• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Байқау 21 Қараша, 2023

Батаға байыған күн

222 рет
көрсетілді

Орал қаласында «Бата дарып, бақ қонсын!» атты батагөйлер байқауы өтті.

Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы және «Интеграл» жастар қоғамдық бір­лестігі ұйымдастырған сайысқа об­лыс­тың әр аймағынан келген 13 ақса­қал қатысты.

– Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Барлық оң нәтиже, игі іс әуелі дұрыс ниеттен, ақ тілектен басталады ғой. Тарихымызда сөз бастаған шешен де, қол бастаған батыр да ақсақалдың батасын алмай жолға шықпаған. Сон­дықтан да «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақал қалған. Біз бүгінгі іс-шара арқылы халқымыздың дана дәстүрін жалғастырып, аға буынды – бата беруге лайық ақсақал болуға, жас буынды – бата алуға лайық азамат болуға шақырғымыз келеді, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген.

Белгілі айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы әдемі жүргізген бай­қауға Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, Ұлттық құрыл­-тайдың мүшесі Бауыржан Ғұ­бай­дуллин бастаған қазылар алқасы жетек­шілік етті. Қариялардың өзін өзі таныс­ты­руы, сайыс шартына сай төгілген ас батасы, алғыс батасы, той батасы, сапар батасы секілді ақ тілектер ішкі маз­мұнымен де, сыртқы сұлулығымен де көпшілікті тербей түсті. Сөзін қағаздан, тіпті қалта телефонынан оқыған «заманауи» қарттар да кездесті. Сайыс соңында қазылардың әділ бағалауымен Тасқала ауданының ақсақалы Жұмагелді Үмбеталиев бірінші орынға лайық деп танылды. Ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев – екінші, Бөкей Ордасынан келген Тілеген Арыстанбеков үшінші орынды жеңіп алды. Барлық батагөйге диплом мен бағалы сыйлық бұйырды. Сырымдық Төлеу Шарифуллин ақсақал «Құрметті ардагер» төсбелгісін тақты.

– Бұл өте мазмұнды іс-шара болды. Мұндай тәлімді тәрбиені ешбір оқу орны алмастыра алмайды ғой. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, өнегелі дәстүрді өміршең ету қолымызда тұр. Сондықтан мұндай ізгілікті іс-шараларды әрдайым қолдаймыз, – дейді облыстық қоғамдық даму бас­қармасының басшысы Гүл­жанар Шөкеева.

 

Батыс Қазақстан облысы