Өлең-жырдың жүйрігі Жамбыл тоқсан жастан аса бере Грузияға барғаны жөнінде дерек бар. Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750 жылдығына байланысты шығармашылық сапар туралы мәліметтерді ғана емес, біз соған байланысты туған екі бірдей өлеңді білеміз.
Бәлкім, жазылған шығарма одан да көп болуы мүмкін. Сонау көшпелілер өркениетінің табиғи, саф өнерінің шоқтықты өкілі, ұлы жырау жасы келсе де жұртты таңғалдырып қайтқанына қайран қалмаған адам жоқ. Тіпті бір орыс ақыны Жамбылдың әрекетін көріп, көзіне жас алған деседі. Қазіргі ұрпақ сенбеуі де кәдік, мүмкін тіпті басқаша ойлауы, өйткені ол заман адамдарының рухы мен сана-сезімі мүлде бөлек-ау. Адам айтса нанғысыз нәрселер бүгінде болып жатқанымен, көбі кісі жанының емес, техникалық, жасанды интеллект тұрғысынан. Ал тоқсанды төңіректеп, одан асып бара жатқан Жәкеңдікі рухани төңкеріске пара-пар дер едік. Ақылға сыя бермейтін қызық. Десе де ақын Жұматай Жақыпбаев оқиғаны жыраудың жанында жүрген біреуден немесе әрбір тұсын ежіктеп жазған естеліктен білді ме екен, вокзалға барғанынан бастап қасында жүргендей бейнелеп жазады. Тағы бір тамашасы, ұлы кейіпкері Жәкеңді ғұн деп атайды:
«Вокзалға қарай бұл елді кім бөріктірді?
Көрікті елдің құшағын гүл көміп тұрды,
Бақтияр, Еділ киетін сусар бөрікпен,
Күржістанға керік қас ғұн келіп кірді.
Арналды ғұнға күржінің әуені, үні,
Артынан сөзі жетті оған, әуелі гүлі.
Мың ауызбенен атағын аспанға атты,
Құрсағын қанжар сәндеген тау елі мұны», деп аңыз қылады. Осы жерде «құрсағын қанжар сәндеген тау елі» деген бейресми атаудың мәні зор деп білеміз. Күржіліктердің ұлттық сыйпатын жалғыз ауыз сөзге сыйдырған ақынның шеберлігі.
Осыншама сый-құрмет, ұлан-асыр той үстінде Жәкең күржінің жас сұлуына ғашық болып қалғанын жырмен келісті өрнектеп әкеледі: «Көкжанар ақын көрмеген жыр, әні кеміп – Тоқсанға келген, жаны жас бұланы көріп...», деп бір қайырады да, әрі қарай Жамбыл болып сөйлейді:
«Суалтты бір дерт жыр, әні суалмас ұртын,
Мәжнүнді мұндай ешқандай туа алмас ұлтың.
Айкүмістерді алты орап алатын сұлу –
Күржінің қызы-ай, ондай жан туар ма, шіркін!»,
дейді. Таулықтардың болмысы бөлек болады деп тегін айтылмаса керек. Жамбыл да, күржілік ару да таулық. Екеуі Алатау мен Қап тауының ынтызарлығын әйгілегендей. Оның үстіне жас бұланың тоқсанға келген ғұн тұяғының махаббатын жатырқамағаны байқалады. Ләйлі мен Мәжнүн, Қозы мен Баян бір-біріне ғашық десек, жас шамасы тұрғылас, басқа да көп сәйкестіктер қабыстырады. Ал мынау мүлде тосын махаббат.
«Басталды қайта біржола мұңды әннің шағы,
Шулардың мәні қалмады, шыңдардың сәні.
Ғашық боп қалды, аруды алғысы келді,
Тоқсанға келген екейлік ғұндардың шалы.
…Ару, ақ таңым. Мен бүгін жаралы Ғұның,
Қобыз кеуденің зарлатқан саналы қылын.
«Әкемдей жансыз…бір түрлі… сүйемін» дейсіз…
Сол сөзің мені өлтіріп барады, Күнім.
Өлмедім, қалдым өзіңді көргенде мана,
Көктен де қара көзіме, жерден де қара.
«Сүйемін» дейді отымен, нұрымен барлық…
Ғұн, қалқам, ғашық болмайды өлгенде ғана…»
Екей – Жамбылдың шыққан тегі. Өлеңдегі кілт сөз ғұн деп ойлаймыз. Яғни қазақтың түпкі бабалары, демек содан бері жасап келе жатқан қазақтың жасы түгілі тоқсаннан асып бара жатқан қартының көзінде нұр ойнап өртке оранып, күйіп-жанғаны... Ол заманда ғаламат емей не? Ақынның Жамбыл атын ғұн атауымен алмастыруында ұлттық баяндау, үлкен емеурін тұрғанын аңғарамыз. Тіпті сол ғұндардың тұяғы «әкемдей жансыз... біртүрлі...» дегенің жанымды өртеп барады деп кейиді. Адам өлмей жатып-ақ махаббаты сөнгенде өмірін тоқтатады деген сөз. Өмір сүріп жатқандардың қаншасы тірі, қаншасы өлі, бір Құдайға ғана аян.
Бұл тақырыптағы екінші өлең Мұхтар Шахановтың жыры. Ол қарт ақынның Грузияға барып ғашық болғанын айта келе:
«...Сұлулықты сезінуден қалған жан
Бәрінен де қалады.
Отызында кемпір болған қыз аз ба,
Жігіт аз ба отыз бесте шал болған?!
Кім жас, кім қарт, уақыт өзі іріктер,
Ер көбейсін ат қып мінер қиялды.
Қарттық – оттың азаюы, оты азайған жігіттер
Қай кезде де қоғам үшін зиянды.
Бақыттысың әр таң сайын көзіңді
Сұлулыққа суарудан қашпасаң.
Қартайдым деп алдай көрме өзіңді,
Қарттық жаспен өлшенбейді ешқашан».
Мұнда өлең бәрін айтып тұр. Демек ұлтты да, ұлы мұрат, армандарды да кеудесінде оты барлар ғана ұстап, маздатып, келер ұрпаққа табыстап келеді.