Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының басшысы Оуэн Мерфимен кездесті. Кездесуге Орталық сайлау комиссиясының хатшысы, комиссия жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшелері және аппарат басшысы мен бөлім меңгерушілері қатысты.
Кездесу аясында Ортсайлаукомның басшысы Оуэн Мерфиге Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын байқау бойынша қорытынды есепті дайындау жөніндегі ауқымды жұмысы үшін алғыс білдірді.
«Өткен парламенттік науқан шеңберіндегі ынтымақтастықтың тамаша деңгейі үшін бүкіл Орталық сайлау комиссиясына алғысымды білдіремін, мен де, менің командамның мүшелері де ОСК-дағы әріптестеріміздің тікелей қатысуынсыз әрі жәрдемінсіз алдымызға қойылған міндеттерді орындай алмас едік», деп атап өтті Оуэн Мерфи.
Сонымен қатар ол кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, оған қатысушыларға республикалық референдумды, кезектен тыс президенттік және кезектен тыс парламенттік сайлауды байқау бойынша қорытынды есептерді таныстыру және Орталық сайлау комиссиясымен және ҚР басқа да мүдделі мемлекеттік органдарымен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының ұсынымдарын талқылау үшін Қазақстанға сарапшылар тобымен келгенін хабарлады.
ОСК төрағасы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссияларының қорытынды есептерінің ұсынымдары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, барлық үш есеп ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің екі арнайы отырысы барысында талқыланғанын атап өтті. Олар осы құжаттар жарияланғаннан кейін бірден өтті және олардың жұмысына ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы доктор Фолькер Фробарт қатысты. Талқылау қорытындылары БАҚ-та және ҚР ОСК сайтында орналастырылған.
«Осылайша, біз ЕҚЫҰ есептері секілді маңызды халықаралық құжаттарды кәсіби пікірталас алаңына шығару дәстүрін қалыптастырдық», деп атап өтті Ортсайлаукомның басшысы.
Сарапшылық кеңестің құрамына конституциялық және басқа да құқық саласының белгілі ғалымдары, әлеуметтану, саясаттану және сайлау саласының практикасының сарапшылары кіреді. Бұл – сайлау үдерісін нақты білетін, қызығушылық танытатын, өзіндік көзқарасы мен ұсыныстары бар және өз уақытын оларды талқылауға арнауға дайын мамандар.
Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы қолданыстағы заңнама шеңберінде қатаң жұмыс істейтін орган екендігіне назар аударды. Сонымен бірге сайлау жүйесінің күрделілігін ескере отырып, тәуелсіз сарапшылық пікірлерді есту маңызды, ал жеке ұсыныстар анық полемикалық сипатта екенін алға тартты.
Атап айтқанда, 2022 жылғы 11 қарашада Сарапшылық кеңестің отырысында 2022 жылғы республикалық референдумды бағалау бойынша ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының қорытынды есебі талқыланды. Отырыста 15 сарапшы түрлі ұсыныс пен түсініктеме берді.
Биыл 28 қыркүйекте өткен Сараптамалық кеңестің отырысында кезектен тыс президенттік және кезектен тыс парламенттік сайлауды байқау бойынша ДИАҚБ миссияларының қорытынды есептерінің ұсынымдары талқыланды. Отырысқа Парламент депутаттары, Бас прокуратура, әділет және ақпарат министрліктерінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жастар көшбасшылары қатысты.
Ұсыныстардың едәуір бөлігі заңнаманы өзгертуді талап етеді. Сонымен қатар ОСК заң шығару бастамашылығы субъектісі емес. Сондықтан заң шығарушыға ұсыныстар енгізу үшін ұсыныстар мұқият пысықтауды, жан-жақты талдауды, ғылымға жүгінуді және салааралық ықпалдастықты қажет етеді.
Орталық сайлау комиссиясының басшысы, жалпы алғанда, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының алдыңғы ұсынымдарын іске асыру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын, олардың бір бөлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және жалпыхалықтық референдум барысында қолдау тапқан ауқымды конституциялық реформа шеңберінде жаңартылған заңнамада ескерілгенін хабарлады.
ОСК төрағасының пікірінше, «әлеуметтік-саяси контексті бағалау кезінде әрқашан конституциялық дәстүр мен бірегейлікті, менталитетті және елдің қоғамдық дамуының өтпелі кезеңін ескеру қажет». Сонымен қатар кейбір ұсынымдар біздің тарихи және саяси шындықты ескере отырып, сұрақтар туғызады немесе отандастарымыздың менталитетіне қайшы келеді, атап айтқанда, жастардың басым бөлігі оларды қабылдамайды. Бұл бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдарға сайлау құқығын беру, Қазақстан Президенттігіне кандидаттар үшін мемлекеттік тілді білуге арналған лингвистикалық емтиханның күшін жою және басқа да бірқатар ұсынымға қатысты.
Н.Әбдіров ОСК әртүрлі халықаралық тәжірибені, оның ішінде кандидат тұлғасының моральдық және этикалық аспектілеріне (моральдық ценз) талаптар қою бөлігінде терең зерттейтінін айтты. Бұл опция бірқатар елдің заңнамасы мен тәжірибесінде бар. Мәселен, Сингапурда кандидаттар үшін «адалдық, парасаттылық және жақсы бедел» сияқты моральдық талаптар белгіленді, Грецияда сайлау органдары кандидаттың «жеткілікті моральдық қасиеттері бар ма, жоқ па» екенін анықтайды, Канадада «адалдықтың жоғары стандарттары» міндетті, АҚШ-тың бірқатар штатында «жақсы мінез» немесе «жақсы бедел» талаптары белгіленген.
Сонымен қатар кездесу барысында Сарапшылық кеңес мүшелері ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының басқа да ұсынымын талқылады.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиялары есептерінің қорытындылары бойынша ұсынымдарды іске асыру кезінде елдің өзіндік ерекшелігін, құндылықтары мен дәстүрлерін негізге алып, демократияландыру үшін барлық факторды ескеру қажет деген тезис ұсынды. Ол сайлау учаскелері мен аудандар бойынша бөлінген сайлау нәтижелерін ОСК сайтында жариялау қажеттілігі туралы ұсынымды қозғады. «Алайда ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының Копенгаген кеңесінің құжаты, сайлау мәселелері бойынша тиісті тәртіпте практика кодексі, сайлау өткізу жөніндегі ұсынымдар жинағы, ДИАҚБ сайлауын байқау жөніндегі басшылық және өзге де халықаралық стандарттар орталық сайлау органдарының сайлау нәтижелерін сайлау учаскелері мен аудандары бойынша бөліп жариялауы бойынша тікелей белгіленген талаптарды қамтымайды», деп атап өтті Индира Оралқызы.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов: «Еліміздің сайлау рәсімдерінде шағымдану қағидаттары өте жан-жақты сипатталған: мерзімдері оңтайлы, тәжірибеге сәйкес келеді және сайлау үдерісіне қатысушылар үшін теріс салдарлар туғызбайды», деп мәлімдеді. Сайлау дауларын шешу үдерісінде прокуратураның өкілеттіктерін шектеу қажеттілігі туралы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының ұсынымына қатысты осы тақырыпты дамыта отырып, ол «прокуратураның Конституция тұрғысынан өте күшті әлеуеті бар және ол сайлау үдерісіне қатысушылардың бұзылған құқықтарын жедел және кідіріссіз қалпына келтіре алады, ал прокуратура осы үдерісте, өйткені оған елдегі құқықтың сақталуын жоғары қадағалау жүктелген».
Заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили: «Бір жыл бұрын құрылған ОСК-дағы Сарапшылық кеңес ОСК мен қоғам арасындағы көпірдің бір түрі болды», деді. Демократияны дамыту үшін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиялары жұмысының пайдалылығын атап өткен сарапшы олардың қазақ тілі мен соттылығы белгілері бойынша Қазақстан Президенттігіне кандидаттарды ұсынуға шектеулерді қайта қарау қажеттілігі туралы ұсынымына түсініктеме берді. «Президент мемлекеттік тілді білуге тиіс, өйткені ол елдің даму бағытын белгілейді, оның ішкі және сыртқы саясатын айқындайды, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі», деп атап көрсетті ол.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының басшысы Оуэн Мерфи «ОСК-ға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның әрбір есебін жан-жақты талқылап, егжей-тегжей талдағаны үшін» алғысын білдірді. «Мен сайлау динамикалық үдеріс екенін атап өткім келеді және сіздер айтқан барлық аспектіні ескеруіміз керек. Жалпы, Қазақстанда жүзеге асырылған реформалар елеулі. ОСК мен жалпы жұртшылық арасында сайлау мәселелері бойынша көпір қызметін атқаратын сарапшылық кеңесті ұйымдастыру және оның қызметі жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының бастамасын құптаймын. Бұрын басталған реформаларды іске асыруда табыс тілеп, болашақта да осындай мықты және жемісті ынтымақтастыққа үміт білдіремін», деп атап өтті Оуэн Мерфи.
Өз кезегінде Нұрлан Әбдіров тұрақты диалогке және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-мен белсенді, жемісті өзара іс-қимылға дайындығын білдірді. Ол сондай-ақ Миссия басшысына қазіргі уақытта ҚР ОСК электрондық, қашықтан, мерзімінен бұрын сияқты дауыс берудің баламалы нысандары мен әдістерін, басқа елдерде электрондық дауыс беруді енгізу тәжірибесін, осындай тәжірибенің артықшылықтары мен кемшіліктерін, мәселенің қаржылық жағын зерттеп жатқанын хабарлады. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілдеріне атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, сондай-ақ Қазақстан тарапы өткен сайлау науқандарына қатысты миссиялардың қорытынды есептерінің барлық ұсынымы бойынша жұмыстарды жалғастыратынын және ашықтық пен сындарлы ынтымақтастық қағидаттарында диалогті жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қазақстандық ғалымдар – ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшелері кездесуден естелік ретінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының басшысы Оуэн Мерфиге жариялаған ғылыми еңбектерін табыстады.