Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионаты аяқталды. Төрт күн бойы жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген байрақты бәсекеде Аустрия, Болгария, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея, Грекия, Италия, Испания, Сербия, Израиль, Мысыр, АҚШ, Қырғызстан, Жапония, Қазақстан спортшылары бақ сынады. Ал Ресей мен Беларусь халықаралық федерацияның туы астында өнер көрсетті. Барлығы – 17 мемлекет.
Эстетикалық топтық гимнастиканың отаны – Финляндия. Суоми елінің майталмандары ұзақ жылдар бойы әдемілік пен әсемдікке негізделген осы спорт түрін кеңінен насихаттап, ақыры оны үлкен деңгейге көтерді. Алғашқы әлем чемпионаты 2000 жылы Хельсинкиде ұйымдастырылса, кейіннен аталған жарыстың жалауы Еуропа мен Америка құрлықтарындағы бірнеше мемлекетте желбіреді. Бұл бәсекелер әр жыл сайын үздіксіз өтіп тұрады. Штаб-пәтері Финляндияның бас шаһарында орналасқан аталған халықаралық ұйымға қазіргі кезде 47 елдің ұлттық федерациялары мүше.
Алатау баурайында өткен жарыстың алғашқы екі күнінде «Алматы кубогі» мен «Төрт құрлық біріншілігінің» жүлделері сарапқа салынды. Бақ сынаушылар қатарында 8 жастағы бүлдіршіндерден бастап тәжірибесі толысқан сақа спортшыларға дейін болды. Бірнеше жас ерекшеліктері мен түрлі жаттығулар бойынша ұйымдастырылған дүбірлі додада ресейлік «Бриол» мен «Эвита Прима», беларусьтік «Сильфида Микс», оңтүстіккореялық «SJ Tiger» және қазақстандық «Жұлдыз Орион», «Фиеста», «Блоссум», «Ассол» клубтары бас жүлдені олжалады.
– Күні бүгінге дейін Азияда бірде-бір рет әлем чемпионаты өткен емес. Қазақстан сары құрлықта бірінші болып осындай деңгейі жоғары, мәртебесі биік дүбірлі доданы қабылдап отыр. Сөз орайы келгенде, бізге зор сенім артқан Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясының басшыларына ризашылығымызды білдіреміз. Аталған ұйымның президенті Лилия Морозова Алматыға арнайы келіп, жарысты басынан аяғына дейін тапжылмай тамашалады. Әрине, осындай зор сенімнің бізге бекерден бекер артылып отырмағаны анық. Қазақстанда бұл өнерді дамытып жатқанымызға аса көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те айналдырған бес-алты жыл аралығында жерлестеріміз халықаралық аренада ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі таңда шәкірттеріміз Азиядағы үздік командалар санатында. Әлемдік деңгейдегі додадалардан да ара-тұра олжалы оралып жүрміз. Қазіргі кезде республикамыздың 9 өңірінде федерациялар жұмыс істеп жатыр. Олардың 12 филиалы бар. Бір сөзбен айтсақ, елімізде спорттың бұл түріне деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді, – дейді Қазақстанның Эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанова.
Кейінгі күндері жастар мен ересектер арасында екі бірдей ірі жарыс өтті. Алғашында «Төрт құрлық біріншілігі – Трофи» турнирінің тұсауы кесілді. Жастар арасындағы сайыста Болгарияның «Академигі» алдына жан салмаса, Ресейдің «Рубині» мен Қазақстанның «Ұмайы» екінші және үшінші орындарды иеленді. Ересектердің бәсекесінде отандық «Кербез-Приманың» бұрымдылары алтыннан алқа тақса, «Эфект» күміспен күптелді. Ресейден келген «Блеск» клубына қола медаль бұйырды.
Жастардың әлем біріншілігінде іріктеу сынынан іркілмей өткен 12 команда өнер көрсетті. Бұл сайыста алғашқы екі орынды Ресейдің «Викториясы» мен «Мадонна Жуниоры» жеңіп алса, Болгарияның «National Team» мен Астананың «Самұрығы» қола медальді еншіледі. Ересектер жарысы шиеленіске толы болды. Дуалы ауыз мамандардың өздері ең соңғы сәтке дейін кімнің озатынын дөп басып айтуға жүрексінді. Жергілікті жанкүйерлер еліміздің ең үздік командалары – «Фридом» мен «Санрайзға» айрықша сенім артты. Бірақ Мәдина Мұталиева мен Жанет Жабоева жаттықтыратын ұжымдарға жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады. Бұл олардың осалдығынан емес. Негізі жерлестеріміз өте жақсы өнер көрсетті. Оны мамандар да, басқалар да мойындады. Бірақ қарсыластарымыз бізден де мықты болды. Мәселен, бас жүлдені олжалаған ресейлік «Экспрессия» 2016 жылы әлем чемпионы атанып, сол жарыста тағы 2 күміс пен 3 қоланы еншіледі. Күміс медальді иеленген Болгарияның «National Team» клубы – былтырғы әлем чемпионатының жеңімпазы. Одан бөлек, Софиядан келген сұлулардың қоржынында жаһандық доданың 5 күмісі мен 4 қоласы бар. Үшінші орынға табан тіреген Мәскеудің «Мадоннасы» дүниежүзілік чемпионаттарда
6 мәрте теңдессіз деп танылып, тағы төрт рет жүлдегерлер санатына қосылды. Міне, осындай атақты клубтар отандастарымыздың алдын орап кетті. Тағы бір қола медаль Болгарияның екінші құрамасына бұйырды. Ал жалпы командалық есепте еліміздің жас гимнасшылары екінші орын алса, ересектер үшінші сатыға тұрақтады.