Бүгін Астана қаласында ауа райы жайсыз болып тұр. Жол – көктайғақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы орайда астаналық полиция департаменті қызу жұмысқа кіріскен. Бүгін таңертеңнен бері бас қалада қырық-шақты жол-көлік апаты тіркелді. Бұл туралы Департамент қызметкерлері ауа райының нашарлауы мен жауын-шашынға, көктайғаққа байланысты жол қозғалысының барлық қатысушыларына барынша мұқият және сақ болуды ескертті.
«Жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты, маневр ережелерін және бүйірлік аралықты қатаң сақтаңыздар. Көлік жүргізушілері шұғыл маневрлер мен тежеу жасаудан бас тартуы қажет. Сондай-ақ рульде гаджеттерді пайдаланбаңыздар. Жол ережелерін елемеу, атап айтқанда жылдамдық режимін сақтамау қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Күндізгі жарық азайғанда қауіп арта түседі. Жаңбырлы ауа райында көріну шектеулі болатынын еске саламыз», делінген полиция департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, жаңбыр, дауылды жел мен көктайғаққа байланысты Астанадан шығатын барлық жолдар жабылды.