• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

ҒАЛЫМ. ҰСТАЗ. ҚАЙРАТКЕР

1567 рет
көрсетілді

Құнарлы қазақ топырағы тек қазба байлықтарына ғана емес, ел есінде есімі қалатын тұғырлы тұлғаларға да кенде болмаған. Солардың бірі ұлты үшін жаңа бір соқпақ сала білген, бүгінгі таңда Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби есімін иеленіп отырған Қазақ ұлттық университетінің 1948-1953 жылдардағы реті бойынша үшінші ректоры болған Т.Т.Тәжібаев туралы айты­лар сөз аз болмас. Төлеген Тәжібайұлы 1910 жылы 23 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының, Арыс ауданындағы Сүткент ауылында дүниеге келді. Шымкенттегі педагогика техникумын бітірді. Содан кейін зерделі жас Мәскеудегі Н.К.Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясына жіберіліп, оны үздік дипломмен тәмамдады. Төлеген Тәжібаев 1938 жылы Мәскеуден Қа­зақстанға оралған соң алған білімін жас­тарға жеткізу, оларды жоғары адамгершілік рухта коғамның адал перзенті ретінде тәр­бие­леу, ғылым шыңына шығару жолындағы ұстаздық жұмысын бастады. Осы жылдары оның халық ағарту саласындағы терең білімі, қажырлы еңбегі, дәріскерлік шеберлігі, сондай-ақ ұйымдастыру, басқару ісіндегі парасаттылығы мен көрегенділігі анық байқалады. Сондықтан Үкімет оны 1940 жылы республиканың Халық ағарту комиссарының бірінші орынбасарлығына тағайындайды, кейінірек ол Қазақстан Халық ағарту комиссары қызметін атқарды. Қазақстанның мәдениеті мен ағарту ісінің дара тұлғасы, талапты басшы, ұйымдастырушы қабілеті мен іскерлігі мол Төлеген Тәжібайұлы 1941 жылы қараша айында Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Бұл жауапты қызметті Т.Т.Тәжібаев еліміз неміс басқыншыларына қарсы жүргізген соғыстың ең ауыр жылдарында 1944 жылдың тамыз айына дейін атқарады. Кейін Қазақ КСР-інің Сыртқы істер министрі болып тағайын­да­лады. 1948-1953 жылдары сол жауапты қызметімен бірге ол Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры міндетін де қоса атқарды. Әрі министр, әрі ректор... Қандай үлкен жауапкершілік, қандай үлкен қабілеттілік! Бір сәт сол кезеңдегі тарихи жағдайды көз алдымызға елестетейікші. Әлемді дүр сіл­кіндірген екінші дүниежүзілік соғыс аяқ­талып, ертеңіне деген орасан зор сеніммен бейбіт еңбекке кіріскен халқымыздың оқу-білімге деген құлшынысы ерекше болған еді. Мұндай үлкен қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыра алатын елдегі жоғары оқу орындарының мүмкіндіктері соншалықты мол болды деп айта алмайсыз. Мате­риал­дық-техникалық жабдықталудан басқа, жоғары білікті мамандардың тапшылығы көзге айқын көрінді. Осындай жағдайларға қарамастан, ауыр жүкті артқан нардай, іске батыл кірісіп кету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ал Төлеген Тәжібаевтың соған батылы барды. Ол университет дамуының жаңа бағыт­тарын анықтау барысында өзінің алдын-ала болжайтын ұшқырлығын, мәселеге кеңінен қарайтын ауқымдылығын танытты. Оны Т.Т.Тәжібаевтың ректорлығы тұсында фи­лософия факультетінің, география және био­логия факультетінің ашылғандығынан да кө­руге болады. Өйткені республикада іргелі ғы­лымдарды дамытпай жатып, сүбелі жетістіктерге қол жеткізу қиын екендігі мәлім ғой. Сол кезде республикамызда кенжелеп қа­лған гуманитарлық саланың бірі пси­хология-педагогика болатын. “Болар істің ба­сына жақсы келер қасына” демекші, Т.Т.Тәжібаевтың өз ғылыми ізденістерін соған арнап, психология мен педагогиканың Қазақстанда институттық түрде орнығуын қамтамасыз еткен кез де Төлеген Тәжі­баев­тың Қазақ мемлекеттік университетіне ректорлығы тұсына сай келеді. 1950 жылдардан бастап Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірлер, оқу-ағарту ісінің дамуы мен мектептер тарихын зерттей бастады. Ол өзінің көптеген монографиялық еңбектерінде XІX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы ағарту ісін, педагогикалық ой-пікірдің даму қисынын саралайды. Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің философиялық, психо­ло­гиялық, педагогикалық көзқарастары туралы терең зерттеулер жүргізеді. Ғалымның “Абай Құнанбаевтың философиялық, психо­л­ог­ия­лық және педагогикалық көзқарастары” (1957), “XІX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның ағарту ісі мен педагогикалық ой-пікірінің дамуы” (1958), “ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның ағарту ісі мен мектебінің дамуы” (1962) сияқты ір­гелі монографиялық еңбектері соның дәлелі. Осылайша, ел тарихында тұңғыш болып Қазақ мемлекеттік университетінде ашылған психология бөлімі өркендеді. Т.Т.Тәжібаев психология мен педагогика саласында жүзден астам мақала, онға жуық ірі ғылыми еңбектер жазды. Оның еліміздегі психология ғылымы саласындағы тұңғыш академик екендігі де есімін қазақ ғылымының тарихында қалдырды. Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет жасаған жылдарында Төлеген Тәжібаев жоғары оқу орнында жұмыс істей­тін мамандардың жоғары біліктілігіне, олардың ғылыми және оқу-әдістемелік деңгейін үнемі жоғарылатып отыруына нақты көңіл бөлді. Біріншіден, универ­ситеттің ішкі мүмкіндіктерін пайдаланып, жас таланттарға кең жол ашты – ас­пи­ран­тура, ғылыми іс-тәжірибе, докторантура саласы дұрыс жолға қойылды. Дарынды жастарды биік талапқа сай тәрбиелеуге толық жағдайлар жасалды. Екіншіден, университетке басқа республикалардан ірі мамандар, оқымыстылар шақырылды. Т.Т.Тәжібаев ҚазМУ-дің ректоры болған жылдары университеттің мәдени-әлеуметтік, ғылыми және материалдық-техникалық негізін арттыруға ерекше мән берді. Соның нәтижесінде университеттегі жаратылыстану, физика, химия лабораториялары жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылды. 1954 жылы қазанда Т.Т.Тәжібаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне қайтадан тағайын­далады. Үш жылдан соң, яғни 1957 жылы ол елшілік қызметке жіберіліп, 1961 жылға дейін КСРО-ның Үндістандағы елшілігінде кеңесші қызметін атқарды. Елге қайта оралған Төлеген Тәжібайұлы өзінің өмірлік ісі – ғылыммен айналысуды әрі қарай жалғастырды. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасының профессоры болып қызмет атқарды, кейіннен сол кафедраның мең­герушісі болды. 1962 жылы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертациясын қорғап шықты. Қазақстан ғылымының дамуына, оқу-ағарту ісіне, мәдени және басқа да қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласып отыр­ды. Ол Қазақстан Педагогикалық қоға­мы­ның президенті болды. Жоғары және ар­наулы білім министрлігінің педагогика және психология саласындағы Ғылыми-әдіс­те­мелік кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Халқын шексіз сүйген азамат Т.Т.Тә­жібаевтың: “өз Отаны, өз халқын, өз тілін, тамаша ұлттық дәстүрлерін жалынды жүрекпен сүйген, өзінің Отанға деген сүйіспеншілігін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде көрсеткен адам ғана нағыз патриот болып саналады” деген ұлағатты сөздері қазіргі кезде студенттерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп жатқан біздер үшін де өзекті. Төлеген Тәжібаевтың жарқын бейнесі туралы айтқанда, оның тамаша ұстаздық, тәлімгерлік, дәріскерлік қасиеттерін ерекше атап көрсеткен дұрыс. Белгілі ғалым-профессор Мәулен Балақаевтың естелігінде көрсетілгендей, Төлеген Тәжібайұлының психология саласында оқыған дәрістерінің мазмұны аса терең, ғылыми өрісі кең, тыңдаушыға тартымды да, әсерлі болған. Ғалым-ұстаз лекцияның жинақы, логикасы көкейге қонымды, мазмұнды, ғылыми құндылығы жоғары болуына баса назар аударады екен. Аудиторияны бірден баурап алатын, мейлінше байсалды да байыпты, биязы, майда қоңыр дауыс ырғағы да оның ұстаздық тұлғасын даралай түскен. Бұл туралы профессор М.Балақаев былай деп жазады: “Үлкен дипломат әрі ғалым, ака­демик Төлеген Тәжібаевтың жүзі қандай жарқын болса, ойы да сондай айқын, сөзі де сондай сыпайы, әрі салмақты болатын, біреумен сөйлесе келгенде оның сөзінен білімді, мәдениетті адам екені бірден сезілетін. Бірқатар кісінің әдептілігі бойына біткен қасиет болмай, жасанды, бірде олай, бірде бұлай болатыны да бар, ал Т.Т.Тәжі­баевтың ізеттілігі оның әбден қанына сіңген табиғи қасиеті болатын”. Төлеген Тәжібайұлы қандай жоғары мәртебелі қызметте жүрсе де адами қадірін түсірмеген, абыройын асыра білген абзал жан, көреген басшы, сан буын жастарды ғылым жолына бағыттаған ұлағатты ұстаз бола білді. Иә, Төлеген Тәжібаев адам жанын жазбай танитын нағыз тәлімгер психолог еді. Жаны бай, жүрегі кең нар тұлғаның алдына барған әрбір адам жадырап, еңсесі көтеріліп шығатын. Ректор Т.Тәжібаевтың жастарымызға қалайша қамқоршы болғанын қазіргі зейнеткер-профессор Ә.Ыдырысовтың “Естен кетпес өкініш” атты естелігінде кел­тірген мына жолдардан жақсы аңғарамыз: “...Қостанай қаласындағы 10 жылдық мектеп-интернатты алтын медальмен бітіріп, 1947 жылдың 30 тамыз күні алдыңызда тұрдым. Медальмен бітірген қазақ балалары келсе, менің қабылдауыма кезексіз жіберіңіз” – деп көмекшіңізге айтып қойыпсыз. Содан-ақ болар, ол мені ертіп сіздің алдыңызға алып кірді... Абажадай үстеліңіздің ар жағынан тұрып: “Айналайын кел, кел”, – деп арқамнан қақтыңыз. Нақ сол минөтте соғыста қаза тапқан әкем Ыдырыстың өзі тіріліп келіп арқамнан қағып тұрғандай болды. Мен іштей толқып, көзіме жас алдым. Өз орныңызға отырмай, бір үлкен үстелдің қасына өзіммен бірге отырып, қайдан келгенімді, қай мектепті бітіргенімді сұрадыңыз. Алған медальді, аттестатымды көріп, балаша қуандыңыз. “Бәсе, жетімдер осылай оқыса керек еді-ау”, – деп, мәз болдыңыз. Өзіңіздің де балалар үйінде өскеніңізді ақтара салдыңыз... “Мәскеудегі авиация институтына өз атымнан жіберейін, дербес 2000 сом стипендия бергізейін. Авиаконструктор боласың... Зауыт директоры болып істейтін боласың...” Қайран Төлеген аға, тіліңізді алмағаныма күні бүгінге дейін өкінемін...”. Т.Т.Тәжібаевтың алдына келген әр талапкердің таланты мен тағдырына ұлы ұстаздық ілтипат сезіммен, ұлтжандылықпен қарай білгеніне тәнті болуға болады. Бұдан университет ректорының халық қамын қатты ойлап, ел болашағын бағдарлап, қазақ ғылым-білімі мен өнеркәсібінің дамуына ерекше көңіл бөліп отырғанын байқау қиын емес. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне қазіргі кезде осындай рухы асқақ, ұстаздық ісі ұлағатты, жастар талантын терең тара­зылайтын, адамгершілігі жоғары, ойы биік, білгір азаматтар керек. Төлеген Тәжібаевтың көрегендігі, ақ көңілі, қамқорлық пейілі, адамгершілік асыл қасиеті баршамызға өнеге, бәрімізге ғибрат. Ұстаздық ету, ғалым болу, ғылым мен білім саласын ұтымды ұйымдастыру Төлеген Тәжібаевтың тұлғалық бейнесін нақты сипаттайды. Нағыз ұстаздық биікке көтерілген жан ірі деп те, ұлы деп те тануға ла­йықты. Қазақтың біртуар азаматы Т.Т.Тәжібаевтың мерейтойы біздің университеттің мерейтойы деп білеміз. Парасатты ғалым-ұстаз, ірі қоғам қайраткері, ұлы даланың ұлы перзенті Т.Т.Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оның ғылыми мұралары мен тәлім-тәрбиелік еңбектерін бірнеше томдық жинақ етіп жариялап отыр. Болашақта да өскелең ұрпақ үшін Төлеген Тәжібайұлының өмірі мен қызметінің ғибратын, тарихи мәнін танытатын еңбектерді жарыққа шығару, оның жарқын бейнесі мен есімін университет тарихында қалдыруға бағыт­талған барлық шаралар – біздің осы біртуар азамат алдындағы парызымыз. Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик.