Тау-тасы мен даласында сан ғасырлық тарихтың сыры тұнған Алматы облысында 1683 жылы болған әйгілі Қарадала шайқасының тарихи қойылымы көрсетілді. Іс-шара Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама қасіретінің 300 жылдығын еске алуға орай ұйымдастырылды.
«Қарадалада – қалың із,
Қарадалада – жанымыз.
Қарадалада киелі –
төгілген кіндік қанымыз», – деп белгілі қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин ой толғаған қасиетті Қарадала төсінде өткен, рухты елдің ерлігін паш еткен қойылымның ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
«Бұл қойылым – тарихи сананы оятуға соны серпін берді. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың ата қонысын найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған ерлігін паш етті. Өскелең ұрпақтың ел мен жер тарихын тануына тікелей ықпал еткен спектакльді сахналаған әртістерге алғысымыз шексіз», – дейді қоғам қайратркері Ызғарбек Бектұрсынов.
Қасиетті Қарадаланың орталық стадионында өткен бұл тарихи қойылымды тамашалауға алыс-жақыннан екі мыңнан астам көрермен жиылып, қас-дұшпанға қарсы шапқан баһадүр бабалардың ел мен жерін қорғаудағы батырлығы мен табандылығына тәнті болды, тарихи оқиғаларға қанықты.
«Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» ММ, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-сі мұрындық болған бұл іс-шара – «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» жобасының үшінші кезеңі саналады. Бірінші кезеңде ұлы даланың мәдени-тарихи құндылықтарын, ежелгі дәуірдегі археологиялық ескерткіштерді зерделеу мақсатында арнайы тарихи экспедиция ұйымдастырылса, екінші кезеңде халықаралық ғылыми конференция өткізілген.
Ал үшінші кезеңге арқау болған тарихи қойылымның сәтті шығуына Голливудқа әйгілі «Kazakh Union Action Team» каскадерлік тобы және Қазақстанның танымал кино-актерлары бар, ұзынырғасы 100-ге жуық адам атсалысты. Бір сағат көлемінде өткен қойылымнан көрермен тарихи тағылым алды. Бес түрлі көріністен құралған қойылым жоңғар шапқыншылығының кезеңдерін, шайқас барысын, сонымен қатар сол кездегі қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігін бейнеледі.
Сондай-ақ қонақтар назарына «Бауырсақ party», «Қолөнершілер қалашығы», «Құсбегі», «Итбегі», тағы басқа 6 түрлі алаңда шоу көріністер ұйымдастырылып, халықтық өнеріміздің мол мұралары ұсынылды.
Алматы облысы