Түрік кинолары қазақ қоғамына таңсық емес. Түбі бір елдердің салты мен дәстүрі, мәдениеті мен өркениеті ұқсас болған соң, киноөндіріс саласында да байланыс мығым. Осы орайда өткен аптада елорда төрінде «Түрік фильмдері апталығы» өтті. Мәдени іс-шараны Түркия Мәдениет және туризм министрлігі кинематография басқармасының қолдауымен Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы ұйымдастырды. Апталық бауырлас екі ел арасында күннен-күнге дамып келе жатқан мәдени қарым-қатынастың өрісін кеңейту мақсатында өткізілген.
Астананың үлкен кинотеатрларының бірінде өткен апталық аясында қала тұрғындары мен қонақтары тарихи, романтикалық және шытырман драмаға толы алты үздік түрік кинотуындысын тегін тамашалады. 13 қарашада басталған іс-шараның шымылдығы «Көбелектің түсі» атты фильммен ашылды. Мәдени мерекенің ашылу рәсіміне Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тәстекеев, Парламент Мәжілісі депутаты Абзал Құспан, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов, басқа да киносүйер қауым қатысты.
Сондай-ақ көрерменге «120», «Ұзақ хикая», «Ертұғырыл 1890», «Соңғы хат» және «Қызыл орамалды шынарым» кинокартиналары да орысша субтитрмен ұсынылды. Айта кетейік, апта аясында көрсетілген фильмдер әртүрлі жанрдан таңдалып алынған.
Жалпы, бүгінгі таңда түрік киноиндустриясы қарқынды дамып келеді. Тіпті Голливуд пен Болливудтан кейін ең көп картина Түркияда түсірілетіні де рас. Мәселен, қазір Түркияда жыл сайын 70-ке жуық фильм түсіріледі.
Қазақ көрерменіне ұсынылған алғашқы фильм – «Көбелектің түсі». Режиссері – Йылмаз Ердоған. Басты рөлдерді Кыванч Татлытуг, Йылмаз Ердоған, Мерт Фырат, Белчин Билгин мен Фарах Зейнеп Абдуллах сомдайды. Фильмде 1941 жылдары болған оқиғалар баяндалады.
Аптаның екінші күнінде көрсетілген «120» фильмі 2008 жылы түсірілген. Режиссері – Өзхан Ерен. Кинокартина Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ванда болған шынайы тарихи оқиғаны суреттейді. Ал 15 қарашада көрермен қауым түрік жазушысы Мұстафа Кутлуның шығармасы желісімен түсірілген «Ұзақ хикая» фильмін тамашалады. Режиссері – Осман Сынав. Апта аясында ұсынылған келесі фильм – «Соңғы хат». Туынды 2015 жылы Чанаккале Жеңісінің 100 жылдығына орай түсірілген, миллиондаған көрермен тамашалаған, ең үздік түрік картинасы ретінде танымал. Режиссері – Өзхан Ерен.
Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина аталған іс-шараның ұлтаралық байланыста қандай маңызға ие болғанын атап өтті.
«Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толды. Осы атаулы датаға арнайы «Соңғы хат» және «120» атты кинотуындылар көрсетілді. Көрермен, әсіресе «Ұзақ хикая» фильмінен қатты әсер алды. Өйткені кинода көпшілікке жақсы таныс актер Кенан Имирзалыоғлы басты рөлді ойнаған болатын. Апталыққа елорда тұрғындары үлкен ықылас білдірді.
Алты күн бойы көрсетілген кино апталығында мыңнан аса көрермен түрік картиналарын кең экранда көрді. Залда ине шаншар жер болмады, бұл да Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластықтың, сыйластықтың, етене жақындықтың көрінісі деуге болады», дейді.
Сондай-ақ ол қазақ көрермені түбі бір туыс ел Түркияның кинокартиналарын жылы қабылдайтынын, бауырлас елдің бір-бірін жақыннан тани түсуіне кино саласының қосатын рөлі үлкен екенін айтты. Түрік халқының тарихында ерекше орын алған атаулы оқиғалары, салт-дәстүрі, мәдениеті мен музыкасы фильмдерде әдемі көрініс тапқан.
Мәдени іс-шараның соңғы күні көпке мәлім Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесіне Али Өзгентүрк жазған сценарий бойынша режиссер Атыф Йылмаз түсірген киносы көрсетілді. Басты рөлді танымал түрік актрисасы Түркан Шорай сомдаған. «Йешилчам» түрік фильм студиясы 1978 жылы түсірген классикалық картина көрерменге ерекше ұнағанын да айта кетейік. Еске салсақ, әлемде аталған шығарманың желісімен түрлі фильмдер мен спектакльдер қойылды. Бұл кино да лирикалық сарынын жоғалтпаған кең тынысты туындыға айнала алғанын көрдік.