• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Таным 25 Қараша, 2023

Өмір күшті, өлім одан да күшті – Жүсіп Баласағұн

580 рет
көрсетілді

Афоризм – бір үзік ой, оқыс пікір, оқшау сөз. Афоризм алғаш дүние құбылыстары жөнінде жинақталған білімдерін түйіндеп, пікір білдірудің бір түрі ретінде дүниеге келген. Қазақ афоризмдерінің асыл арнасы да сақ-скиф дәуіріндегі ойшылдар сөздерінен, көне түркі жазбаларынан бастау алады. «Афоризмдер» айдарында бүгін Жүсіп Баласағұнның ойларын ұсындық.

( VIII – VIV ғғ. )

Жүсіп Баласағұн

Кісі көңілі түпсіз тұңғиық.

Тілектің шегі болмайды.

Сағыныш түбі – сүйініш.

Сордың соңы – бақ.

Қоштасу – жүрекке салмақ.

Кісіліктің үлгісі – мейірбандық.

Ата өлсе – бала аман.

Жақсы мінез адамға азық та, киім де тауып береді.

Құрсақта біткен мінез қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді өлгенше өзгерте алмайсың.

Дос табу оңай, сақтауы қиын,

Жауласу оңай, тоқтауы қиын.

Халық бүлінсе саясат түзейді.

Кең пейіл кісіде қулық болмайды.

Ханның  әділетсіздігі – бар пәленің басы.

Сараң бек ел билей алмайды.

Елшісі епсіз патшаның бағы жанбас.

Сайтан сүйгенді Құдай сүймейді.

Жамандық жасасаң, жауабы өкініш болар.

Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла: өз пайдаң соның ішінде.

Жаман мінез жау қылмағанды қылар.

Балдың да уы бар.

Жазасын тартпайтын жамандық жоқ.

Әділ сөз ащы көрінер.

Әділдік әкімдіктен де күшті.

Ғайбат істің өлшемі – өкініш.

Аққа қара тез жұғар.

Айласын асырған арыстан да алар.

Кісіні ісінен таны.

Не істесең де ықтиярыңмен істе.

Асыққан кешігер.

Тілі мен нәпсісін тыя білген, қасиетті бойына жия білер.

Шыдамдының айы оңынан туар.

Ұстамсыз бәлеге ұрынар.

Құт кірген қақпаны жұрт қаумалар.

Өмір күшті, өлім одан да күшті.

Бұ дүние көлеңкедей ойнайды: қусаң – қашар, қашсаң – сенен қалмайды.

Бұ дүниеде екі-ақ есік бар: бірі – өмірге қарай ашылады, екіншісі – өлімге қарай ала қашады. Бірінші есікке енген адам екінші есікке де енеді.

Адам өмірі қылдан нәзік.

Өлім келсе, өкінбей-ақ бара бер,

Зарлағанмен естімейді қара жер.

Қыңыр сөз – күйдіргі.

Танымы зор тамұқтан да құтылар.

Қылыш елді күзейді, қалам елді түзейді.

Тақ пен бақ бір емес.

 

( Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)