрмеуі көп күрделі мәселеге тап болып жатады. Мұндай келеңсіздіктердің құрбанына айналғандардың басым бөлігі – өз құқынан бейхабар тұтынушылар. Сатушы мен тұтынушының қарым-қатынасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкес, тараптардың міндеттері мен жауапкершілігін жан-жақты сипаттайтын нормативтік құжатқа сәйкес жүзеге асуына мұқият мән беріңіз.
Бизнес мекемелер мен кәсіпорындар өздері орнатқан қағидаларды алға тарта отырып, тұтынушылар құқын бұзатын сәттер аз емес. Олар халықтың заңнан хабарсыздығын жиі пайдаланады. Мәселен, жаңа көлік сатып алдыңыз делік. Сіз жүгінген автосалон егер белгіленген мерзім көлемінде көліктің май-суын ауыстыру барысында дәл осы орталыққа келмесеңіз, көліктің кепілдік талоны күйіп кететінін айтатыны анық. Бұл тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға қайшы екенін біліңіз. Келісімшартқа қол қоярда осы талапқа жіті мән бергеніңіз абзал. Қарсы тарап оған келіспесе, сіз өз құқығыңызды заңмен қорғай аласыз. «Сол секілді, сатушының сапасыз өнімді қайтып алмау үшін түбіртегіңізді жоғалтып алғаныңызды алға тартуы заңдық тұрғыдан негізсіз», дейді мамандар.
«Сатушылар тұтынушыларға толық құқығы бар нәрседен жөн-жосықсыз бас тартады. Пошта арқылы тапсырыс берген тауардың орнына басқасы келуі, өнім сапасы жарнамадағыға сай болмауы – тұтынушылар көп зардап шегетін мәселе. Тауарларды онлайн сатып алу кезінде дүкен туралы ақпаратты мұқият зерттеңіз. Егер ірі және танымал компанияның сайтымен тапсырыс беретін болсаңыз, өз браузеріңізден ресурстың мекенжайын дұрыс жазғаныңызға көз жеткізіңіз. Қажет болған жағдайда дүкен әкімшілерінен заңды тұлға туралы ақпарат беруді, оны салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалардың тізілімін қолдана отырып тексеруді талап етіңіз. Кең таралған құқық бұзушылықтар тізіміне қызмет көрсету, жұмыстарды орындау және мерзімдер туралы шарттың орындалмауы кіріп отыр. Мысалы, тапсырыс берілген жиһазды уақытында бермейді немесе жөндеу жұмыстарын аяқтамайды. Егер тапсырыс берген жиһазды уақтылы жеткізбеген болса, онда жеткізу мерзімі аяқталған кезден бастап тұтынушы төлеген құннан кешіктірілген әр күн үшін 1 пайыз өсімпұл ала бастайды. Егер бір жыл бойы осы жиһазды жеткізбесе, онда сатушы 300 пайыздан аса өсімпұл төлеуі керек және бұл оны келісілген кездегі оның сапасы мен жауапкершілігінен босатпайды. Сондай-ақ ұялы байланыс қызметтеріне, интернеттің сапасына, операторлардың тарифтерді біржақты түрде өзгертетініне және өздерінің бұл туралы мүлдем хабарсыздығына, тұтынушыларға қажет емес қызметтерді қоймай ұсынатынына жиі шағым түседі. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 24-бабы бойынша, бізде өз еркімізбен таңдау мүмкіндігі бар, ешкім бізге қажет емес нәрсені таңуға құқылы емес», дейді «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Светлана Романовская.
Мәселен, өткен жылдың 9 айында еліміздің он өңірінде ЖОО базасында жұмыс істеп тұрған «Тұтынушылардың ұлттық лигасы» 9 954 сатып алушыға 2 млрд 458 млн теңгені қайтаруға көмектескен. Ал Алматыда құқығы бұзылған тұтынушыларға шамамен 190 миллион теңге қайтарылған. Өзіңізді жосықсыз сатушылардан қорғау үшін келісімшартты дұрыс жасау өте маңызды. Мысалы, өнім жасалатын материалдың артикулын жазып, интернеттегі пікірлерді зерттеудің артықтығы жоқ.
Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев тұтынушылардан келген әрбір өтініш жіті зерттеліп, міндетті түрде көмек көрсетілетінін айтады. Биылғы 10 айда ведомствоға 5 500-ден астам өтініш түскен.
«Департаментке жыл өткен сайын өтініштердің көп түсуі халықтың сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша тұтынушылармен тұрақты түрде жүргізіліп жатқан ақпараттық түсіндіру жұмыстарының нәтижесі. Қазіргі уақытта сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау желісі бойынша заң талабын ескермеген кәсіпкерлерге қатысты 271 хаттама жасау түрінде әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданды», дейді ол. Тұтынушылар құқығын қорғап, азаматтарды дұрыс ақпараттандыруда Сауда және интеграция министрлігінің «Сапалы Өнім» әлеуметтік жобасы өз тиімділігін көрсеткен.
Ұлттық тұтынушылар лигасының жетекшісі айтып өткендей, ұялы байланыс операторларының тарифтерді негізсіз өзгертуі, байланыс сапасына салғырт қарауы да тұтынушыларды ашындырған мәселенің бірі. Алдағы уақытта елімізде ұялы байланыс операторлары қызметінің сапасын тексере алатын тәуелсіз сараптама құрылуы мүмкін. Ұялы байланыс операторларының азаматтарға моральдық зиян келтіргені сотта дәлелденсе, тұтынушыға жұмсаған қаржысы қайтарылуға тиіс. Алайда тұтынушылар аз сома үшін мұндай қадамға бара бермейді. Таяу күндері көптеген ірі дүкендерде жаппай сатылым науқаны басталатыны мәлім. Тұтынушылар құқығын қорғаушылар азаматтарды әрбір сауда-саттық келісімінде мұқият болуға шақырады.
«Тұтынушылар тауарды сатып алғаннан кейін екі апта ішінде оны кері қайтаруға қалай құқылы болса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 14-бабы негізінде несиеден де екі апта ішінде бас тартуға құқылы. Мұндайда тек осы екі апта ішіндегі пайызын төлейді. Егер адамдардың несиеге алған тауары ұнамаса, немесе көңілінен шықпай қалса, осыны естен шығармағандары дұрыс. Екіншіден, тауарды қайдан алып жатқанын түсінгені де өте маңызды. Себебі алаяқтық әрекеттер жиі кездеседі. Қазірдің өзінде дайындалып, қажетті зат немесе қызмет қанша тұратынын біліп алу керек. Оның қазір қанша тұратынын және «жеңілдіктер жұмасында» қаншаға сататынын білген жөн», дейді С.Романовская.
АЛМАТЫ