Өнердің құнын білу қоғамның өзіне байланысты. «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз», деп Абай ана заманда күйінген, сол әлі келе жатыр. Бұл – ащы да болса шындық.
Мәселен, сіз отандық бір суретшінің үздік туындысы аукционға қойылып, түген миллион теңгеге өтіпті дегенді естідіңіз бе? Он жылдан астам өнер мен мәдениеттің айналасында жүрген біз естімеппіз. Сонда біздің ұлттық өнер жауһарларының жілігі татымай ма деген сауал көлденеңдейтінін несіне жасырайық? Шынында елімізде отандық әрі шетелдік үздік туындылар аукционы неге жоқ? Бұл ондай өреге жетпегенімізді білдіре ме? Мүмкін мың қаралық құндылықтарды бұлдап сататын аукционнан басқа өрелі жораны өзіміз қалыптастыруымыз керек шығар. Жаппай еуростандартты қайталап, көшіре бермей. Қазақ даласында ертеректе бұдан да зоры болған ғой?
Екі апта бұрын Пикассоның «Сағат таққан әйел» картинасы 139 млн долларына өткенде, біраз жұрт жағасын ұстады. Картинаның қымбат бағаға сатылғаны туралы жазбаларға әлеуметтік желілер арқылы пікір білдіргендердің көбі «мынаны соқыр тиынға да алмас едік» дегендей мағынада сөйледі. Расында да сурет бір қарағанда әлгіндей әсер қалдырары сөзсіз. Алайда мағынасы да әртарапты, түрлі ой салады.
Біздің көкейде бірден елімізде осындай құндылықтар аукционға қойылып, осылай бұлдана ма деген сұрақ туды. Қаншама туындылары шетелдік көрмелерде қымбат бағаға өткен суретші Алпысбай Қазығұлов әлемдік пандемиядан кейін шығармашылық өнімдердің саудасы баяулағанын айтады. Ол: «Халық өз басымен қайғы болып кеткенде қайдағы өнер? Одан кейін де әлемде әртүрлі жағдайлар әсерін тигізбей жатқан жоқ. Бізде сурет, бейнелеу өнері саласында нарық қалыптаспады деуге болмайды. Сауда орталықтарында сатылатын өнер туындыларына қарағанда солай. Демек, халық қажетсінеді, картиналарға сұраныс бар, сатып алады. Әйтпесе арнайы бутиктерде самсаған суреттер тұрмас еді ғой. Көптеген суретші, тіпті барлығы десек болады, суреттерінің қаншаға өткенін айта бермеуі мүмкін. Әркім әртүрлі жолмен сатады. Соңғы кезде үздік туындыларды аукционға шығаратын тәжірибе жоқ. Кейде қайырымдылық аукциондары өтеді, алайда ол да сирек, анда-санда. Сондықтан әр қылқалам шебері салған дүниесін бұлдап өткізуі әзірге өзіне байланысты», дейді.
Бұл жерде суретші Алпысбай Қазығұловтың жекелеген туындыларын Лайма Вайкуле, Дидье Маруани, Жерар Депардье, Патрисия Каас, Бельгия князі Лоран сияқты атақты адамдар сатып алғанын қаперге сала кеткен артық емес.
Ал біздің елде отандық әрі шетелдік үздік туындылар аукционы неге жоқ? Бұл ондай өреге жетпегенімізді білдіре ме? Мүмкін мың қаралық құндылықтарды бұлдап сататын аукционнан басқа түрлерін қалыптастыруымыз керек шығар, жаппай еуростандартты қайталап көшіре бермей. Қазақ даласында ертеректе бұдан да зоры болған ғой? «Шақшам шақша-ақ еді, шақша да болса жақсы-ақ еді, Кер бұғының мүйізі – нақысы еді, Бір қысырақ істеген ақысы еді. Гауһар мен жақұттан салған көзі бар еді, Қолқасын келесі жылы аларсың деген сөзі бар еді» дегендей әңгімелерді «Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан жастай оқып өстік. Баяғыда әсемдеп шақша істеп бергені үшін байлар қысырақтың үйірін айдатқаны туралы оқиғаны Ақселеу Сейдімбектің аузынан анық естігенбіз. Күміс шақша соққан ұста мен байдың есімін, тұрған жерлеріне шейін айтқан, есте қалмапты. Бала кезімде өлкетанушы Файзолла Нұржанов ұстазымнан естігенім есімде:
«Құлын берсең сүтінен кете алмайды,
Тай берсең жерім алыс жете алмайды.
Құнан берсең жеріме жеткізер еді,
Тісеу құнан күзді күні ет алмайды.
Ердеке, не айдарға, не қайтарға,
Болғанда балаңнан байтал, сізден сәурік –
Үйірі «Ерден көктің» деп айтарға», деген Шөже ақынға Сандыбайдың Ердені көк алалы қысырақтың үйірін айдатқанын қазақ әлі ұмыта қойған жоқ. Ел аралап жүріп Ерденге амандаса кірген ақын шығып бара жатқанда мырза баласына «мына соқырға бір байтал жетектет» деп сыбырлағанын естіп қалғанда туған әңгіме – бұл.
Ерден көктің тұқымы жылқыдан зият жануарлар деседі жұрт. Мұнша байлықты Ерден мырза ақынның өнерін жоғары бағалағандықтан айдатқаны белгілі ғой, атақты ақын Шөжеге. Өнердің қадірін білетін өрелі жорамыздан неге жаңылып қара басқанымызды тарқатып айта берсек, әңгіме ұзай береді... Ұлт өзінің өрісті жолымен дамыса ғана кемелденеді.
«Қайбір жылдары, ертеректе, Әбілхан Қастеев атамыздың еңбектері аукционға қойылып, бір тундысы көп-көрім бағаға өткені туралы дерек есімде. Қателеспесем, 2016 жылдардың айналасында Англиядан біздің Ұлттық мұражайға керемет құнды суреттер мен жәдігерлер әкелініп қойылды. Арасында сатылатындары да бар еді. Бірен-саран болмаса, ешкім назар аударған жоқ. Жарнамасы да жөнді жасалмаған сияқты. Тіпті халық білді ме, жоқ па, ол жағынан хабарым жоқ. Ал сондай дүниелер дамыған өркениетті елдерде болса талап әкетер еді. Ағылшындар әкелген әлгі көрме Ұлттық мұражайда тұрды-тұрды да қайтты.
Елімізде сурет, бейнелеу өнерін жоғары бағалайтын өрелі мәдениет қалыптаса қоймағанын мойындауымыз керек. Жарнамасы жасала бермейді. Жарнамасын айтамыз, бейнелеу, кескіндеме өнерінде белгіленген бағыт, жүйе жоқ қой. Еліміздің «Мәдениет туралы» заңында бір ауыз сөз жоқ екен, қарап шықтым. Күнделікті жұмыс пен ай сайынғы несиенің арасында басы қатып жүрген елдің көрмеге келетін мұршасы бар ма әрі-беріден соң? Сіз аукционды айтасыз...», дейді белгілі суретші, кескіндемеші Жеңіс Кәкенұлы.
Суретші Алпысбай Қазығұлов «адамдар картинаны сатып алмайды, ондағы энергияны сатып алады» депті бір сөзінде. Ал Паблоның бәлен миллион долларға сатылған мына дүниесінде қайдағы қуат-көзі деуге қақылысыз. Олай емес қой, бірақ. 1932 жылы салынып, бәлен жыл тұрып, ақырында қымбатқа бағаланған мұнда не гәп бар деп көз тоқтатып ойланасыз. Адамның ішкі қуатын оятушының бірі ой емес пе? Өнердегі, тіпті өмірдегі энергия сол ойдан басталуы бек мүмкін. Танымал қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлы «Пикассоның картиналарының дені көріп, айтып беру үшін емес, сезіну үшін жазылған. Ал сезгеніңді айтып берудің керегі жоқ-ау. Бейнелеу өнеріне жоғары көзқарас қалыптасқан елдер картиналарға мүлде басқа өлшемдермен қарайды. Сондықтан автордың кей туындысы белгілі бір ой, мағына бермеуі де мүмкін. Оған таңғалатын ештеңе жоқ. Америкалық қалталыларды ұшындырып тұрған – суретшінің даңқы мен дақпырты. «Ата даңқымен қыз өтеді» дегендей, қазір Пикассоның қолының ұшы тиіп кеткен шимайының өзін аукционға шығарса, бәлен долларға өте береді», дейді.
Картинаға бір қарағанда біздің көзге бірден Өтежан Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазында» жырланатын басқарма әйелдерінің образы елестеді. Соның бірі «Орамал» атты баллада былай болатын:
«Жалғанның да болады ғой орайы,
Шошқаның да болады ғой торайы,
Торайды да, орайды да білмейді
Басқарманың келіншегі Дарайы.
Жылтыраған нәрсе көрсе халықта,
Қатты ұқсайды жем жемеген балыққа:
Жырымшылап, алдап-сулап бопсалап,
Базына ғып қояды ылғи алып та.
Біздің үйде жайып тұрған қанатын
Бір керемет құс орамал болатын.
Біздің үйге келгендердің көздері
Жылжып барып орамалға қонатын.
Дамбал бермек болды маған Дарайы,
Көйлек бермек болды маған Дарайы.
Қасарысып көнбей қойды жетім ит –
Келмей қойды, келмей қойды орайы», дейді. Ақын бұл жерде «жетім ит» деп өзін айтқаны. Жалғыз ұлы соғысқа аттанған жетім кемпірдің қолында қалған бес-алты жасар ғана жетім бала – өзі. Анау Дарайыңыз ауыл басқармасының әйелі. Арасында «бір ауылдың Құдайы ғой ерім» деп күпінетіні және әлгі орамалды кемпірден сұрап жүргені туралы шумақтар бар. Алайда біз баллада ұзақтау болған соң ықшамдап алып отырмыз.
«Айтпаған сөз, атпаған оқ қалмады,
Ақыры ол да орамалды жалмады.
«Ауру шешең құмға түсе барғанда
Қозы сойып берейін» деп алдады».
Әкесі соғысқа кеткен, кәрі әжесі мен ауру шешесіне қарап қалған көңілі бос жетім көйлек-көншекке қарамаса да, ауру шешесінің емі дегенде «сылқ ете» түсері анық қой... Е-е, жалған-ай деп бір күрсініп қоясыз өлеңді түсінсеңіз. Әрі қарай ақын бес жасар жетім баланың көзімен басқарманың, қазіргіше әкімнің әйеліне бүйдейді:
«Байың да бар... бауырыңда бала бар,
Бәрі болды – көптен күткен жорамал.
Болмай тұрған жалғыз нәрсе – сұлулық –
Біздің үйге жараспайтын орамал...»
Мына жер тіптен сұмдық түсінгенге. Шалы жоқ жетім кемпір. Жалғыз ұлы соғысқа кеткен, немере тағы жетім. Келін жесір ғана емес, оның үстіне науқас. Кіл жетім мен жесірдің үйінде жарқыраған жалғыз нәрсе – келген адамның көзі түсетін жібектей орамал. Қасіретті көрмейсіз бе? Соны болмай алдырғаны – ақыры күйрегелі тұрған шаңырақ екен, орамал не теңі дегені емес пе?..
«...Алып кеттің сол нәрсені ұялмай,
Апам қалды – ол да қыз ғой – қия алмай –
Бір кездегі бақыт сыйған отауға
Алақандай ақ шүберек сыя алмай...
Қазір айтсам бұл жағдайды қиялап,
Сол келіншек – қазір кемпір – ұялад...
Жалғыз шаршы орамал боп көңілде
Желбіреп тұр құйттай ғана қиянат...» деп аяқталады.
Балладаны толық оқыған жан егер жүрегі болса, басын шайқаумен болады. Ақылға сыймайтын халді жүрек кешіреріне осындайда көз жетеді. Өтежанның балладасындағы орамалдай Пикассоның әлгі суретіндегі жалғыз ғажап, бәлкім азап – алтын сағат. Ол және бар дүниені соған артып, сағатты ерекше белгілеп тұрғанын көреміз. Ал анау отырған әйелдің Өтежанның Дарайысынан несі кем, несі артық? Сағат тағылған білек емес, сүйкімсіз жалпақ табан ба деп қаласыз. Оған біткен саусақтар емес, бақай, башпайлар секілді. Және әйелдің әрбір мүшесін жеке сурет ретінде қарастыруға болатыны. Соған қарағанда шын мәніндегі сағат кеудеңізде соққан жүрек қана дегісі келеді автор. Ойландырады. Демек, кейіпкердің Құдаймен, Тәңірінің өлшеп берген өмірімен (ол да уақыт, сағат), ондағы басты нәрселер – сана мен рухпен жұмысы болмағанға ұқсайды. Бар гәп – сағатта дедік және ол алтын әрі жұмыр басты пенденің қолында. Сол алтын сағатқа (дүниеуи байлыққа) ғана алданып, ақша қуып уақытын (өмірін) зая кетіріп алды ма, жоқ өз сұлулығына сұқтанып, қара басын қызықтап жүріп уақытын өткізіп алды ма? Бір қарағанда бикеш өмір бойы айнаға қарап өткен адам сияқты елестейді. Сондай-ақ суретті қалай аунатып қарасаң да дөңгеленіп, белгілі бір зат ретінде көріне кетеді. Дүниемен тұйықталған деген ойға шегелейді. Суретке ұзақ қараса бикештің бас-аяғы, бар тұлғасы қоршауда, алды-артының бәрі рамкада. Жирендіре отыра үлгі алуға шақырмай ма?
Білетіндер бұл суреттің кейіпкері – Пабло Пикассоның сүйіктілерінің бірі, «алтын музасы» ретінде танылған француз моделі Мари-Терез Уолтер дейді. Муза мұндай бола ма, бірақ? Әрине болады. Бір кездегі періштедей балдырған санасы мен рухын шыңдамай уақытын өткізіп алса, адам қасиеттен де қалады. «Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?» (Абай). Уақыттың қадірін білмеу – өмірдің мәнін, Алла кеудеңе қондыратын жанның құдіретін түйсінбеу деген сөз. Адамдыққа, ізгілікке ұмтылмаудың соңы неге соғатынын айтады. Ол да Жаратқанның жазасы. Бұл туралы бір керемет тәмсіл де бар. Ертеректе бір суретші болуы керек, қателеспесек, періштенің суретін салуды ойлап, ақырында іздей-іздей көшеде ойнап жүрген жаннан асқан сүйкімді баланы тауып әкеліп, соның суретін салады. Туынды керемет шығады. Елді сендіреді. Енді осыған қарама-қарсы құбыжықтың кейіпкерін іздей бастайды. Арада көп жыл өтсе де кездеспей-ақ қояды бір жағымсыз бейне. Қаншама жыл өте бір күні кафеден елдің бәрін баса-көктеген албастыға көзі түседі. Асқан бір анайы, ожар. Тұла бойында адамсүйер бір қылығы жоқ әлгі барға кіре айналасын қағып-соғып, жирендіргені былай тұрсын, төрге орналасып араққа бас қояды. Елдің бәрі түрпідей жиырылып, жирене қарайды. Суретші әлгінің тамырын басып, тілін тауып, шеберханасына әкеліп, суретін сала бастап орталағанда, албасты-адам суретшінің кезінде салған «Періштесіне» қарап отырып, еңкілдеп жылайды. Алдап-сулап солығын зорға басады қылқалам иесі. Сөйтсе, адамдықтан кеткен әлгі «сен мені танымадың ба?» деп таңғалады. Әрине «жоқ» дейді суретші. «Мынау қабырғада ілулі тұрған бала күнімдегі мен едім ғой, сен жетелеп әкеліп суретімді салып алып қалғаның қалай есіңде жоқ?» депті. Міне, ізгілікке ұмтылмаған уақыт пен өмірдің бағасы. Құбыжыққа айналып кетпес үшін де мұндай суретке күнде бір көз суарып отыру артық емес. Сұлулыққа іңкәр болып, жамандыққа жирене қараған сайын адам рухы шыңдала түспей ме?
Жанры, орындалуы басқа болуы кәдік, бірақ дәл осы тақілеттес әсерлерге, сезімдерге жетелейтін Сальвадор Далидің «Естің тұрақтылығы» немесе «Жұмсақ сағаттар» аталатын суреті бар. Әлем бойынша аса танымал суретшінің атақты картинасы. Бұл туралы біз айтудан аулақпыз, бұл туралы Таласбек Әсемқұлов Асқар Сүлейменов туралы баянында ежіктеп жеткізеді. Оқиға Төлеген Тоқбергеновтің бөлмесінде студенттермен пікірталас ретінде өрбіген:
«Сальвадор Далидің «Мінсіздіктен қорықпаңыз. Сіз оған жете алмайсыз. Оның үстіне мінсіздікте сіз қызығатындай ештеңе жоқ» деген сөзі бар ғой.
Сол жылдары Төлеген аға, аса қымбат ақшаға Сальвадор Далидің альбомын сатып алған. Сұрақ қойған қыз альбомның бір бетін ашып, Асқар ағамызға ұсынған.
– Сіздің сурет сыншысы екеніңізді де білеміз. Мына суреттің мағынасын түсінбедік.
Суретте әр жерде ілінген сағаттар бейнеленген. Сағаттардан… су сорғалап, кептіруге қойған шүберектер сияқты салақтап тұр. Асекең суретке бір қарады да, қайырып берді.
– Бұл өлген адамдардың бейнесі.
Отырғандар ду күлді.
– Қалай?
– Егер Сальвадор Далидің өзі осындай эксцентрик болмаса, мен де дұрыс пікір айтар едім. Бірақ Далидың шығармаларына түзу пікір айту мүмкін емес. Үнемі қисық сөйлеп отыру керек.
– Мен мына суреттен ешқандай адамды көріп тұрған жоқпын, – деді отырған балалардың бірі. – Тек суы сорғалаған сағаттар.
– Ол сорғалаған су емес – уақыт, – деді Асекең кезекті шылымын тұтатып жатып. – Тірі жәндіктердің ішінде адам ғана уақытты сезіне алады деседі. Адам ғана өмірдің өтіп бара жатқанына қайғыра алады деседі. Дали, өмірі таусылған адамды осылай бейнелеген. Онда не тұр? Пикассо да адамның небір схемаларын жасаған ғой.
Асекең орнынан тұрып, сәл ойланып барып тіл қатқан.
– Абай аталарыңда «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма», «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген жолдар бар…»
Бұл жерде ғұлама Сүлейменов Далидің ғана емес, Паблоның жұмбағының кілтін де ұсынған сыңайлы. Осыған жоғарыдағы Жеңіс Кәкенұлының пікірін қосақтасаңыз, Пикассоның тереңіне үңілу қиынға соқпайды. Адам сол арқылы өз жанына жол ашады. Өзіне өзі үңіліп, сын көзбен қараудан бастап талғам өсері, сана саңылауы ашылып, түйсік көзі ашыларын ғұламалар айтып кеткен, айтып та келеді. Әйтеуір немқұрайды болмауға үйретеді ұлылардың картиналары.
P.S. Өкінішке қарай, біздерде өнер жәдігерліктері мен шығармалары сатылатын аукцион жоқ, біз оған барар едік. Қымбат туындыны сатып алмасақ та, көзқарас түзу үшін, пікір қалыптастыру үшін. Әлде біздің өнер мен мәдениетіміз аукционға шығаруға лайық емес пе?